«Самұрық-Қазына» қоры тиімді жұмыс жасамай отыр»

Бұл — мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың байламы. Аты дардай «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының беделінен ат үркеді. Қыруар қаржыны бауырына басқан алпауыттың құзырында жұмыс істеу бақыты екенің бірінің қолы жетпес арман ғана. Бір кездері басшыларының айлығы мен бонусы туралы қауесет желдей ескен. Түрлі болжамдар айтылғанымен, «ішкі асханасына» кіруге ешкімнің жүрегі дауаламаған. Басқаны қайдам, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын «байыған сайын қалтырауық» деп кінәлауға аузың бармайды. Себебі ел мерейін үстем етер игі істерге демеуші болуда алдына қара салған емес. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, бір ғана «Қазақстан Барысы» турнирінің өтуіне жыл сайын қомақты қаржы бөліп жүр. Сын мен мақтауы итжығыс түсіп жатқан «Самұрық-Қазына» жайлы естігенімізді емес, көргенімізді сөз етпекке бекіндік.

Таяуда Парламентке «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Елена Бахмутова келіп, депутаттар алдында «Самұрық-Қазына» қорының атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндама жасады. Қордың кірісі мен шығысы туралы да нақты мәліметтер келтірді. Обалы нешік, әжептәуір дайындалып келгені де көрініп тұрды. Алайда депутат Нұртай Сабильянов тарапынан қатаң сынға ұшырады. Депутаттың ашуын туғызған мәселенің анық-қанығын дәлізге шыққанда өзінен сұрап білген едік.

— Нұртай Салихұлы, Үкіметке «Самұрық-Қазынаға» мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді тоқтату керек деген талап қойдыңыз. Бұлай қатты кетуіңіздің сыры неде?
— Оның мәнісі былай, мен бұған дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға депутаттық сауал жолдағанмын. Онда Қордың жарғылық капиталындағы 5,0 триллион теңге салымнан, неге ауыз толтырып айтатын дивидендтердің жоқтығы жайлы сұралған. Маған келген жауапта Қор басшысының орынбасары Елена Бахмутова былтырғыдан 30%-ға көп, яғни 304 млрд. теңге таза табыс алғандарын қуана баяндаған. Мен олардың жауабынан кейін «Самұрық-Қазына» Қорының шоғырландырылған қаржылық есептілігін зерделеу барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тиімді жұмыс жасамай отырғанын анықтадым.

— Қызық екен. Онда қалай аталмыш қор табан асты мол табысқа кенеле қалды?
— Біріншіден, «Самұрық-Қазына» қоры 683 млрд. теңге пайданы оң бағам айырмашылығы арқасында алған, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» БӨ-де 448,9 млрд. теңге, яғни доллар бағамының күрт өсуінен болған (теңгенің құнсыздануына дейін және кейін де қаражат доллармен банкте болған). Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ 261 млрд. теңге пайдасы, табысы KMG International кәсіпорнының акцияларын сату есебінен алынған. Үшіншіден, 149 млрд. теңге пайда — бірлескен және қауымдасқан компаниялардан түскен табыс.

— Сіз Парламентте Қор басшысының орынбасары Елена Бахмутоваға Қор шығындарын талда-ғанда кеткен шығын бәрібір кіріспен сәйкес келмейтінін қадап айттыңыз. Бұған қандай бұлтартпас дәлеліңіз бар?
— Операциялық қызметтен шығыстар 2015 жылы 481 млрд. теңге болған. Соның ішінде 292 млрд. теңгені құрайтын «құнсыздану» бабы бойынша көрсетілген шығын, бұл — менеджменттің тиімсіздігінің тікелей көрсеткіші, себебі ол түрлі тендерлерде негізгі құрал-жабдықтар алу кезіндегі көтеріңкі баға үшін, сонымен қатар жалған кәсіпкерлікпен байланысты айыппұл мен өсімпұл үшін болған. Осылайша, 2015 жылы негізгі құрал-жабдықтарға құнсыздану 132 млрд. теңге болған қосымша құн салығының құнсыздануы 54,0 млрд. теңгені құрады және басқа да позициялар бойынша 106 млрд. теңге.
Тағы бір дерек келтірейін, 2015 жылы «Самұрық-Қазына» қорының жалпы және әкімшілік шығыстары 380 млрд. теңгені құраған, /2014 ж./ салыстырғанда бұл 24,0 млрд. теңгеге өскен. Жалақы мен консультациялық шығынның өсімі 12 млрд. теңге болған.

— Сіздің сөз саптасыңыздан «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің барлық табыстылығы қор менеджментінің тиімділігінен емес деген қорытынды шығаруға болатындай. Сізді дұрыс түсіндік пе?
— Әбден болады. Оларға қырғын табыс салықтың төмендеуі мен оң бағам айырмашылығы арқасында ғана келген. Сонымен қатар, тағы да бір айтатын мәселе, 2015 жылдың 31 желтоқ-санында «Самұрық-Қазына» қорының кредиттік мекемелерде, банктерде 2 158 млрд. теңге қаражаты болған, соның ішінде банкілік депозиттерде 1 800 млрд. теңгесі және жатқан. Міне, осындай нақты себептерге байланысты «Самұрық-Қазына» қорының жарғылық капиталына республикалық бюджеттен қаражат беруді тоқтату керек деп есептеймін.

— Нұртай Салихұлы, сөзіңіздің басында Қордың жарғылық капиталындағы 5,0 триллион теңге салымнан неге ауыз толтырып айтатын дивидендтер жоқ деген ой айтып қалдыңыз. Соны нақтылап кетсеңіз?
— «Самұрық-Қазына» қорының таза табысын бөлген кезде оның кем дегенде 70% дивиденд ретінде республикалық бюджетке аударылу керек. Ал өткен жылдарда бұл 12%-15% ғана құраған (2014 ж. — Қор 271 млрд. теңге таза табыс алған, ал бюджетке төленген дивиденд 34 млрд. теңге ғана, бұл 13%). Бұлай жалғаса беруіне жол бермеуге тиіспіз. Алдағы уақытта мемлекеттік пакеттерге «Самұрық-Қазынаның» бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан төленген дивидендтер тікелей республикалық бюджетке аударылуы керек. Осы келтірілген нақты дәлелдерге байланысты жалпы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметінің тиімділігін бағалайтын жүйені әзірлеу қажет деп есептеймін.

— Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!

Нағашыбай Қабылбек,

«Қазақстан-ZAMAN» газеті