Шешесі өлімге қимай теміржолға тастап кеткен бала

Мен темір жол бойында жұмыс істеймін,- деп бастады ақсақал әңгімесін.
— Күз айы. Әдетімше темір жолды тексеріп келе жатып жылаған сәбидің дауысын естідім. Елең ете қалдым. Кешкі уақыт. Жан-жағыма қарасам, темір жолдың үстінде ораулы жатқан көрпені көрдім, сәби дауысы сол орамнан шығатын сияқты. Не де болса деп барып көрпені ашсам, ішінде құндақтаулы жатқан бөбекті көріп, есім шығып кетті.
Дереу баланы көтеріп алып, дедектеп үйге жеттім. Әйелім алдымен тіксініп қалса да, сәбиді құндақтан шешіп еді, жаңа туған қызыл шаққа ұл бала екен. Өзімізде қыз бала бар еді. Дегенмен сәби әйелімнің жүрегін елжіретіп жіберді. Нәрестенің түрі қазаққа да, орысқа да ұқсамайтын қара домалақ бала. Әйелім оған бірден бауыр басып кетті. Маған осы баланы өзіміз асырап алайық, ұлымыз болсын деген айтқанына көніп, ертеңіне ауылдық кеңестің төрағасына мән-жайды түсіндірген соң, сәбиді өз атымызға түсіріп, баланың құжатын алдық. Ұлты қазақ болды.
Уақыт өтіп жатты, бала есейіп соқталдай ер азамат болды. Асырап алғанымыз сыған баласы екенін түрінен білдік. Бірақ өзіне ләм демейміз, өзі де ләм демейді. Әке, шеше деп бізге құрақ ұшып тұрғаны. Артынан сұрастырып білдік, сығандар «оң жақтан» туған баланы өлтіреді екен ғой. Байғұс шешесі баланы өлімге қимай темір жолдың бойына тастап кетіпті. Әйтеуір баланың көрер жарығы бар екен. Ол бізге қатты бауыр басып кетті.
Есейгенде баламызға асырап алғанымызды айтайық десек, ол бізді басқа сөзге айналдырып, немесе далаға шығып кететін. Сосын үндемейміз «өзі де кім екенін сезетін шығар» деп қоямыз. Мектепті бітірген соң оқуға түс деп едік. Баламыз жұмыс істеп сіздерге көмектесемін, сосын қарындасымды оқытамын деді. Оған да көндік. Өзін қазақ қызына үйлендірдік, енді немере сүйіп отырған жайымыз бар.
Бір жылдары ауылға сығандар келгенде кемпірім жаман қорықты, баладан айрылып қаламын ба деп. Артынан естідік баланың анасы табылып, оны іздеп келіп, алып кетпек болған екен, сонда балам «мен енді қазақтың баласымын, әке — шешем бар, мен сені танымаймын» деп кері қайтарып жіберіпті. Біз оны білмейміз, артынан жұрттан естіп, кемпірім екеуміз қуанып, жылап та алғанбыз.
Қазір өзінің жеке шаруашылығы бар. Қарындасын тұрмысқа өзі ұзатты және оған ылғи қамқор болып жүргені.
Бүгін зейнеткермін, қара домалақ, бұйра бас баламның арқасында қиындық көріп отырғаным жоқ. Немере, шөбере сүйіп отырғаныма Аллаға шүкір деймін, — деп әңгімесін аяқтаған еді, ақсақал.
Ерсін Ерғалиев