Тұрмыс табыспен түзеледі

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру арқылы тұрғындарды қосымша табыс табуға ынталандыру, кәсіппен айналысуға тарту.

Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің бастамасымен қанатқақты жоба қолға алынған болатын. Нәтижесінде халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіші артып, табыс көлемі өсті. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында 2019 жылы ауданда Үшарал ауылы таңдалған болатын. Жобаға қатысуға өтініш білдірген азаматтар қазір айналдырған кәсіптерінің жемісін көруде. Осылайша өңірден бастау алған жоба, тиімділігін дәлелдеп, өзге аймақтарға үлгі болып отыр.

«Ауыл аманаты» жобасына қалай қатысуға болады, қандай санаттарды қамтиды, пайыздық мөлшерлемесі қанша осы және өзге сауалдарға қатысты түсіндіру жұмыстары бойынша “Amanat” партиясының мобильді топ мүшелері ақпараттық марафонға жолға шыққан болатын.

Кеше арнайы мамандардан құралған топ Ойық ауылына келіп, Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов, “Аmanat” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Қартабаев және ауылдық округі әкімдері қатысты. Ақпараттық топ мүшелері аймақтағы жұмыс сапарын шалғай орналасқан округтен бастауы текке емес. Өйткені, жобаға бекітілген ауылдардың қатарында аталған округте енген.

«Ауыл аманаты» жобасы – 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыруды көздейді. Жоба келесі жылдан басталады. Жалпы, жоба үй іргесіндегі жерді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жерлерді игеру, ауыл шаруашылық техникаларымен қамту және кәсіпкерлікті кеңейту сынды бес бағытты қамтиды. 7 жыл 6 айға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие беріледі. Арасында 1,5 жыл демалысы бар. Қаражат алу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлік қойылады. Онымен тәуелсіз бағалаушылар айналысады. Ол үшін алдымен округтен ауыл шаруашылық кооперативін ашу қажет. Жеке тұрғындар сол арқылы байланыста болып, тиісті жеңілдіктерді пайдалануына болады. Бұл туралы ақпараттық топ мүшесі Нұрлан Дулатов айтып берді.

Сонымен қатар кездесуде ақпараттық топ мүшелері Ұланбек Нұрманов, Жандос Әзімбай, Айман Ақынбекова, Гүлмира Бағжаева жобаның шарттарымен таныстырды. Жобаға қатысу үшін алдымен кепілге қоятын мүліктің құжаттарын реттеп, бизнес жоспарды әзірлеу қажет. Жиын барысында бұл туралы да ескертілді.

Одан бөлек Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру жобасы бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, тиімділігін алға тартты. Жиын соңында көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берілді.

Мұнан соң мобильді топ мүшелері Ақкөл ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс-тілектерді назарға алды.

Талас аудан әкімдігі