Сауалдар жауапсыз қалмайды

Қоғамдық диалог, ашықтық, азаматтардың проблемасына дер кезінде назар аудару – мемлекеттік орган қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Осыны негізге алған жергілікті атқарушы билік өкілдері бекітілген кесте бойынша аудан аумағындағы алыс-жақын елді мекендерді аралап, халықпен кездесулер өткізіп келеді. Жыл басынан бері өткізілген кездесу жиындарының нәтижесінде азаматтардың түйткілді мәселелері оң шешімін тауып, халықтың билікке деген сенімі артуда.

Еркін форматтағы осындай қабылдаулардың бірін бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиев Алға және Ноғайбай ауылдық округтерінде өткізді. Халықпен кездесуге денсаулық, әлеуметтік көмек, тұрғын үй салалары бойынша жауапты бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімі, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері де қатысты.

Жауапты сала басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік алған тұрғындар көбіне әлеуметтік көмек, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру, ауыл адамдарының негізгі күнкөрісіне айналып отырған ауыл шаруашылығы саласы мен жайылым жерлер мәселесіне қатысты сұрақтармен қайырылды. Арасында азық-түлік қымбатшылығына байланысты ойын білдіргендер де болды. Ауыл халқын алаңдатқан әлеуметтік мәселелерге қанық болған әкімдік өкілдері азаматтардың ұсыныс-тілектері назарға алынатынын және мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Қордай ауданының әкімдігі