Жойқын жұдырықты жампоз

Өзбекстанның астанасы Ташкент төрінде бокстан өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар табысты өнер көрсетуде. Еліміздегі бокссүйер қауымның назары қазір Ташкент төріне ауып тұр. Бұл жаһандық бокс бәсекесінде жамбылдық қос боксшымыз жұдырықтасуда.

71 килограмм салмақта шаршы алаңға көтерілген Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесулерін өте сәтті бастады. 1/16 финалда Асланбек Тринидад және Табаго өкілі Аарон Присті 5:0 есебімен айқын ұтты. Жерлесіміз 1/8 финалда израилдық Мирослав Капулерді айқын ұтып, ширек финалға жолдама алды. Тіпті, Асланбектің Мирославты есеңгіретіп тастағанына куә болдық. Бұл жамбылдық боксшының бабында екенін көрсетеді. Енді Асланбек ширек финалда француз боксшысы Макан Таруремен қолғап түйістіреді. Француздық боксшы өте мықты қарсылас. Ол 1/8 финалда осы кезге дейін Әлем чемпионы болып келген жапондық қарсыласын ұтып кетті.

Бірақ, біз Асланбек Шымбергенов намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Бапкері Ермек Ертаевтың да жақсы тәсілдерді қарастырып, жеңістің кілтін іздейтініне сеніміміз зор. Туған өлке төрінде тақымымызды қысып, жерлестеріміздің жеңісін тілеп отырмыз.

Ташкент төрінде тағы бір жамбылдық боксшы 67 килограмм салмақтағы Дулат Бекбауов та сәтті өнер көрсетуде. Ол алғашқы кездесуін айқын жеңіспен аяқтады. Дулаттың бапкері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тәжірибелі маман Нұрлан Ақүрпеков. Енді Бекбауов ширек финалға өту жолында дайындық жасап жатыр. Бапкері Нұрлан да тәжірибесімен көп көмек беріп, абырой жолында тер төгуде. Ташкент төріне мыңдаған қазақ жанкүйерлері барып, отандастарымызға қолдау көрсетуде. Оның арасында жамбылдық жанкүйерлер де бар. Біз Дулаттан да жақсы нәтиже күтеміз. Екі жерлес боксшымыз медальға ілігіп, абыройлы оралады деген сенімдеміз.

Есет ДОСАЛЫ