САЗЫМЕН КЕҢ ДАЛАНЫ ТЕРБЕГЕН

Сарысу өлкесі қойнауы қаншалықты қазынаға бай болса, өнер мен мәдениеті де соншалықты мол. Мұнда елін, жерін қорғаған талай батырлармен, жыры мен сазын кең далаға қосып, ауданды күллі жұртшылыққа танытып жүрген майталман азаматтар бар. Саз әлемі саялы Сарысуға келіп орнағаны әлдеқашан. Әйгілі Илья Жақанов пен Ынтымақ Шералиевтің есімдерімен қатар айтылатын қадірлі де қайсар сазгер Төлеу Үшқоңыров бүгінде асқақ абырой мен сансыз марапат иесі.

Төлеу Әлтенұлы-1938 жылы, 7 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылдық округі, Маятас ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын азаматтық борышын өтеу жолынан бастады. 1957-60 жылдары әскер қатарында болды. 1960-69 жылдары Калинин совхозында, қазіргі Жайылма ауылында, автомеханизаторлық гаражының меңгерушісі болып жұмыс жасады. 1961-90 жылдары Жамбыл облыстық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, майор шенінде құрметті зейнетке шықты. Қызметте үздік табыстары үшін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен, ІІМ-нің барлық медальдарымен марапатталған. Украинаның орталық қаласы Киев қаласында өткен ішкі істер органдарының авторлық ән фестивалінің лауреаты. 1987 жылы Мәскеуде өткен ән байқауының және 2000 жылы Елордамыз Астана қаласында өткен «Ғасырға жаңа ән» байқауларының лауреаты. Қызылорда қаласында өткен Республикалық «Шиелім, киелім!» атты өңірлік композиторлардың байқауына «Шиелім» әнімен Р.Өтембаеваның орындауымен қатысып, жүлделі бірінші орынмен марапатталды. Сарысу ауданының «Құрметті азаматы», «Қаратау саздары» атты ән жинағы мен «Аққуым мөлдір», «Айғанайым» атты әдеби көркем шығармасы, «Жолбарыс пен мысық» атты сатиралық шығармалары кітап болып басылып шығып, оқырмандарға жол тартты. Кезінде «Сегіз қырлы, бір сырлы» жанның сазгерлік қасиеті, дарыны, қабілеті лезде ел ішіне тарап, бесаспап шығармашылық иесінің мәртебесін биіктете түсті. Оның әндері мен әңгімелеріне халқымыздың біртуар тұлғалары сазгер Нұрғиса Тілендиев пен ақиық жазушы Тәкен Әлімқұлов оң бағасын берген. Марқұм, жазушы Әлсейіт Әлмен «Орыс халқының атақты сазгері П.И. Чайковский бүкіл ғаламға бір ғана «Аққулар биімен» танымал болса, Төкең «Жаңатас вальсі»,

«Тобылғы сай», «Қаратау», «Мен сенемін Отаныма, еліме», «Жаңатас – алтын бесігім», «Айғанайым», «Аққуым мөлдір», «Асыл құрбым» әндерімен барша ән сүйер әлеуметтің жүрегін жаулап алды десек артық болмас» — деген екен. Әсіресе «Жез таңдай, күміс көмей» жас әншілер, Сарысу топырағында туып өсіп, ұядан қияға түлеп ұшқан, бүгінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Көпжасар Арынұлы, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Мақашова, Мадина Шарипова, Гаухар Қаспақовалар Төлеу атамыздың әндерінен нәр алып, сусындап, бағы жанып, әншілік әлемге жолдама алғандарын көпшілік біледі. Сазгер 70 – ке жуық ән жазды.

Өнер иесі Айған анамыздай асыл да ардақты, құдай қосқан қосағымен 6 ұл, 2 қызды дүниеге келтіріп, 27 немере, 31 шөбере сүйіп отырған ардақты әке, аяулы да бақытты ана.

Қалам мен нотаны жанына серік еткен жергілікті сазгер, ақын, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Ішкі істер бөлімінде 25 жыл қызмет атқарған майор шеніндегі ардагер, көркем әдебиетші Төлеу Әлтенұлы Үшқоңыров мерейлі 85 жасқа келіп, бүгінде абыз қария атанып отыр.

Мен қария жетпіс асып көнерген,

Сонда дағы қол үзбедім өнерден.

Қуаныш пен айықпаған мұңымды,

Әнге қосып нақыштадым өлеңмен – деп жырлағандай, қаламгердің бойынан өнерге деген махаббат пен ізгіліктің лебі есіп тұрады. Қаламы қарымды, жаны жалынды өнер иесіне деген құрмет қашан да жоғары болмақ.

85-ке келіп, мерейлі жасты еңсеріп отырған сазгердің құрметіне өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Аққуым мөлдір» атты әдеби – сазды кеш өтті.

Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов және аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков қатысты. Сонымен қатар, ауданның Құрметті азаматтары, сазгердің замандас-тары, еңбек ардагерлері, шәкірттері және жыр сүйер қауым да кештің қонағы болды.

Салтанатты кеште алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Үмбетұлы Мамытов:

— Сіз бойыңыздағы дарын мен таланттың арқасында ауданымыздың сүйікті сазгеріне айналдыңыз. Сіздің өлеңдеріңіз бен әндеріңіз біз үшін мәдени байлық, рухани қазына. Шығармашылық жолыңыз көпке үлгі. Алла берген қуаттың арқасында мәдениетіміз бен өнерімізге қызмет ете беріңіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, — деп сазгер ағаға құрмет көрсетіп, ат мінгізіп, шапан жапты. Сазгердің жан серігі мен музасына айналып жүрген жұбайына да сый-сияпат көрсетілді.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков Төлеу Үшқоңыров ағамызға құттықтау хатын табыс етті. Марапат мұнымен тоқталып қалмады. Ішкі істер бөлімінде 25 жыл қызмет атқарған майор шеніндегі ардагер, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, көркем әдебиетші Төлеу Әлтенұлы Үшқоңыровқа Облыстық полиция департаменті, ардагерлер ұйымының төрағасы, Ішкі істер полиция департаменті басшысының кеңесшісі, полиция полковнигі Шералин Тұрдалы, аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері Татубай Айдиковтер құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпаттар табыс етті.

Кеш сазгердің албырт шағын сипаттайтын «Аққуым мөлдір» атты әдеби көркем шығармасынан «Сарысу» халық театры үзінді көрініс сахналастырып, көрерменнің көзайымына айналды.

Кеш көрініспен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері Қ.Темірбекқызы, Е.Оңғарбеков «Бір болғай», сазгердің шәкірті, сонау әсем қала Алматыдан ат басын арнайы бұрған, Төлеу атамыздың әндерін шебер орындаушы, Көпжасар Арынұлының шәкірті, әнші Мәдина Шарипова «Аққуым мөлдір», «Айғанайым», «Сарысу» триосы «Періште бейне», «Үкілі қыз», Н.Тілендиевке арнап жазған «Ағаны аңсау» әнін Жадыра Дәукенова, Төлеу атамыздың немересі Мейіржан Омаров «Қайдасың әке» әндерін тамылжыта шырқап, тыңдармандарын тәнті етті.

Осы кешке де дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова арнайы келіп, сазгердің «Асыл құрбым», «Тобылғы сай» әндерін шырқап, сыйлығын тапсырды.

Төлеу атамыз ән жазумен қатар ақын жандылығы басым болды. Қара өлеңнің даңғылын салып, сол өлеңнен рухани азық алып отырды. Күнделікті өмірдің ащы-тұщысына, қоғам мен адам қатынасына, еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне шаттана, қуана білді. Адам өміріндегі айтарлықтай қарым-қатынастардың болмысын жан сырындай, жүрегімен ұғынып жырлады. Әсем әуенімен бірге сырласты.Туған өлкем, туып өскен жерім деп, «Әнімсің Сарысуым» атты ән жазды. Аталмыш туындыны әнші Мөлдір Мұсаева, Диана Сейдіш «Ән самалы», әншілер тобы мен «Айжанқыз» би ұжымы «Жаңатас вальсі» әндерін шырқап, көрермендерін бір серпілтіп тастады.

Кеш соңында кеш кейіпкерлері Төлеу ата мен Айған апа сахна төріне көтеріліп, осындай іс-шара ұйымдастырып отырған аудан басшыларына, ат арытып келген және ауданның жез таңдай, күміс көмей әншілеріне алғысын білдіріп, отбасылық сый-сияпаттарын тарту етті.

Ұлы дала қариясы. Кешегі болмысты бүгінге жеткізуші. Бүгінгінің салмағын ертеңнің ерекшелігімен екшеп, өлшейтін талғампаз жан. Көсем ой құпиясын пайымдаған сөз зергері. Жүйрік қаламынан әлі де талай баршаға рухани азық болатын әдеби, көркем құндылықтар, әуенді әсем әндер туындайтынына сенеміз.

Бұл — өнер иесіне деген қошемет, сазгерге деген сыйластықтың бір көрінісі. Дархан даланы сазымен тербеген сан талант иесіне арналған керемет кеш әсерлі ән мен әңгімеге толы болды. Ақынды ардақтау, сазгерге сүйсініп қарау сарысулықтар үшін мәртебесі биік іс болып қала бермек.

Камели Сүлейменова,

«Sarysý»