ТҮЛЕКТЕР БАС ҚОСТЫ

Бүгін Жайылма ауылында осыдан 30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің кездесу шарасы өтті.
30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер алтын бесік ауылында бас қосып, алтын ұя мектебімен қауышты.
Бұл Жайылма ауылындағы қасиетті қара шаңырақ – мектептен талай түлектер ұшып шығып, қияға қанат қаққан.
Ауылдықтар осы мектептің түлектері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, көрнекті жазушылар Пернебай Дүйсенбин, Қали Сәрсенбай, Болатбек Төлепберген, генерал Болат Сембин, жезтаңдай әншілер Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева сияқты көптеген Республикамызға танымал тұлғалармен мақтанады.
Аталған шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов қатысып, мерейтой иелерін құттықтады.
Осындай үлкен, тәрбиелік мәні зор бастамаларға бастамашыл болған және ат салысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Бүгінгі түлектердің бас қосу бағдарламасы да ауқымды болды. Түлектер «Ысқақ пірәдар» мешітінде ас беріп, өз қаражаттарымен Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған ескерткішті жаңартып берді.
Осыдан 30 жыл бұрын осы ауылдың мектебінен түлеп ұшқан Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева ауылдық мәдениет үйінде концерттік бағдарламасын ұсынды.
Мерекелік концерттік бағдарламаға қатысқан Сәкен Үмбетұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаеваға құттықтау хат табыс етіп, сый-сыяпат көрсетті.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі