Зілзала зардабын азайтатын жоба

Еліміздің тәуелсіздігін тұңғыш болып мойындаған бауырлас Түркия еліндегі табиғи апаттың зардабынан зәулім шаһарлар қирап, мыңдаған адамның опат болғаны белгілі. Айтып келмейтін апаттың бауырлас елге соққысы жойқын, салмағы ауыр болды. Ізін ала әлем елдері өздеріндегі сейсмикалық жағдайды саралай бастады. Оның ішінде біздің еліміз һәм тараздықтар да бар. Себебі, мұндай үлкен сейсмикалық соққыға біздегі көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың басым көпшілігі төтеп бере алмауы мүмкін. Әлемдік сарапшылар табиғи апаттың мұндай түрін адамзат тоқтата алмайтынын, бірақ соған дайын болу арқылы зардабын азайтуға болатынын айтып отыр.
Осы ретте тараздық жас ғалымдар жер сілкінісі зардаптарын азайтатын құрылыс материа лдарын жас ап шығарды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жұмыс істейтін қос ғалымның бірі ғимарат іргетасына орнатылатын қаданың жаңа түрін ойлап тапса, екіншісі талшықты бетон қабырғаларын жасап шығарған.
Атап айтқанда, жаңа қадалар бұрынғыдай тік орнатылмайды. Себебі, қаданың пішіні бір немесе бірнеше пирамида тәріздес жасалған. Ол пирамидалар жердің әр қабатына орнатылады. Сәйкесінше, топырағы бос жерлерге тығыз бекітіліп, ғимарат нығыз орналасады. Ал талшықты бетондар кез келген соққыда қақ жарылып кетпей, қалыпты пішінін сақтап қалады. Ол үшін бетон ішіне темір қалдықтары, опилкалар, сымдар қосылған.
– Кеңестік кезеңнен бері соғылып жатқан құрылыс ныс андарының барлығының іргетасына тік бағаналар орнатылады. Ондай бағаналар сейсмикалық соққыларға өте төзімсіз. Сонымен қатар, жаңа ғимараттардың өзі бірер жылда отырып, қабырғалары жарылып жататыны сондықтан. Негізінен жер сілкінісі кезінде сейсмикалық толқындар көбіне көлденең бағытта немесе төменнен жоғарыға қарай жүріп отырады. Біз жасап шығарған бағана лар бірнеше пирамида лы болғандықтан ол бір қағылғаннан кейін қайтадан суырылмайды. Көлденең бағыттарда пирамида қырлары берік орнатылатындықтан ғимарат шайқалмайды. Біз бұл жұмысымызды университет базасындағы зертханамызда жан-жақты зерделеп, сараптамадан өткіздік. Нәтижесінде сейсмикалық соққыларға айтарлықтай тиімділігін дәлелдеп отырмыз, – дейді аталған оқу орнының ғылыми қызметкері Ерлан Әтенов.
Ал, аталған оқу ордасының ғылыми қызметкері Нұржан Шаншабаев сол қадаларға берік орнатылатын бетондардың төзімділігін арттыруға басымдық берген. Өзінің зерделеу жұмысы барысында ол талшықты бетон түрлерінің оншақтысын жасап, арнайы қысым құрылғыларымен тексерістен өткізген. Нәтижесінде, талшықты бетондардың кәдуілгі бетоннан едәуір артықшылықтарын анықтапты.
– Кез келген нысанның басты құрылымы – оның қабырғалары. Көпжылдық ғимараттар мен жаңа нысандардың қабырғаларының өзінде қазір жарықтар пайда болып жататыны жасырын емес. Себебі, бетондардың арасында арматуралардан басқа ешқандай қосымша күшейткіштер қосылмайды. Осы мәселені зерделей келе біз талшықты бетондарды жасадық. Ол үшін арнайы қоспалар іздеудің де қажеті жоқ. Темірмен жұмыс жасайтын кез келген өндіріс орындарында көптеген қалдықтар, опилкалар шығады. Соларды бетон ішіне белгілі бір жүйемен орналастыруға болады. Сәйкесінше, талшықтар мен қоспалар бетонның беріктігін арттырады. Сейсмикалық жағдай кезінде де мұндай бетондар опырылып кетпей, өзінің әуелгі қалпын сақтап қалады, – дейді Н.Шаншабаев.
Тараздықтардың бұл жобасы өткен жылы еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Жас ғалым» байқауында жеңімпаз атанған. Нәтижесінде оны жүзеге асыруға 38 миллион теңге қаражат қарастырылған. Қазір жас ғалымдар құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарымен байланыс орнатып, қадаларды қолданысқа енгізуге ниеттеніп отыр.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ, AQJOL AQPARAT