Су секторын дамыту бойынша халықаралық әріптестік
Бүгін Астанада Қазақстанның су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараны БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысты. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның су ресурстарын басқарудағы әріптестікті, сондай-ақ стратегиялық әріптестікті және еліміздің су секторындағы басым бағыттарды талқылады. Үйлестіру кеңесі өкілдерінің баяндамаларынан кейін ашық микрофон форматында талқылау өтті. Спикерлер қолданыстағы су бастамалары жайлы айтып, жоспарланған жобаларды талқылады және үйлестіру кеңесінің жұмысы бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
Сондай-ақ, отырыста БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасының тұсаукесері өтті. Құжат бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды қарастырады. Бұл су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы.
-«Үйлестіру кеңесі Қазақстанның су секторындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Кеңес халықаралық серіктестермен білім мен тәжірибе алмасуда шешуші рөл атқарады. Бірлескен зерттеу, технология мен инновациялар сумен жабдықтау деңгейін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыра алады. Үйлестіру кеңесі мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестікті қалыптастырудың маңызды тұғырнамасы болады. Оны құру іске асыру үшін басым бағыттар мен ресурстарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Біз серіктестерімізді ротациялық негізде кеңесте бірлесіп төрағалық етуге шақырамыз. Биыл біз осы рөлді БҰҰ Даму бағдарламасына ұсынамыз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
-«Су мәселесінің күн тәртібі күрделілігін ескере отырып, ешбір ұйым немесе үкімет жалғыз шеше алмайтыны анық. Сондықтан бұл мәселелерді шешу ресурстарды, инвестицияларды, техникалық сараптама мен инновацияларды біріктіруді талап етеді. Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған серіктестік бастамасы осы үдерісте маңызды қозғаушы күш болады деп сенемін», — деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Үйлестіру кеңесінің отырысында БҰҰДБ министрлікпен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы таныстырылды. Құжат ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы негізінде әзірленді және бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды көздейді. Атап айтқанда, су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелері қарастырылған.
Жиналыс барысында тағы бір маңызды жаңалық- Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және басқа да халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылымдардың өкілдері кіреді.
-«Үйлестіру кеңесін құру — Қазақстанның су секторы үшін маңызды қадам. Кеңес министрліктің, халықаралық ұйымдардың және донорлық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіре отырып, елдегі ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылық пен экономикалық дамуды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Үйлестіру кеңесі ресурстарды жұмылдыруға, басқаруды нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге және су ресурстарын басқаруда тұрақты тәжірибелерді ілгерілетуге ықпал ететін болады. Ұжымдық күш–жігер күн сайын өзектілігі артып жатқан климаттық сын-қатерлерді шешуде және Қазақстан мен жалпы Орталық Азия үшін тұрақты болашақты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Ескерту: Бұл материял Су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан ақпараттар негізінде дайындалды.
Ерқазы Сейтқали