Шөп-шөп сүйісу — қазаққа  жат қылық

Ата-бабамыздан  бері  өзгермей келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі — амандасу. Амандасу инабаттылық пен әдептілікті, мәдениеттілікті, тәрбиелілікті көрсетеді. Жылы жүзбен сәлемдесу адамдардың бір-біріне деген ілтипаты ғана емес, адамгершілікке, сыйласымға  толы қарымқатынасының белгісі. Жақын-жуықтың той-томалағына,  марқұмдарының  еске алу асына барғанда алыс-жақыннан жиналған, бірер жыл көрмеген туыстарыңды,  таныстарыңды, замандас құрдастарыңды, ауылдастарыңды кездестіріп қаласың. Жылы қабақ танытып, амандасып, халжағдай сұрасасың. 

Менің көңіліме  қонбайтын  бір нәрсе, осындай жерде  кемі екі жүздей жан жиылса,  жүз адам жүз адамның бетінен сүйіп,  бір кездесу атты «шоу» басталып кетеді.  Еркегі болсын, әйелі болсын, кемпір-шалы болсын, бір-бірінің бетінен сүйіп: «Брежнев атамыздан үйрендік» деп мәз болады.  Бұл  «шөп-шөп» сүйісулерде шынайылықтың  жұрнағын да  байқай алмаймын.  Тіпті мешіттің ішінде де  кездесіп қалған екі-үш  егде әйел бірінің бетінен бірі  сүйіп, өтіп жатқан жұртты бөгеп тұрып алады. Хал-жағдайды құдіреті мол Алланың үйінің ішінде емес, ауласына  шығып  сұрасса да болады емес пе? Қазақ десең, өзіңе тиеді. Қасиетті орында дауыстап сөйлеу, қарқылдап күлу   құлшылық жасап, Құран беруге келген адамдарға жараса ма? Сөйтіп жүріп, көшеде жастар құшақтасып, ұялмай бір-бірімен өбісіп тұрады деген айыптауларды  жиі айтамыз. Олар сонда кімнен өнеге алып жүр?

Қазақтың әдет-ғұрпында кез келген жерде  бір-бірін бас салып сүйісіп амандасу бар ма?  Әрине, мүлдем жоқ. Тіпті әйелдер жағы сүйіспек түгіл, анадай жерде бөлектеу тұратын  ер  адамдар  арасына   көстеңдеп барып қол алыспаған.  «Сүйісу» сияқты  әдеттің жағымсыз  жағы да бар.  Кез келген адаммен бетті  лайлап, «шөп-шөп» сүйісудің өзі  гигиеналық тазалыққа  қайшы емес пе? Әсіресе күз бен қыс айларында жөтел, тұмау деген инфекциялық аурулар қозып жүреді.  Әркімнің ауыз қуысында  сан түрлі микробтар жоқ деп кім сенімді айта алады? Сыйлы орынтаққа отырған лауазым иесінің ренжіп айтқан  сөзін  естігенім бар. Біз қашанда жағымпаздыққа бейімбіз ғой. Әлгі лауазым иесіне құтты болсын айта келген адамдар құшақтап бетінен сүйе беріп, аса қауіпті тұмау ауруын жұқтырып кетіпті. Құттықтап бару да ізеттілік шығар. Алайда аса жақыны болмаса, бас салып бетінен сүйіп, арқасынан қағудың қаншалықты әдепке жататынын білмеймін.  Ал кейбір жағымпаздыққа жаны құмар адамдар әйтеуір келсінкелмесін осындай  мінез-құлқымен  өздерінің  қаншалықты  «қуанышты»  екенін көрсетіп қалуға тырысады. Жаңағы   еске алу  астарында тамақ ішпей тұрып басталған  «сүйісу іс-шарасы»  бата жасалып,  ел тарқағанда да  ары қарай жалғаса береді. Тіпті тамақ жеген  еріндерін қағазбен  сүртіп үлгермеген  шал мен кемпір, жер ортасынан ауған адамдар   бастапқыда көздеріне түспей қалған   таныс-туыстарының бетін  сілекейлеп, сүюі де жиіркеніш тудыратыны сөзсіз. Мұндай жағдайлар көшеде, базарларда, ауруханада да, тіпті жолаушылар көлігі ішінде де  көрініс тауып жатады. Қазақтың арасында бір-бірімен сүйісу тіпті «модаға» айналып кеткен.  «Шөп-шөп» сүйісу сүйіспеншіліктің, мәдениеттіліктің белгісі емес.

Сырттай қарап тұрған адамға осындай  «массовый» сүйісулер — көлгірсудің бір түрі. Кімнің кімге емешегі үзіліп тұрғанын қайдам? Шын сағынған жандар болса, еменжарқын, жылы қабақпен қол алысып,  әдептілікпен, мәдениетті  түрде амандасса да жеткілікті емес пе?  Көптеген адамдар жақсы көрудің «показухасын» жасап, әртіс болудың аз-ақ алдында жүр. Жылдап, айлап көрмеген баласын сүйген ата-ананың ақ махаббатына мен күмән келтірмеймін. Құлыншақтай шапқылап келіп, «ата, апа» деп мойынға асылған немеренің бетінен қалай сүймейсің? Бұл бір басқа  шынайы таза сезім ғой. Ал қалған жағдайда атамыз қазақ  көптен  бері көрмеген ер  тұлғалармен төс түйістіріп немесе төсіне қолын қойып, бастарын сәл иіп амандасып,  ізет көрсеткен.  Өзінен жасы үлкен сыйлы ақсақалдардың қолын қос қолымен алып, ілтипат білдірген. Ал қазіргі  Кеңес Одағының «шапанынан» шыққан  аталар ұрпаққа осы әдет-ғұрыпты үйреткеннің орнына  сақалдарын шошаңдатып,  ыржалаңдап  көрінген кемпір-сампырдың  бетінен сүюге құмар. Бұл не? Бәз-баяғы орыстан енші етіп алып қалған арақтың «закускасы» ма? Иә, бізді де әке-шешеміз жақсы көрген.   Әкем Дәнтай сонау  Новосібірде  оқудағы жалғыз  ұлы Жақсылық жазғы демалысқа келгенде «Айналайын!» деп қолынан сүйетін. Қыздары келгенде  емірене құшақтап, шаштарынан иіскейтін.  Ата-ананың осындай   мейірімі   біз үшін үлкен сүйіспеншіліктің белгісі  болатын. Екінші айтпағым,   көрген жерде   жабысып «сүйісе» қалғандардың барлығы бір-бірін қалтқысыз сыйлайды дегенге де сенбеймін. Қазір  бір-бірінің бетінен сүйе салады да,  біраз уақыт өтпей жатып-ақ,  сол жерде  әсіресе әйелдер  жағы еріндерін шылп еткізіп, басқа ортаға барып, әлгі танысы жайлы жағымсыз  өсек сөздің   шылбырын ағытып жібереді.   Мұндай құбылмалы  мінездің шын  аты екіжүзділік екенінен бейхабарлықтары мені таң қалдырады. «Жақтырмасаң, жаңа ғана  бетінен неге сүйдің?» — деп, кейбіреуіне тіпті сұрақ қойғым келіп тұрады. Қара ормандай орысекеңнің сүйісуінен гөрі өзіміздің әдетғұрпымызбен  жарқын, жылы жүзбен сәлемдесіп, аманшылықта жолығып жүргеніміз дұрыс емес пе?  Кетіспейтін ағайынды беталды  күндеп,  сыртынан ғайбат сөз айтқанша, өзіңе, отбасыңа амандық-саулық  тілегенің жақсы емес пе? Тағы қайталап айтамын,  қазақта ер адамдар да, әйелдер де   кездескенде бір-бірімен сүйіспеген,  тіпті әйелдер жағы  қол алыспаған. Мұны білмеу  біздің ұлтымыз үшін  ұят нәрсе.

НҰРИЛА БЕКТЕМІРОВА