Сөз иесін табады

Бір күні бір адам Омар Хайямды жұрт көзінше:
– Сен дінсізсің! Сен араққұмарсың! Сен тіпті ұрысың! – деп балағаттапты.
Оған жауап ретінде Омар Хайям жай ғана күлімдеп қоя салыпты.
Осыны көрген бір бай, әдемі киініп алған адам:
– Сен қалайша бұлай айтуына жол бересің?! Сенің намысың келмей ме? – деп таңдана сұрапты. Омар күліп:
– Жүр менімен, – депті. Бай оған ілесіпті.
Омар сарайына кіріп, ескі сандықты ақтарып, одан дымға жарамсыз жыртық халатты тауыпты. Оны әлгі байға лақтырып:
– Мынаны өзіңе өлшеп көрші, саған шақ болуы керек, – депті.
– Мұның маған не керегі бар? Менің киімім қымбат, әдемі екенін өзің көріп тұрған жоқсың ба? Сен шынымен де жынданыпсың! – деп халатты Омарға қайтара лақтырыпты.
– Көрдің бе, сен жыртық, ескі халатты өзіңе сай көрмедің. Сол сияқты мен де маған айтылған балағат сөздерді өзіме сай көрмедім. Сені балағаттаған адамға ренжігенің – оның сөздерінің шындық екеніне келіскенің! – деп жауап беріпті Омар…