Төлеутай Рахымбеков ауылдағы негізгі проблемаларды атады

Бүгін «Ауыл» ХДПП Саяси кеңесі Президиумы мен Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқармасының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков жиында ауылдағы негізгі проблемаларды атап өтті.

Ауылда халқымыздың шамамен 40%-ы тұрады. Бүгінгі күні ауыл тұрғыдарының өмір сүру сапасы сын көтермейді. Оны айта кету керек. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің орташа жалақысы бүкіл сала арасындағы ел экономикасының ең төменгі көрсеткіші. Ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы қала тұрғындарының көрсеткішінен екі есе төмен, – деді ол.
Төлеутай Рахымбеков атап өткендей, ауыл тұрғындары арасындағы жұмыссыздық деңгейі мемлекеттік органдардың ресми деректерінен едәуір асып түседі.

Білім беру және мектепке дейінгі тәрбие, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мекемелерінің жағдайы көбіне мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейді. Олардың көрсететін қызметтер сапасы да көңілге қонбайды. Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жиі көтереміз. Ауылдардың жартысы ғана орталықтың суымен қамтамасыз етілген, – дейді партия төрағасының орынбасары.
Рахымбеков ауылдарды сапалы интернет қосу мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын атап өтті.

«Ауыл» партиясы отырыста «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамалары» жобасына ұсыныстар әзірлеу туралы мәселені талқылап жатыр.

BAQ.KZ