«Сандықтағы» тоқалының баласын атақтылар неге жасырады?

Жасыру бұл меніңше өте әділетсіз нәрсе. Себебі тоқал болса да ол да адам баласы ғой. Іштен тынып, жасырып қашанғы жүреді? Бір газеттен атақты композитордың (атын айтпай-ақ қояйын) жасырын тоқалынан екі баласы бар екенін оқыдым. Оның жасырын тоқалы сондай ризашылықпен әлгі композитор ағамыздың қамқорлығын айтып, өзгелерге үлгі етіп айтады. Мен таң қалдым. Жасырын тоқал «сандықтан» шығып, бүкіл елге композиторды қалай жария еткен? Неде болса да ағамыз тоқалына рұқсат берген шығар деп ойладым бір жағынан. Егер дәл осылай батылдық жасаса онда ерлегені. Тіптен балаларының да суреттерін беріпті. Әкелерінен айнымай қалған сүп-сүйкімді балалар. Неде болса да ол мақаланы бүкіл ел оқыды. Бұрыннан өнеріне тәнті болған композитор ағамыз да тоқалының бұл махаббатқа толы мақаласын қолдап, риза болады ғой деп ойладық. Бірақ «бәйбішесі не айтар екен?» деген дүдамал ой да қылаң берді.

Расында да газеттің келесі нөмірінде үлкен айқай-шу болды. Ол айқай-шуды шығарған композитор күйеу. Ол «жасырын» тоқалын танымайтынын, жала жапқанын айдай әлемге жар салып айтты. Ол өзінің аузынан түсіп қалғандай сүйкімді балаларынан бас тартты. Яғни ол өз бәйбішесінің қаһарына ұшыраған. Байғұс композитор өз перзенттерінен безді. Мен ол кісіні жек көріп кеттім…

Мұндай лас оқиғалар өте көп. Мен ойлаймын аруларды қорлап, «сандықта» ұстайтын ондайлар нағыз еркек емес. Ондайлардың қатарында лауазымды адамдар бар екенін де білемін. Сондай білімді, білікті азаматтар мұның зина екенін білмей ме? Олардың бұл істегендерін құдіреті күшті Алла тағалам көріп тұр ғой. Ертең ахиретке барғанда бәрі белгілі болып шындық ашылады емес пе? Бұрын Кеңес өкіметінде мұндай бетперделі азаматтарды «Моралдық жағынан азғындаған» деп жұмыстан қуып, партия қатарынан шығаратын. Бәлкім, мемлекет тарапынан сондай жаза керек шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Шаргүл Қасымханқызы