ТҮРКІСТАН: «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2022» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 8-ші рет өткізіліп отырған облыстық «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Шаңырақтың береке-бірлігін насихаттаған мерейлі шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев жеңімпаздарды арнайы құттықтап, байқауда белсенділік танытқан барлық отбасыға алғысын білдірді.

– Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзді текке айтпаған. Отбасы қай заманда болсын мықты мемлекеттің негізі болып саналады. Биыл ұлттық байқауға қатысу үшін Түркістан облысынан 116 отбасы өтініш білдірді. Облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 26 отбасы жеңімпаз атанды. Арнайы комиссияның шешімімен отбасылар анықталып, жүлделер мен сыйлықтар беріледі. Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу және әр ауданнан келген түрлі салада жүрген отбасыларды жас буынға үлгі ретінде көрсету, – деді Аңсар Жаңабайұлы.

Әділқазылардың шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесін 4 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, 31 немере, 25 шөбере өсірген Түркістан қаласының Құлбайымбетовтер отбасы иеленді. Әулеттің тірегі 81 жастағы зейнеткер Жарқынбек Құлбайымбетов 40 жыл мұғалім қызметін атқарған. ІІ орынды 7 ұл, 1 қыз дүниеге әкеліп, 33 немере өсірген Төлеби ауданынан Әжібаевтар отбасы лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды 8 ұл-қыз өсіріп, этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңіріп жүрген Сайрам ауданының тұрғындары Ильхамжановтар отбасы иеленді.

Шара барысында басқарма басшысы жеңімпаз және жүлдегер отбасыларды Алғыс хаттар және сертификаттармен марапаттады. Сондай-ақ байқауда бақ сынаған 23 отбасыға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі