Сайлау нәтижесі: халық өзінің дұрыс таңдауын жасады

Бүкіл әлемді дағдарыс алқымынан алып, экономикасын құнсыздандырып, валюта айналымын тұншықтырып тұрғанда, біз Парламент Мәжілісінің  шақырылымына «қонақ» боп барған «қауқарсыз» депутаттардың өтініш-тілегін Елбасы Н.Ә.Назарбаев құп көріп, Конститутциялық талап бойынша олардың өтініштерін қанағаттандырып, оларды мезгілінен бұрып тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарғыға қол қойған еді. Міне, содан кейін Қазақстандағы тек сайлау науқанында ғана көрініп, басқа уақыттарда  «жоқ» болып, демалысқа кететін партияларда ұйқыларынан оянып, аламанға түсіп, науқанның бел ортасында жүрді.

Барлық партияның үгіт-насихат жұмыстары, сайлау алды бағдарламалары теңдей дәрежеде өтіп жатты. Міне, көптен күткен 20 наурыз келіп, халық өзінің белсенділігін танытып, сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық таңдауларын жасап, дауыстарын берді. Сонымен аламан доданың мәресіне бүкіл халықтық сенімге ие болып, бұрынғы Парламенттік фракцияның үш партиясы да қайтадан топ жарып, алға шықты.

«Демократия институты» жүргізген жалпыхалықтық Exit-poll-дың қорытындысы бойынша, «Нұр Отан» партиясы 82% дауыс жинады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында институт директоры Юлия Кучинская: «Демократия» институты бүгін өткен сайлау аясында жалпыхалықтық сауалнама (Exit-poll) жүргізді. Институттың зерттеуі еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында жүргізілді. Exit-poll таңғы 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін 750 сайлау учаскесінде жүргізілді.

Сауалнамаға 75 мың адам қатысты. Сонымен, Exit-poll-дың қорытындысы бойынша сайлауға түскен партиялар мынандай нəтиже көрсетті:

Бұл реткі парламент сайлауында “Нұр Отан” – 82,15 пайыз, коммунистер – 7,15,  “Ақ жол” – 7,17, ЖСДП-1,25, Бірлік – 0,2, Ауыл -2,5 пайыз дауыс жинады»-деп хабар берді.

Сайлаудың нәтижесі шыққаннан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мырза: «Қазіргі сәтте дауыс беру үдерісі аяқталды. Сайлаушылар тізіміне барлығы 9 млн. 800 мың азамат енгізілген болатын. Кешкі сағат 20-00-дегі жағдай бойынша 7 млн. 500 мыңнан астам сайлаушы өз конституциялық құқығын пайдаланды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес республика бойынша тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Өткен сайлаулардың деректерімен салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткіш. Қазіргі уақытта барлық сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүріп жатыр», – деп мәлімдеме жасады.

Хош, сонымен Парламенттің 6 шақырылымына қайтадан «Нұр Отан», «Ақ жол», «ескілікке аңсары» ауып жүрген Коммунистердің өкілдері барып жайғаспақшы. Бірақ, қай партия барса да, Елбасы мен Қазақстан халқының сенімін ақтап, ел үмітін орындаса игі еді. Бұрынғы шақырылымның  «экс» депутаттары жылы орындарына қайта жайғасып, баяғы ұйқы «сияқты» тәтті әдеттеріне баспай, Ел мен жер тағдырына, Ұлт болашағына селқос қарап, бейжайлық танытпай, депутаттық мандаттарына адал, Парламенттік мінберден ұлттық мүддені көтере алса дейміз ау. Бірақ,  «қосылғыштың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді» деген қарапайым арифметикалық мысалдың кебін кимесе екен. 6 шақырылымның төріне – жаңа әрі іскер депутаттар келер ме екен?! Оны уақыт көрсетеді. Сабыр сақтап күтейік!..

Елбасының  «100 қадам» нақты Ұлт жоспарын орындай алмаймыз деп, «қауқарсыздық» танытып, байбалам шығарған үш партияның фракция құрамы сонымен  «Ауыл», «Бірлік», «ЖСДП» сияқты партияларды бес жылға дейінгі аралыққа қайтадан  «мәңгілік» ұйқыларына «путевка» беріп,  өздерінің бұрынғы орындарын сақтап қалды.

Қазақстан халқының сайлау барысындағы белсенділігі – еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің салтанат құрып, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыздың белгісі екенін аңғартты. Сонымен халық өзінің дұрыс таңдауын жасаған сияқты, себебі, өздері бұрындары таңдаған  «сүйікті» партиялары қайтадан өздерінің «кең сарай» ордаларына емін-еркін, қымсынбай кірулеріне мандат алып, бүкіл халықтық  «сайлаушылардың» махаббатына ие болды емес пе!

 Елдос Қуатұлы