ТҮРКІСТАНДЫҚ «SHARDARA ARM» СПОРТ КЛУБЫ ӘЛЕМДЕ КӨШ БАСЫНДА КЕЛЕДІ

Әлемдегі ең алып армспорт клубы Түркістан облысы Шардара ауданында орналасқан. Мұндай ауқымды спорттық клубты бұрын соңды ешбір елден көрген емеспін. Бұл туралы жақында ғана осы өңірге арнасы іс-сапармен болған Армрестлингтен кәсіпқойлар арасында әлемдік федерация президенті Игорь Мазуренко өзінің жеке «YOUTUBE» арнасында жариялады.

 
Ол бейнежазбада аталған спорт мектебімен танысып, деректі фильм түсіру үшін арнайы Шардара ауданына барғанын айтқан. Сондай-ақ, спортклубта жаттығып жүрген жас спортшылардың еңбекқорлығына тәнті болғанын және олардың жеткен жетістіктерін ерекше атап өткен. Осындай ұлы істің негізін қалаушы, спорт шебері, ұстаз Арман Романұлы Қарсыбаевқа ерекше алғысын білдірді.
Бүгінде 5 гектар аумақты алып жатқан «Shardara Arm» кешенінде 1200-ден астам шәкірт спорттың бірнеше түрінен ақысыз түрде шұғылдануда. Мұнда атлеттердің емін-еркін спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, «Shardara Arm» армрестлинг спорт клубы 2001 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда 35 жаттықтырушы 700 баланы аталған спорт түріне баулып келеді. Бүгінге дейін спорт мектебінен 1800-ден астам спортшы түрлі деңгейдегі жүлделердің иесі атанған. Оның ішінде 48-і Әлем чемпионы, 39-ы Әлем чемпионатының жүлдегері, 26-сы Әлем кубыгының иегері, 144-і Азия чемпионы, 154 спортшы Азия чемпионатының жүлдегерлері.
Аталған спорт клубына мемлекет тарапынан да ерекше қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, спортшылардың шетелге іс-сапарлары, жарысқа қатысуы, жол, қонақүй шығындарына Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен аудандық спорт бөлімі қаржылай қолдау көрсетіліп келеді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялық қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған