Шенеуніктер Б.Клинтон мен Обамадан үлгі алса, шіркін!

Әлемде демократия және Адам құқықтары мен еркіндігі жөнінде көп айтылады. Мысалы, АҚШ-та адам құқықтарына ерекше мән беріледі екен. Әсіресе үлкен лауазым иелері халықтың түрлі өтініш-тілектерін мұқият қарап, оларға дер кезінде жауап жазады екен. Бұған өзім куә болған бірнеше мысалды келтірейін. 1998 жылы Нархоздың (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы экономика университеті) үшінші курс студенті сол кездегі АҚШ президенті Б.Клинтонға хат жазды. Президенттің жеке басына қатысты және бейбітшілікке байланысты студент жазған хатқа бір айдың ішінде жауап келді. Хаттың соңына хат жазғаны үшін ризашылығын білдіріп, «Құрметпен, АҚШ президенті Б.Клинтон» деп өзі қол қойған хатты көзіммен көріп, ұлы ел басшысының адамға деген ілтипаты мен мәдениетіне, жауапкершілігі мен қарапайымдылығына қайран қалдым. Бұл жөнінде университет газетіне «Б. Клинтоннан келген хат» деген қызықты хабар жазғаным әлі есімде.

Алдыңғы жылы АҚШ-та оқитын қазақ студенті бір мәселелерге байланысты Б.Обамаға хат жолдады. Ақ үй басшысынан бір апта өтпей «АҚШ президенті Б.Обама» деп қол қойған хат алды. Ал бұл ақпарат құралдарына айтылды және көрсетілді.

Амантай қажының антиядролық «Аттан» штабы жөнінде Б.Обамаға жазған хатына да кезінде көп өтпей президенттің тікелей өзінен хат келгенін білемін.
Мен Елбасыдан бастап, талай лауазым иелеріне хат жаздым. Ешкім де ләм-мим деп жауап жазған емес. Неге бұлай екенін түсінбеймін.

Өткен жылы 17 қарашада (2015) Бауыржан Байбекке хат жазып, 19 қарашада оны әкім аппаратының жауапты қызметкеріне табыс етіп, арнайы тіркеттім. Содан бері жарты жылдан асты, күні бүгінге дейін хабар-ошар жоқ. Әкімге Алматыдағы Көктөбені көркейтіп, оны әлемдік брендке айналдыру жөнінде жүзеге асатын идея ұсынысты алға тарттым. Екінші, сейсмологиялық қауіпті аймақ Алматының ықтимал зілзала қаупіне байланысты және одан сақтанудың жолдары туралы қапарде болатын жәйттарды есіне салдым. Көктөбені көркейту жөніндегі идея ұсыныс кезінде біраз зиялы қауым тарапынан қолдау тапқан болатын.

Биліктен кейін адам құқықтары үшін және жеке пенделердің мәселесі үшін Діни ұйымдар да қалыс қалмай тәрбие, үлгі-өнеге көрсетуі керек қой. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына жазған ашық хатым 2014 жылы 11 шілдеде «Әділет» газетіне, 2015 жылы Ораза айында «Қазақ» газетіне жарияланды. Хатта Қонаев атында салынып жатқан мешіттің не үшін керек болғаны жөнінде рухани мәселе көтеремін. Үндеу хат Ержан қажыны да, Қажылар қауымдастығын да селт еткізбеген. Тарихи тұлғаға байланысты баспасөзде көтерілген мәселе жөнінде қажылар бейхабар екен. Міне, сондықтан былтыр күзде мүфтиятқа келіп, газетке шыққан хаттың көшірмесін тіркетіп, қызметкерден оны мүфтиге беруін өтіндім. Жылға жуық өтсе де жауап болмаған соң, биыл наурыз айының соңында мүфтиятқа тағы келіп, бас мүфтидің хат бойынша қандай пікір ұстанымда болғанын білгім келді. Газетке шыққан «ашық хаттың» көшірмесін көмекшілерінің бірі Ержан қажыға берген екен. Бірақ хат бойынша әзірге ләм-мим демеген.

Алланың жолын уағыздаушы, Пайғамбар сүннетін насихаттаушы, дін ілімдері жөнінде әрқашан тебірене сөйлейтін мүфти хазіреттің ізгілік пен иман, кісілік пен парасат және адалдық пен тазалық жөніндегі хатқа назар аудармауы қынжылтты. Құдайдың сүйікті құлы, тұла бойы тұнған нұр мен ізгілік, адалдығы мен тазалығы аңызға айналған Дінмұхамед Қонаев жөніндегі рухани мәселеге мүфтидің назар аудармауы көңілге қаяу түсіреді.

Үндеу хатта ұлықтап еске алудың тоғыз түрлі діни жолы көрсетілген еді. Айтпақшы, хатта қасиетті Қағбаға кірген, (ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар) 13 қажының аты-жөндері айтылады. «Ержан қажы бәрінен хабардар кісі» деп, діни қызметкерлері оған шаң жуытпайды. Содан бері екі жыл өтті. Қасиетті рамазан айы тағы келді. Мүфти мырзадан әлі жауап жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: ізгілікті, иманды, демократиялық қоғамға барар жолды нұсқаған Президенттің «100 нақты қадам қағидасында» «Мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасау» жөнінде айтылады. Осы қағиданың негізінде лауазымды тұлғалардың өтініш хаттарға өздері тікелей жауап беруі жөнінде заңнамаларда айтылуы керек. Мәселе мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қызметтік этикасы мен адамға деген құрметі туралы болып отыр. Міне, сондықтан бұл мәселе парламенттің адам құқықтары жөніндегі комитетке ой салар, білікті заңгерлер қаперіне алар деген ниетпен солардың назарына салып отырмын.

«Тарихқа тас лақтырсаң, болашақ сені атады» деген қағида бар. Өткен тарихымызда, яғни Кеңес Үкіметі тұсында адам құқықтарына көңіл бөлетін «Еңбекші хаттары» дейтін арнайы «заңды ұстаным» бар болатын. Қазір хатқа қатысты жауапкершілік атымен жоқ. Адамды менсінбеу, құқын таптау осыдан-ақ анық көрініп тұр. Олай болса Парламент халық атынан түсетін ұсыныс және шағым хаттар жөнінде Ата Заңға арнайы бап енгізу керек. АҚШ-тағыдай Елбасыдан бастап, әкім, министрлерге дейін жолданған хаттарға тікелей өздері жауап берулері керек. Билік пен халықтың арасындағы байланыстың «алтын арқау» хатқа жауап екенін шенеуніктер, депутат мырзалар, әкімқаралар сезінуге, білуге тиіс. Хат — қоғамның қозғаушы күші, халықтың үні, жан айқайы. Шын демократиялық саясат, адамға деген құрмет, биліктегі тұлғаның мәдениеттілігі мен біліктілігі хат байланысынан көрінеді. Дауласу мен жауласу маған жат. Дейтұрғанмен, хат жарияланып отырған баспасөз арқылы аталған кісілерден әлі де жауап күтетінімді қаперлеріне саламын.

Ораз Қауғабай