Жетісудан «Мәңгілік қозғалтқышты» күймелі керуен «ЭКСПО – 2017»-ге сапар шегеді

Жаны жайсаң, жаңалыққа жаны құмар Отаров Рысбай Оқуұлы жасаған «Мәңгілік қозғалтқыш» жобасын кейде автордың өзі «Мәңгілік двигатЕЛь» — деп, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен үндестіре атағанды ұнатады екен. Дегенмен, бұл ғажайып жоба жайлы сәл кейінірек сөз етпекпін. Ал әзірге, әңгіменің әлқиссасын «бейбітшілік жаршысындай»  болып, ел аралап, су кешіп жүрген бүгінгі біздің кейіпкеріміздің басынан өткен қызықты жағдаяттармен сабақтайын.

Көк қозы көктен түсті ме?..

Сонау, миллениумға аяқ аттар 1999 жылы, киелі мекен Түркістанға сапарынан қайтар жолда, жапан далада маңырап жүрген жүрген жалғыз  қозыны қолтығына қыса еміренген Рысбай Оқуұлы ағамыз, бұл құбылысты Алла Тағаланың жіберген тосын  сыйы ретінде қабылдап, өзімен бірге елге ала кеткен екен. Кейіннен, 2001 жылы  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, «Ана тілі» газеті ұйымдастырған «ХХІ ғасыр. Қазақстан шекарасы» атты автошеруге бейбітшілікті насихаттаушы ретінде қатысқан Рысбай аға, Еламан деп ат қойған осы қозысының, анығырақ айтсақ,  қошқыл көк жүні қом тартып, тұрпаты мен мүйізі өсе бастаған қошқарының суреті салынған плакатты 16750 шақырымды басып өткен 34 күн бойы өздерімен бірге алып жүреді. Әрине, жақсы ырымға балағандықтан. «Өйткені Алматыдан шыққан автошеру алғашқы күні-ақ техникалық қиындықтарға кездесіп, Талдықорғанға әзер жетті. Сосын Еламанның суреті салынған плакатты бірге алып жүрдік. Сапар барысында алдымен Алла Тағаланың біздің ақ жолымызды қолдағаны шығар, бүкіл Қазақстанды аралап қайтқанша, автокөлігіміз еш бұзылып, жолда қалдырған жоқ», — дейді Рысбай ағамыз.  Бұдан кейінгі сапарларының бәріне өз күшімен, өз автокөлігімен шыққан Рысбай аға, Еламанды жанынан екі елі қалдырған емес. Осыдан біраз жыл бұрын «Қазақстан және әлем халқы имандылық пен бейбітшілікке соғыссыз, лаңкестіксіз һәм жемқорлықсыз» деген ұранмен Рысбай аға бастап шыққан  экспедицияны біздің, «Қазақстан-ZAMAN»-ның редакциясынан шығарып салғанымыз, олардың барған жерлері мен халықпен кездесулері жайлы оқырманға мағлұматтар жариялап тұрғанымыз есімде.  Бұл игі бастаманы 2008 жылы Алматы облысынан бастаған Рысбай аға, сапарының алғашқы кезеңін 2012 жылы Ақтау қаласында аяқтайды.  2010 жылдары аталмыш игі шара жайлы естіген сенатор Қуаныш Айтаханов та, «Нұр Отан» ХДПның Жемқорлықпен күрес» жөніндегі басшысы Оралбай Әбдікәрімов те Рекеңді жылы қабылдап, облыс басшыларының қолдау білдіруіне  мұрындық болған екен. Рас, өзге мемлекеттердегі бейбітшіліктің тұрақсыздығымен қоса лаңкестік әрекеттердің белең алуы, қоғамымыздағы сыбайлас жемқорлықпен күрес, имандылық, ұлттық мүдде төңірегіндегі мәселелер бір ғана Рысбай ағаның насихат жұмыстарымен шешімін таба қояды деу қиын болатын. Дегенмен, қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да адамзат игілігіне үлес қосқаны ақиқат. 

Негрден қалған жайнамаз

— Өмірімді мүлде өзгертпесе де, өзегімде қалған төрт түрлі жайт бар. Солардың бірі — кәдімгі жайнамаз. 50 жасқа келгенде өзімнің жеке «Мерседес» автобусыммен Самарқаннан жолаушылар таситынмын. Бірде артқы орындықта отырған негр жігіттің жайнамазы қалып қойыпты. Әлгіні үйге алып келдім. Осыдан кейін жұмысымның қыры кете бастағандай болды да, жайнамазды жақсылап орап, адам аяғы баспайтын нудың ішіне апарып тығып тастадым. Бірақ  жұмысымда өзгерген ештеңе жоқ. Бір күні тағы да сол Түркістанға сапарлап бара жатып, жайнамаз жайлы жанымдағы жақын танысыма айттым. Ол танысым діни ілімі бар, қажылыққа барып келген азамат еді, сәл ойланып отырды да: «Бекер олай істегенсің. Бұл да бір Алла Тағаланың саған жіберген сыйы болуы мүмкін. Біле білсең, Пайғамбарымыз с.ғ.с-нің тұсында Біләл есімді қара нәсілді азаншысы болған. Сондықтан негрден қалған деп теріс ойламай, қайта оны тауып алып, намаз оқы», — деген ақыл айтты. Сапардан оралысыммен осыдан жеті ай бұрын жайнамазды жасырған жерге бардым. Еш бүлінбестен, сол күйі жатыр екен. Қуанып кеттім. Міне, сол кезден бастап намаз оқып, құлшылық жасаймын. Жолым да, жұмысым да түзелді.            

  «Мен барсам, соғыс та, төбелес те тоқтайды»   

— Кішкене кезімнен-ақ төбелес дегенді қаламайтынмын. Бір қызығы, қызыл шеке болып төбелесіп жатқан балалар мен арашаға түсіп, жандарына жақындағаннан-ақ сабырға келіп, тіпті қайта татуласып кететін. Мұндай оқиғалар жігіт шағымда да көп кездесті. Ал енді, солардың арасынан ауқымдыларына тоқтала кетейін:

1968 жылы Ресейдің Калуга облысында әскери борышымды атқарып жүргенмін. Бір күні командир бәрімізді сапқа тұрғызып, Чехославакияда төңкеріс жасамақ болғандар көтеріліс жасап жатқанын, араларымызда еріктілер болса, баруға болатынын жеткізді. Бірінші болып, екі адым алға шықтым. Менің артымнан бүкіл рота шықты. Не керек, түнде жүріп, күндіз орманға жасырынып жатамыз. Енді жеттік-ау деген кезде «бүліктің» аяқталғаны туралы хабар алдық.

Екіншісі, 1989 жылы Алматы маңындағы бір полигонда Ауғанстанға жіберуге дайындады. Ол кезде запаста жүргендерді дайындыққа шақыратын. Оларды халық арасында «партизан» деген лақап атпен атайтын. Қысқасы, біздерді енді аттандырмақ болғанда, КСРО әскері Ауғанстанды тастап шыға бастады. Біздер, «партизандар»  да үйлерімізге тарқадық.  Ал енді 2011 жылдың шілдесінде Жаңаөзенге сапарым сәтсіз болды. Өйткені мен жергілікті әкімдіктен алаңда ашаршылық жариялап жатқандармен кездесу үшін рұқсат алуға барғанымды, бәз біреулер алаңдағыларға: «Сендерді райларыңнан қайтарып, дуалау үшін, көк қошқары бар біреу келеді», — деп, теріс көзқараста жеткізген. Осылайша, сенімсіздік туындаған. Ал кейін көтеріліс болғанын естіп,  Алматыдан пойызбен аттанғанымызбен, кеш қалған едік…

Иә, жоғарыда айтқандай, ақкөңіл ағамыз осы әңгімелерін айтып отырғанда, өзін бір әулиеге немесе қандай да бір құдірет иесіне теңеп немесе Жаратушы Алла Тағалаға шек келтіріп отырмағанына, керісінше, айналасындағыларға, қоғамдағы, тіпті әлемде болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарай алмайтын ақ ниеті мен ізгі істерін еш бүкпесіз жайып салып отырғанына мен өзім бек сенімдімін. Сіздер де солай қабылдарсыздар.  Олай болса, ендігі кезекте Рысбай ағаның «ЭКСПО — 2017» көрмесінде көрсетпек болып, өнертапқыштықпен  ашқан жаңалығы «Мәңгілік қозғалтқыш» жобасына жол берейік. 

 Түсіне жиі енетін Мариан бұғазына да сапар шекпекші

Р.Оқуұлы: — Мен өзім ауыл шаруашылығының механигімін. Аталмыш жобаны өмірге әкелуіме әуелі Елбасының саясаты мен Жолдаулары, солардың ішінде «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала Елі» концепциялары, содан соң осы механик мамандығым себепкер болды. Мақсатым — халыққа, мемлекетімізге электр қуатын өндіріп, пайдаланудың тиімді жолын көрсету. Бұл орайда, ұлы ғалым И.Канттың «Судың құрамы және оны пайдалану» туралы еңбегіне сүйендім. Яғни электр тоғы қарапайым судан  өндіріледі. Күйме формасындағы бұл электр қуатын өндіруші қозғалтқыштың бастапқы зерттемелік қуат күші 12В, 24В, 36 вольттарды құрайды, ал келешекте қажетіне қарай 220В, тіпті одан да жоғары қуаттыларын өндіруге жұмыс жасалмақ. Ал келешекте бұл жобаны үнемділігі мен тиімділігіне байланысты бүкіл әлем пайдаға асыра бастауы мүмкін. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Донбастағы ГЭС-не оқ тиіп, бүкіл Қырым біраз уақыт жарықсыз қалды. Ал біздің «Мәңгілік қозғалтқыш» электр куатын өндіретін күймесін кез келген жерге, кез келген ауылға немесе қалаға апарып қоя бересің. 

Әрине, айтуға оңай болғанмен, жобаны іске асыру қиынға соғары анық. Бір ғана сызбасын жасатудың өзі біраз қаражатты қажет етеді. Ал оның су құятын ыдысы мен түрлі тетіктері тағы бар. Сондықтан біздің осы жобамызға демеушілік көрсететіндер болса, біз тіпті жобамыздың атын сол қайырымды жанның атымен атауға да қарсы емеспіз. Өйткені біздің бұл ісіміз халық үшін, жалпы адамзаттың игілігі  үшін. Бұдан бөлек біз «Мәңгілік қозғалтқыш» жобасын қолдауды өтініп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа кірдік. Әкім қолдау көрсететінін айтып, облыстық кәсіпкерлер және «Даму» басқармасының басшысы Маржан Мықтымұрат деген азаматшаға жіберді. Қазір олар белсенді түрде айналысып жатыр. Сондай-ақ, облыстық Ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы да өз қолдауларын көрсетіп жатыр. Жұмысымыздың атқарылу барысы кезең-кезеңге бөлінген.  Бүгінде Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетіндегі (ЖМУ) ғалым-профессорлар  да жобаға қызығушылық танытып, өз зертханалары арқылы тәжірибелік зерттеуге кірісті.  

Алла бұйыртса, «ЭКСПО — 2017» көрмесіне күйме формасындағы «Мәңгілік қозғалтқышты» түйеге жеккен күйде апарып, Қазақстанымды, қазағымның биік рухы мен әдет-ғұрып, салт-санасын әлемге таныстырсам деген ойым бар. Тіпті, «ЭКСПО — 2017» көрмесінен кейін де «Мәңгілік қозғалтқышты» нар түйеге жегіп алып, жер жүзін араласам деймін. Сол сапарымда ылғи түсіме енетін Тынық мұхитындағы Мариан бұғазының ең терең тұсына барып, ел-жұртыма, қазағыма, бүкіл адамзатқа бағыштап, құрбандыққа түйе шалсам деген арманым да жоқ емес… Осылайша, энергия өндіретін жоба жасап, игілікті іс атқарып жүрген Рысбай ағамызға арман-мақсатына жету жолында өз бойындағы қуатының да сарқылмауын тілейміз! 

Жанбақыт Мерекеұлы