Суретшілер симпозиумы мәресіне жетті

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінің Көркемсурет галереясында бірнеше күнге созылған Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Ұлы дала өркениеті» атты II Халықаралық суретшілер симпозиумының жабылу салтанаты өтті.

Оған Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия, Латвия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғыз мемлекеттерінің және Қазақстанның танымал суретшілері мен өнер майталмандары қатысты.

Симпозиумның мақсаты – бейнелеу өнері арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени және рухани байланыстарды нығайту, суретшілердің өзара шығармашылық тәжірибелерімен алмасу мүмкіндігін және студент жастардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпал ету.

Іс-шарада жоғарыда аталған институттың бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандар кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық Суретшілер одағының төрағасы Айдархан Сихаев көрмеге қойылған суреттерге жеке- жеке тоқталды.

Алдымен сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева симпозиумның жоғарғы дәрежеде өткенін ерекше атап өтті.

– Екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының жауһары атанған Тараз қаласындағы бүгінгі өткізіліп отырған іс-шарадан керемет әсер алдым. Әсіресе суретшілердің салған «Соңғы сәуле», «Шығыс базары» аталатын туындылар менің көңілімнен шықты, – деген Сара Қабылбекқызы ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар басқарма атынан Айдархан Әшімханұлын Алғысхатпен марапаттады.

Өз кезегінде институт ректоры Марат Баяндин білімгерлердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұдайы ұйымдасырылып отыратынын айтып, шараға қатысқан қатысушыларға Алғысхаттар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табыстады.

Тараз қаласы