Сарысудағы ауқымды жоба

Ауданда ауылшаруашылық саласы күн санап жанданып келеді. Бұған дәлел күні кеше Түркістан ауылдық округіне қарасты Ә.Бүркітбаев ауылында өткен «Көкжон» шаруа қожалығындағы инвестициялық жобаның ашылуы. Ынтымағы жарасқан ауыл енді заманауи техниканың игілігін көретін болады.


Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ауылдықтарды құттықтап, техникалық жағынан жаңартылған шаруа қожалығының жұмысына сәттілік тіледі.

«Көкжон» шаруа қожалығында орнатылған 100 тонналық таразы астық пен астық тұқымын қабылдап, өлшеп, тазалап, бидай ұлпалылығының өлшеміне дейін анықтап береді.
Бұрын шаруаларға бұл күрделі зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін Тараз қаласына бару керек болса, енді оның қажеттілігі туындамайды.

Өнімнің сапа көрсеткіштері мен көлемін нақты анықтау енді ауылда да жүзеге асырылады.
Жалпы Түркістан ауылдық округі бойынша 75 шаруа қожалығы мен 15 жеке кәсіпкер тіркеліп, ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосып келеді. Жеке шаруашылық құрылымдарында 120 адам тұрақты, 62 адам маусымдық жұмыстарға қамтылған. Жыл басынан бері «Тасбұлақ», «Азамат-2002» шаруашылық құрылымдары жаңадан «Беларусь-892», «Беларусь-28,1» техникаларын сатып алған. Техниканы жаңалау жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
Өңірде мал саны да жыл санап артуда. Атап айтсақ, 1586 мүйізді ірі қара, 16 129 қой-ешкі, 720 бас жылқы тіркелген.
Түркістан кешені кеңшар кезінен астық егіп, мал өсірумен аты шыққан аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі