ШЫНШЫЛДЫҚ ЖАҚСЫЛЫҚҚА, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Шыншылдық – адамның ең әуелі өз ар-намысы мен иманы алдындағы шынайылығы. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Алладан (жазасынан сақтанып) қорқыңдар және шын сөзділермен бірге болыңдар[1]», — деген әмір бар.
Өтірік айтып ұятқа қалғанша, шындықты айтып қатеңді мойындаған дұрыс. Мұндай әрекет — адамдықтың белгісі. Халықтың «Шыншылдық жақсылыққа жетелейді» деген даналығынан, шыншыл адамның ары таза, жүзі жарқын болып, қуанышқа бөленіп, бақытқа кенелетінін түсінуге болады. Тіпті шындықты айтудың өзі адамға жақсылық жасауды білдіреді.
Шыншыл болу – иманнан. Жүректегіні білуші Алла пенденің дінде де дүниелік нәрседе де ниетінің шынайы не тура еместігін біледі. Шыншыл болған адам ғана тыныш өмір сүреді, әркімге жалтақтамай, түнгі ұйқысы бұзылмай, жүрегі тыныш болады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шыншыл болыңдар! Өйткенi шыншылдық болған жерде жақсылық болады. Ал шыншылдық пен жақсылықтың орны – жәннат (яғни, шыншылдық пен жақсылық жәннатты нәсiп етедi).
Жалғандықтан сақтаныңдар! Өйткенi жалғандық болған жерде азғындық болады. Ал жалғандық пен азғындықтың орны – тозақ.
Алла Тағаладан денсаулық тiлеңдер. Себебi пенде үшiн ақиқат иманнан кейiн денсаулықтан артық нәрсе жоқ. Бiр-бiрiңдi күндемеңдер, жек көрмеңдер, қарым-қатынастарыңды үзбеңдер және өзара жауласпаңдар. Уа, Алла Тағаланың құлдары! Бiр-бiрiңе бауыр болыңдар! [2]», — деген өсиеті адамның барлық ізгі амалы шыншыл сөзден бастау алатынын көрсетеді.
Пайғамбарымыз (оғани Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан-дүние тыныштығының кілті — шындық деп көрсетті. Өміріне өтірік араласқан адамның көңілі, пікір-ойы ардайым әуре-сарсаңда дал болып жүретіндігі күмәнсіз. Мұхтар Әуезов атамыз да: «Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт», — деуі арқылы шыншылдықтың жақтаушысын дәлелдейді. Ал, Бауыржан Момышұлы атамыз: «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», — деген қанатты сөздері кез-келген адамға ой салары анық. «Өтірікшінің шын сөзі де зая» деп дана халқымыз да бекер айтпаса керек.
Ендеше, қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды өтіріктің өртімен өртеп күл қылғанша, шындықтың туын желбіретіп, Алланың мадағына лайық өмір сүруді көбірек ойланайық.
Нұр-Мүбарак мешітінің наиб имамы
Жалғас Орынбасаров
[1] Тәубе сүресі, 119-аят
[2] Бұхари, Муслим