Жастар — ел ертеңіне салынған «инвестиция»

Ел ертеңі жастар. Сондықтан да жастар саясатын қолдау мемлекетіміздің ұстанған басым бағыттарының бірі. Биыл Жастар жылы бастау алғаны да кейінгі буынға деген зор құрмет пен жауапкершілік жүгі. Осы орайда, аудандық жастардың атқарып жатқан жұмыстарын бір сүзгіден өткізуді жөн көрдік.

Статистикалық мәлімет бойынша, бүгінгі күні Шу ауданының жалпы тұрғындар саны 100 516 болса, оның 22 221-і 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды құрайды.

Жастарды ауданның қоғамдық, абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарына тарту мақсатында ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтары Төле би ауылындағы («Жастар аллеясы», М.Жүнісалиев саябағы, Соғыс ардагерлерінің үйі мен Сәдуақас, Түркісіб және Қарабас арықтарын қоқыстан, құмды бөгеттерден тазалау) және Шу қаласындағы («Жеңіс», Теміржолшылар саябағын қоқыстардан, арам шөптерден арылту, талдарды балақтау және т.б). жұмыстарын жүргізді. Аталған бағдарламаға 4 млн. 177 мың теңге бөлініп (әр жастың айлық жалақысы 42 500 теңге), 80 жас жұмыспен қамтылды. Жұмыстар ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 1 маусым күндері аралығында (екі топ, 1 топта 40 жастан) жүргізілді. 2018 жылы бағдарлама аясында 75 жас, 2 млн. 922 мың теңге (әр жастың айлық жалақысы 30955 теңге) бөлінген.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік сала мамандарын жұмыспен қамтып, ауылға тұрақтандыру мақсатында 2019 жылы 36 маман әлеуметтік көмек алса, 27 маманға бюджеттік несие берілген, кезекте тұрғандар саны әлеуметтік көмекке 142 маман, бюджеттік несие алуға 85 маман. Жалпы 2009 жылдан бүгінгі күнге дейін бағдарлама аясында 462 маман келіп жұмысқа орналасты және 234 маманға бюджеттік несие берілді. 2009 – 2018 жылдар аралығында бюджеттік несие яғни тұрғын үй сатып алған мамандардың бүгінгі күнге келісім шартты бұзғандары жоқ.

Ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында аудандық бюджеттен 2018 жылы қаржыландыру көлемі 55 млн. 592 мың теңгені (оның ішінде іс-шараға – 5 млн 966 мың теңге) құраса, 2019 жылға 60 млн. 609 мың теңге (оның ішінде іс-шараға – 15 млн теңге) бөлінді.

«Zhas Projeсt» Жастар корпусын дамыту жобасы аясында Шу ауданынан 64 жоба ұсынылып, 25 жоба грантқа ие болды. Жобаға қатысушыларға 40 мыңнан, 60 мың теңгеге дейінгі мөлшерде 6 айға шәкіртақы тағайындалды. 2019 жылдың 3 ақпан күнімен аталған жоба грант иегерлері 6 ай атқарған жұмыстарының есебін тапсырып, жұмыстарын аяқтады.

«ҚАМҚОР» волонтерлік — қайырымдылық жобасы аясында аудандағы 23011 отбасын аралау арқылы дерекқор қалыптастыруға 266 волонтер, 127 топ (Жоспар бойынша 200 волонтер 100 топ) тартылып, Шу қаласы мен елді мекендердегі 22670 үй араланып, 8740 сауалнама толтырылған, оның 5050 сауалнамасы базаға енгізіліп, 30301 адамның тұрмыстық жағдайы зерделенді.

Сондай-ақ, 21 ақпан күні қайырымды жандардың қолдауымен, аудан әкімдігі мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болуымен Шу қаласы,

орталық базардағы «Достық» үйінің екінші қабатынан «Қамқор» атты әлеуметтік дүкен ашылды.

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурс жариялаған болатын. Аталған конкурсқа Шу ауданынан 31 жоба ұсынылып, жоба қатысушылары конкурстың нәтижесін күтуде.

Төлен Дедек .