Сенатор Дариғаның кезекті тосын ұсынысы

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет депутаттары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне барды.

Онда сенаторлардың назарына бүгіндері графикалық, мәтіндік, мультимедиялық ақпаратпен алмасу арқылы жұмыс картасын жүргізетін әрі әскери құрамалар бөлімдерді басқару жөніндегі шешім қабылдайтын оқытудың жаңа үлгілері мен әдістерін енгізу жүргізіліп жатқан оқу зертханалары ұсынылды. Одан басқа, депутаттар қару-жарақ пен әскери техника әзірлеу және оны отандық әскери-өнеркәсіп кешенінің қуатымен келешекте жасау мүмкіндіктері ескерілетін университеттің кітапхана қорын және әскери ғылыми-зерттеу орталығын көрді.

Сенаторлар білім сапасын арттыруға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді, сондай-ақ өз ұсыныстарын да айтты. Атап айтқанда, Дариға Назарбаева ақылы негізде Ұлттық қорғаныс университетінде шетелдік студенттерді оқыту мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ әскери қызметті насихаттайтын мамандандырылған әскери телеарна құруды ұсынды.