ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫМЕН 1300-ДЕН АСТАМ БАЛА ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Бүгін Түркістанда 300 оқушыға мектепке қажетті құралдар берілді. Дәлірек айтқанда, мектеп формасы, спорттық және қыстық киім, оқуға қажетті жабдықтарды үлестіру Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Базарбай Мұсабековтің демеушілігімен жүзеге асырылды.

Жалпы бүгінгі күнге дейін «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен 8 млн. теңге көлемінде 531 бала оқуға қажетті құралдармен қамтылған. Оның ішінде, қала әкімдігі 200 балаға, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы тарапынан 100 балаға мектеп формасы, оқу жабдықтары табысталды.

– Жыл сайынғы дәстүрлі акцияға «Харекет» қайырымдылық қорының мүшелері де үлес қосып, 200-ден астам балаға спорттық киім берілді. Бала болашағына бей-жай қарамай, материалдық көмектерін ұсынып отырған әр азаматқа ризашылығымды білдіргім келеді. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасатынын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаятыны анық, – деді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.

Негізінен, мектеп түлектері, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қолдау білдіріп, балаларға қуаныш сыйлауда. Облыс орталығындағы барлық 32 білім ұясында республикалық қайырымдық шарасы кезең-кезеңімен өз жалғасын тауып жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі