«ШОУ АЙТЫСҚА» ЖАНЫ ҚҰМАР АЗАНБАЙ

«Хабар» телеарнасында көрсетілген «Шоу айтыстан» кейін, ауылдағы Азанбайдың шабыты оянды. Тәлтіректеген үміті  еңсесін көтерді. Азанбай үшін: «Хабар» телеарнасы мен «Егемен Қазақстан» өмір сүрудің картасындай еді.  Оларда жасалған жарнамаға имандай  сенетін.  Не жарнамаланса да сатып алып пайдалануға асығатын. Маңайына да таратуға тырысатын… Шіркін-ай, деп тамсанып отыратын әрдәйім. Алайда алғаш рет былтырғы «Жұлдыздар айтысады» атты шоу айтысты көріп отырып, кемшіліктерін тізбелей келе: «әй, ғұмырың ұзақ бола қоймас» деп топшалаған. Әйтсе де, жақсы көрген сүйікті телеарнасын жамандыққа қимаған. Тек қана эксперимент сәтсіз шықты деп күңк ете қалғаны есінде.

  Шоу айтыс биыл қайта жарқ ете қалғанда қызығушылығы оянып мазасы кеткені.  Жаман болса, хас өнерге зардабы тиер болса бұлай әспеттемеген болар еді деп көңілін бір демдеген. Албырт ойдың жетегіне еремін деп қиялы қырға, арманы шыңға өрмелеген. Дүйім жұрттың алдына шығып, домбыраның екі шегін «зарлатпай-ақ», сай-сүйекті сықырлатар сөз айтуға болатынын түйсінген.

Өзі де қара сөзге шебер еді. Той-томалақтың сәні еді. Жұртты қыран-топан күлдіруге бейім еді.   Әттең, өлең ұйқастыру жағынан ақсап жататыны болмаса. Сөйтсе, ол үлкен кемшілік емес екен-ау. Ең бастысы жұртты күлдіре алсаң, бет-ауызыңды қисаңдатсаң, аузыңа келгенді от…, ұйқас келмесе де қара сөзге жүгініп Қанат Әлжапар құсап отырсаң, соның өзі жететінін бұрын қалай білмеген байғұс басы. Қысылып-қымтырылып, өзін бекер ауыздықтап келгеніне күйінді. Киелі өнер деп айтысқа жоламай жүріп қаншама жүлдеден қағылғанын енді сезіп ах ұрды…

Кез келген байқауда шоу айтыстың көрігін қыздырып жіберер қабілетке ие екеніне ол бек сенімді еді. Айтыстың гүлденуіне көп еңбек сіңірген Жүрсін Ерманның: – орыстар кез келген дүниені шоуға айналдыруға құмар. Бізде барымызды насихаттайық деген ойы жанына майдай жақты. «Жаса, Жүке» деген тақырыпта ақ өлең тектес бір дәптер жырды жазып тастады табан астында. «Рас, ей,  қазақ «тоқалдан туып па? Неге ұлттық өнерімізді шоуға айналдырмасқа? Орыстарға еліктеуден билік алдына жан салмайды, онда ұлттық өнер айтыс та бағын сынап көрсін!».  Осы ойға мықтап бекіген Азанбай, алғашқы «шабуылды» әйелінен бастады. Оны тығырыққа тіреп алып, шабыт шақырмақ ойы бар. Әйелі Өсекгүл де осал жау емес-ті. Ағайын-туысқа, көрші-көлемге қара сөзден дауыл тұрғызатын күшке ие жан еді.

Азанғы асына тыртысып отырып сүт қатпай қара шай берген қатынын ұнатпай желдірте жөнелген.

-Қара шай ішіп жүрмін, сүт болса да,

Жем-шөп көп, қорамызда жұт болса да…

Не еді анау, қара сиыр, бұзауы еміп қойды ма білмеймін,

Сен саууға ерінсең, мен сауып берейін, бірақ сен ашуланба – деп қалғып отырған әйелін бүйірден салып өткендей болған. Селк етіп басын кегжең еткізген әйелі де оқтаулы мылтықтай тарс еткен:

-Атыңды әкең қойды Азанбай деп,

Жүресің күндіз-түні қазандай боп,

Азан айтып жүретін жөнің бар ғой, неге сөйтпейсің,

Сен сүтті айтып, мазамды алмашы, қалай еді, халлау, хайдім, халлалау, – деп тоқтаған. Басында мұндай қарсылық күтпеген Азанбай көзі жыпылықтап, сөз таба алмай сасыңқырап: – «Әй, әй, әй» деп, саусақтары дірілдеп, қолындағы кесесі жерге түсіп кеткен.

Осы сәтті пайдаланған әйелі:

-Азанбай ақын болсаң тоқтамашы,

Басымды қара сөзбен ноқталашы.

Сара болып айтысуға мен жараймын, бабым күшті,

Қанат болып айтысуға сен жарасаң, әләйләй,  әйдім, әләйләй – деп бастырмалатып жіберген.

Жер болып қалған Азанбай, тұла бойы тоқ соққандай дірілдеп ашудың тайына  жайдақ мініп шаба жөнелген:

-Тап әкеңнің аузын, жаман қатын,

Саған менің жарты сөзім жарап жатыр,

Сөз қадірін түсінетін қазақтың бір баласымын,

Лақпа айтыстың көрігін қыздырамын әлі талай, – деп демін бір-ақ алған. Өзіне қарай жұдырықтың қара бұлтының ойқастап келе жатқанын сезген әйелі: өдәйт, өдәйт, игәй, игәй деп сан мақамға салып отырып алған. Мұны жеңілдіге санаған Азанбай арқаланып:

Мұнымен тоқтамаймын қара да тұр,

Келер жылы шығамын шоу айтысқа,

Бет қаратпай жеңемін барлығында,

Соған сен куә боласың, Алла жазса-деп төпеп тастаған. Ұрысқанда алдына жан салмайтын әйелінің жер шұқып отырғанын көргенде, құрыс-тұрысы жазылып, әй, бір жасап қалғаны – ай. Ендігі мақсат: Хабар телеарнасы ұйымдастыратын келер жылғы шоу айтыс.  Ол үшін күнде азанда әйелімен сөз шарпысып, өзін шыңдай түсуге серт етті Азанбай!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК