Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану басты назарда

Теңізден ең шалғайда орналасқан ең үлкен ішкі құрлықтық мемлекет саналатын Қазақстан салыстырмалы түрде суы тапшы мемлекеттердің қатарына жатады. Олай дейтініміз Қазақстанның жер үсті суларының ресурсы сулылығы бойынша орташа көлемі 100,5 км3; соның ішінде не бары 56,5 км3-і ғана республика аумағында қалыптасқан, қалған көлемі көршілес мемлекеттреден ағып келетін өзен суларына құралады. Өкінішке қарай сырттан ағып келетін өзен суларының көлемінде жыл сайын өзгерістер туылып отыр. Яғни өзеннің жоғарғы ағарында отырған елдер, су қорларын халықаралық келісімдерде көрсетілген нормалар бойынша пайдалану мәселесінде әртүрлі позициялар танытып келеді. Бұл аса ауқымды шаруа. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

Арнайы минситрлік құрылғаннан кейін Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін жаңадан 20 су қоймасын салу, суды тиімді пайдалану міндетін жүктеді. Бұл суды жинау, қажетті кезінде тарату мәселесін шешу үшін жасалған маңызды стратегиялық қадамның бірі еді. Ал биыл көктемдегі қарғын судың әлегі тұас елді әбігерге салып, аталмыш министрліктің қызметінің жүктемесін онан ары ауырлата түсті. Дегенмен шұғыл шешімдер мен тиянақты жоспарлардың арқасында биылғы жаз жемісті еңбектің маусымы болды десек қателеспейміз. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан кейін 2 маңызды құжат: Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді қолға алды.

Үкімет бекіткен Тұжырымдама аясында министрлік 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын жаңа 42 су қоймасын салуды, 1,9 текше шақырым су сақтайтын 30 су қоймасы мен 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Осы арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуға, ал, суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға ниетті. Тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу және су шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту мәселелерін жедел шешу үшін Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда 100-ден астам жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Қыркүйектің басында мәжілісте өткен жиналыста істелі пжатқан жұмыстардан қысқаша баяндама жасаған  Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

-«Биыл елімізде су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 36,6 шақырымы аяқталды. Жыл басынан 32 гидротехникалық құрылыс мемлекет меншігіне қайтарылды. 118 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өтті.

Судың «қара» нарығымен күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті. Нәтижесінде, әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімі ашылды.

Министрлік көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізді. Осының нәтижесінде, биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді.

Биыл еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды, оның 12 млрд-тан астамы – тасқын су»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану жағындағы ауқымды жұмыстар жалғаса бермек.

Ерқазы Сейтқали