Жасай бер, жаңғырған, жасарған — Жамбыл өңірі!

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бастамасымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Nur Otan» партиясының қолдауымен қолға алынған «Ауыл–ел бесігі» экспедициясының Жамбыл жеріндегі жұмысы Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарымен түйінделді. Аталған елді мекендерге дейін жеті ауданды аралап, тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түріп, «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы аясында жанданған пилоттық жобаның барысын барлаған экспедиция мүшелерін ең алдымен Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов құшақ жая қарсы алып, өлкенің тыныс-тіршілігі туралы кең мағлұмат берді.

— Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірі қай кезде де өзінің өндіріс саласымен танылған өлке. Биыл да елді мекен облыс әкімімен белгіленген межелік индекаторларды діттеп, барлық салада өсім байқалуда. Әсіресе асырушы сала алшаң басып, қызылша шаруашылығы бойынша көш ілгері жылжыдық. Үстіміздегі жылы шаруалар тәтті түбірді Меркі қант зауытына өткізген болса, келер жылы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағынан үлкен зауыт бой көтереді. Міне осы өндіріс орны барлық сұраныстарымызды қанағаттандырмақ.
Одан бөлек тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында жанданған жамбылдық жобаға пилоттық ауыл ретінде Жаңақоғам ауылдық округіндегі Көктөбе ауылы таңдалынып алынды. Аталған елді мекенде де қазір бес бағыт бойынша тұрғындардың өтініші қабылданып, егін мен мал шаруашылығы, жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында тың бастамалар көтерілуді,– деді аудан әкімі.
Өз кезегінде экспедиция жетекшісі, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы экспедиция-ның мақсаты мен міндетіне тоқталып, басылым әрдайым ауданмен бірлесе жұмыс жасауға ниетті екенін жеткізді. Ал актив жиынына қатысып отырған ауданның бөлім басшылары мен мектеп директорлары «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы жайлы жылы лебіздерін білдіріп, биыл аталған басылымдарда ауданның тыныс-тіршілігі туралы кең көлемді мақалалар жарияланғанына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар газет пен журналға барынша қолдау көрсететіндіктерін тілге тиек етті.

Шудағы теңдессіз зауытқа шикізатты қайдан табамыз?

Бұдан кейін экспедиция мүшелері аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы мектепке аялдады. Мұнда аудандық мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылармен келелі кездесу өтті. Жиында Сәуле Мешітбайқызы ұстаз мәртебесі мен білімді ұрпақ жайында тереңінен сөз қозғаса, басқосуға қатысушылар тұщымды ойлары мен көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдады. Әсіресе мектеп директорларының ұстаз мәртебесі, оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету хақындағы ойлары көптің талқысына түсті.
Осы күні астаналық топқа мақсары майын шығарып отырған «Kaz-Ir AGRO» ЖШС-ның да жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын мамандарының айтуынша бұл зауыттың елімізде баламасы жоқ екен. Алайда шикізаттың тапшылығынан өндіріс орны қуатты күшіне шыға алмай отырған көрінеді. Сол себепті зауыттың директоры Хамидреза Алинагияносы мәселені біржақты шешуге жәрдемдесуді экспедиция мүшелерінен өтінді. Сәуле Мешітбайқызы аталған түйткілді министрлік деңгейінде көтеріп, түйінін тарқатуға күш салатындығына уәде етті.
Шынында 2011 жылы іске қосылған серіктестік мақсары майын өндіру үшін кәсіпорынға ирандық және германиялық қондырғыларды әкеліп орнатқан. 8 гектар алқапты алып жатқан кәсіпорынның құрамында май цехі, астық және майлы дақылдарды өңдеуге және сақтауға арналған астық қабылдау пункті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары бар. Осыған дейін дайын өнім Қытай мен Бельгияға тасымалданса биыл күншығыс еліне жіберіліпті.
Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 3000 литр май өндіре алады. Тұрақты жұмыс орындарымен 60 адам қамтамасыз етілген. Жұмысшылар арнайы курстан өтіп, шетелдік техниканың тілін түсінген.
Зауыт салқындатылған сығу технологиясын қолдануымен ерекшеленеді. Бұл мақсары майының құрамындағы дәрумендер мен пайдалы элементтердің жойылмауы үшін таптырмас әдіс. Сондықтан шет елдерден келетін сұраныс жылдан жылға артып отыр. Компания бүгінгі таңда Нидерланд еліне мақсары майын жеткізу үшін бір жылдық келісімшартты жасау жөнінде келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар, мақсары майы Қытай, Чехия, Жапония, Ресей және Өзбекстан елдеріне экспортталуда. Десе де өндіріс орны қуатты күшіне шыға алмай отыр. Оған себеп жоғарыда айтқанымыздай шикізаттың тапшылығы. Серіктестік күнбағысты 10 гектар жерге өз күшімен егіп көргенімен, одан мол өнім ала алмаған. Ал жергілікті шарулар биыл күнбағыс еккенімен оның денін шикізат түрінде алып-сатарларға өткеріп жіберген. Осының салдарынан зауыт шикізатсыз қалып отыр. Мамандар қазір жергілікті билік ең болмаса күнбағыс егетін жер мәселесін шешіп берсе дейді. Ол үшін серіктестіктің жұмыс күші мен техникасы жеткілікті. Тек енді Шу ауданының әкімдігі бұл мәселеге майшаммен қарап, қолдау білдірсе болғаны.

Жаңа қоғамда пилоттық жоба жүйесін тапқан

Зауыттағы күрмеуі қиын мәселені көзбен көріп, көңілге түйгеннен кейін экспедиция мүшелері жамбылдық тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаның Шу өңірінде қалай жүзеге асып жатқанына зер салды. Жобаға таңдалынып алынған Жаңақоғам ауылдық округінде Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ әуелі Жамбыл Жабаев атындағы мектепте ұстаздар мен оқушылармен кездесті. Басқосу барысында «Nur Otan» партиясы Шу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Найман Сұлтанбаев бұрындары ұстазды көріп оқушы қашса, қазір оқушыны көріп мұғалімдер қашатын күйге жеткеніне ішкі қынжылысын білдіріп, ұстаз мәртебесіне қатысты терең ой қозғады. Мұны мектеп мұғалімдері де қолдап, Сәуле Мешітбайқызынан Ел Анасы ретінде осы мәселені газет бетінде қозғауды сұранды. Сондай-ақ оқушылар да ұсыныс-тілектерін айтып, еркін форматтағы тағылымды басқосу болды.
Жалпы бұл күні пилоттық ауылдың жобалық офистік жұмысы аудан орталығында жүріп жатқандықтан экспедиция мүшелері Жамбыл облысы инвесторларға қызмет көрсету жобалық басқару және цифрландыру орталығының Шу ауданы бойынша бөлімшесін іздеп барды. Мұнда тұрғындардың өтініштерін қабылдап жатқан бөлім басшысы Саламат Досжанов таңдалынып алынған Жаңақоғам ауылдық округі, Көктөбе ауылындағы өтінім берген тұрғындардың құжаттарын тексеру өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Және бөлім жоспарлы жұмысты межелі уақытта бітіруге бар күшін салуда екен. Экспедиция мүшелері жүйелі жұмысты көзбен көріп, жемісті жобаның жемісін көруге тілектестік білдірді.
Экспедиция жұмысы келесі күні Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және Шу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Есірткі саудасы есіл ерлердің есін алып тұр» атты форуммен жалғасын тапты. Аталған дөңгелек үстел отырысы жайлы газетіміздің өткен санында толыққанды мағлұмат берген болатынбыз. Бір ғана айтып өтері бүгінде бұл басқосудың түйіні ретінде Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және «Nur Otan»партиясы облыстық филиалымен үшжақты Үндеу жарияланып, жастарды жат қылықтан аулақ болуға шақырған шаралар легі басталып кетті.

318 жобаға 496,0 миллион теңгеге сұраныс білдірілген

Мойынқұм ауданындағы экспедиция жұмысы жамбылдық жобаға таңдалынып алынған Айдарлы ауылдық округінің тыныс тіршілігі-мен танысудан басталды. Тұрғындардың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға арналған пилоттық жобаға енген Кеңес ауылының әкімі Әділет Мұқашевтің айтуынша, қазір елді мекен пилоттық жобаға жан бітіруге білек сыбана кіріскен екен.
— Пилоттық жобаға таңдалынып алынған Кеңес ауылдық округі бойынша жалпы 363 аула, 2004 тұрғын және 1 елді мекен бар. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 210 адам 40 ауланы құрайды. Шаруа қожалық саны 70 болса, ол 121 ауланы қамтиды. Округтағы 363 ауланын үй іргесіндегі жер көлемі 58 гектар 100 пайыз сумен қамтылған.
Жобаның бірінші бағыты бойынша несиеге өтінім берген 318 ауланың жалпы жер көлемі 58 гектар. Оның ішінде картоп 25 гектар болса, қажетті қаражат 11 075,0 мың теңге. Ал қызанақ 33 гектарды құраса, қажетті қаржы 3 128,0 мың теңгені құрап отыр. Бәрін қосқанда керекті сомасы 14 080,0 мың теңге болса, оның ішінде тұқымға 10 554,0 мың теңге, тыңайтқышқа 1 638,0 мың теңге, пестицидке 2 011,0 мың теңге берілмек.
Тұқым және басқада тауарлы-материалдық құндылықты сатып алуға «Айдарлы Агро—2019» АШК-нің төрағасы Мейрхан Шалкарбеков Алматы қаласында орналасқан «КАЗНИИПО» ЖШС арасында келісім-шарт жасасу бойынша жұмыстар жасауда.
Екінші бағыт мал шаруашылығы бойынша жалпы 363 аула болса, оның ішінде 197 аула малмен қамтылған. Қалған 73 ауланың 14-нің үйлері несиеде кепілдікте тұр. 14 ауланың құжаттары заңдастырылмаған, 45 аулада адам тұрмайды. Бүгінгі күнге 117 аула иелерінен 2514 бас мал алуға жалпы соммасы 394 660 мың теңгеге өтінім келіп түсіп отыр.

Үшінші бағыт Айдарлы ауылында «Айдарлы Агро – 2019» АШК барлық саланы қамту бағытымен құрылды. Кооператив басшысы болып Мейрхан Шалкарбеков көпшілік жиналыста сайланды. Ауыл сыртындағы жерді АШК-і арқылы игеру бойынша, мал азығымен қамтамасыз ету үшін егілетін дақыл түрлері жаңадан егілетін көпжылдық шөп 138 гектар, бұрыннан бар көпжылдық жоңышқа 805 гектар, дәндік жүгері 270 гектар, сүрлем жүгері 50 гектар және арпа 144 гектар.
АШК-і орналасқан жерін және орналасуы анықталып, жер телімін бөлу және қажетті инфрақұрылым тарту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Қажетті қаражат көлемі 74,5 миллион теңге.
Төртінші бағыт АШК бойынша сатып алынатын техника мен жабдықтар 18 бірлікті құрап, жалпы соммасы 140 630 000 теңге қаржыны құрады. АШК-нің кепіл қою мүмкіндігі сомасы – барлық техника лизинг арқылы алынады.
Бесінші бағыт аясында ауыл шаруашылығы саласынан басқа бағыт бойынша пилоттық округте жалпы 3 жоба 5 000 000 теңгеге ұсыныс түсіп отыр. 3 аула дүкен жабдықтарын алуға сомасы 8 000 000 теңге ниет білдірді. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға барлығы пилоттық округ бойынша 318 жоба 496,0 миллион теңгеге сұраныс білдірді, –деді округ әкімі.
Экспедиция мүшелері пилоттық жобаға бас-көз болуға бекітілген «Айдарлы Агро-2019» кооперативіне арналған орынды да көзбен көрді. Аталған нысанның құрылысы енді қолға алынып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан оның жемісін алдағы уақытта жазатын боламыз.
Пилоттық жоба жұмыстарымен танысу барысында Сәуле Мешітбайқызына ауылдық округте жаңадан салынған қырман алқабы мен Ерік Белдебаевтың шаруа қожалығы да таныстырылды. Еріктің айтуынша ол биыл екі гектар жерге жүгері егіп, мол табысқа кенелген екен. Жүгеріні жемге айналдыратын диірменді де сатып алып, өз тіршілігін дөңгелетуде. Сондай-ақ қожалық иесі жылқы мен асылтұқымды қой бордақылап сатумен де айналысады. Етті аудан нарығынан бөлек, облыс орталығына да экспарттауда. Енді шаруа пилоттық жоба аясында асылтұқымды сиыр алып, сүт кластерін дамытуға өзіндік үнін қоспақшы. Бірақ Еріктің тілегі мүйізді ірі қараны кооператив емес, шаруалардың өздері сатып алуға ерік берілсе дейді. Бұл мәселе белгіленген талап бойынша ағымдағы жылдың соңында Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан шешімі болады. Десе де пилоттық ауылдағы шаруалардың ынтасы мен жігері сөз жоқ көз сүйсіндірді.
Аудан ортағына дейінгі жолда экспедиция мүшелері Бірлік ауылына да ат басын бұрып, «Байбарақ–Агро» кооперативінің төрағасы Алмабек Әбдіхалықовпен тілдесті. Кооператив құрамына әзірге екі шаруа қожалығы ғана еніп тұрса да, шаруалардың тірлігі ширақ. Биыл жүгеріден мол өнім жинап, өздеріне де, өзгеге де мал азығын толығымен әзірлеп алған. Аталған елді мекенде жүгеріні жинау үшін биыл арнайы ашылған қырмен мен техникаларды сақтауға арналған МТС жұмысы да жүйелі. Оны да экспедиция жетекшісі Сәуле Мешітбайқызы көзбен көріп, оң бағасын берді.

Мойынқұмда гүл бизнесі дамиды деп кім ойлаған?

Бүгінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға барынша қолдау бар. Әсіресе «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты бойынша өз кәсібін дөңгетіп отырған жастардың саны күн санап артуда. Бұл, әрине, ең бірінші азаттығымыздың ақ таңы мен егемендігіміздің жемісі екені даусыз. Мұндай шарапатқа шалғайдағы Мойынқұм ауданының жастары да бөленуде. Елді мекендегі экспедиция жұмысының екінші күні осынау жастар кәсіпкерлігі Сәуле Мешітбайқызы бастаған астаналық топты таңдай қақтырды.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыт Қалымбетованың айтуынша, биыл Жаз-ата ауылындағы 241 жас арнайы кәсіпкерлік курсынан өткен екен. Оның 59-ы 311 миллион теңге көлеміндегі жобаны сәтті қорғап шықса, 40 үміткер 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.
— 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты иеленгендердің ішінде 4 көпбалалы ана бар. Олар атаулы әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартып, кәсіп ашып отыр. Сондай-ақ 3 мүмкіндігі шектеулі тұрғындарымыз да үкіметтің жәрдемақысына тәуелді болмай, бизнес идеяларын жүзеге асыруда.
Жыл аяғында тағы 60 жасымыз арнайы курстан өтті. Осы азаматтардың бизнес жоспарын қаржыландыру үшін келер жылға өтінім беріп отырмыз.
Әрине, жастар үшін мұндай мүмкіндікті кез келген мемлекет жасап отырған жоқ. Бұл Тәуелсіздік таңының тартуы екені даусыз. Сондықтан жемісі мол жобадан жастар шет қалмаса екен, – дейді орталықтың директоры Б.Қалымбетова.
Биыл 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендердің бірі – Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Алуа Сәбитқызы. Жалынды жас аудан орталығынан сән салонын ашқан. Бағдарлама аясында арнайы оқып келген Алуа дәл қазір мойынқұмдықтарға өз қызметін қалтқысыз көрсетуде.
— Бағдарлама аясында оқу курсынан өткеннен кейін, өз бизнес жоспарымды ұсыну арқылы 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Аталған сомаға сән салоныма қажетті қондырғыларды сатып алып, қазір тіршілігімді бастаудамын. Шындығы керек, өзім де осы Мойынқұм ауылында туып өскендіктен, бұрындары бір жерге бара қалайын десең, өз-өзіңді қалыпқа келтіру үшін айна алдында сағаттап отыратынбыз. Ал үй жағдайында барлық мүмкіндік қолда бола бермейді. Сондықтан мерекелік кештер немесе тойлар болса, бетіңді әрлеп, шаш үлгісін жасату үшін 120 шақырым қашықтықта жатқан Шу қаласына шабылатынбыз. Қазір осы қызметтің барлық түрін сан салонымда ұсынып отырмын. Күніге кемі 4-5 адам келіп, қызметімді тұтынады. Ал демалыс немесе мереке күндері тіпті ұзын-сонар кезектен аяқ алып жүре алмайсың. Әзірге сән салонымның ғимаратын жалға алып жұмыс жасаудамын. Бұйыртса алдағы уақытта өзімнің жеке кеңсемді ашсам деген жоспарым бар.
Аудан орталығында құрбым да арнайы курстан өтіп, сән салонын ашып отыр. Сомен бірлесе жұмыс жасаудамыз. Осындай мүмкіндік туғызған және жас кәсіпкерлерге қолдау білдірген Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және жергілікті билікке айтар алғысым шексіз, – дейді жас кәсіпкер.
Ал Жұлдыз Қуанышева Мойынқұм елді мекенінде бұрын-соңды болмаған гүл бизнесін қолға алып отыр.
— Жалпы бала кезімнен гүл өсіруге құмарттым. Содан бір күні ойлана келе «неге Мойынқұм ауылынан гүл сататын орын ашпасқа» деген идея келді. 505 мың теңге көлеміндегі грант қолға тиген бойы Алматы қаласын бетке алдым. Есептей келе бұл бизнестен пайда түсетініне көзім жетті. Қазір екі аптада бір рет Алматыға барып, гүл алып келемін. Сатылымға қойылған гүлдерім тез өтуде. Той болсын, туған күн кештері болсын, ауыл тұрғындары бұрынғыдай Шу қаласына шабылмай менен келіп гүл алады. «Ана жүрегі», «Әйел, еркек бақыты» деген сынды гүлдеріме сұраныс өте жоғары. Бағасы 2000 теңгеден басталады. Бір сөзбен айтқанда қолжетімді.
Енді жамбылдықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба аудан орталығына келсе, несие алып жылыжай ашсам ба деген жоспарым болып отыр. Ол енді уақыт еншісіндегі нәрсе. Әзірге жас кәсіпкерлерге осындай мүмкіндік тудырған Мемлекет басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді жас.
Иә, қалай алып қарасаң да бұл қос қолдап қолдауға тұрарлық дүние. Шалғай Мойынқұм ауылында сән салоны ашылып, гүл бизнесі жолға қойылады деп кім ойлаған. Демек, көпшілік «тірліктің көзін тапса, қазынаның өзін табуға болатындығын» түсінді деген сөз. Енді тек мойынқұмдық жастардың жігері мен таудай талаптары өзгелерге үлгі болсын деп тілейміз!

Жаз-Ата ауылындағы жұмыстар жан жадыратады

Аудан орталығында экспедиция мүшелері Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназиясында да жастармен жүздесті. Мектеп директоры Нұртас Саурықов елордалық топты жылы шыраймен қарсы алып, көпішілікті қонақтармен таныстырды. Одан кейін Сәуле Мешітбайқызы екі жеті бойы Жамбыл жерін аралап келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» экспедициясының мақсат-міндетіне тоқталды. Өз кезегінде мектеп мұғалімдері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойса, «Мөлдір бұлақ» журналының жас оқырмандары жүрекжарды жырларын арнады.
Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы аталған мектеп қабырғасынан жас дарындар көптеп шығып, «Мөлдір бұлақ» журналы былтыр ұйымдастырған додаға қатысқанын тілге тиек етіп, биыл да бұл аламан жалғасын табындығын айтып, балғындарды қуантты.
Аудандағы экспедиция жұмысы аудан әкімінің актив жиынында түйінделді. Жиынды аудан басшысы Мәден Мұсаев алғы сөзбен ашып, «Qazaqstan dauiri» газетінің беделі мен биігін, басылым басшысы Сәуле Мешітбайқызының ел ішінде жүріп, қара халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп жүрген ерен еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ өлкеде биыл барлық бағыттар бойынша оң динамика сақталғанын, әсіресе агросалада көрсеткіштер көк тірегенін тіліне тиек етті. Өз кезегінде сөз тізгінін Сәуле Мешітбайқызы Жаз-Ата ауылындағы жарқын жаңалықтар жайлы әрдайым құлағдар болып жүретіндігін айтты. Сондай-ақ ауданға Мәден Тоқтарбайұлы әкім болып келгелі, кеңестік кезеңнен кейін келмеске кеткендей көрінген көп нәрсе қайта оралып жатқанына қуаныш білдірді. Әсіресе ауданға кіре берістен еңбек адамдары биыл егістік даласынан мол өнім алғандарын, арық-атыздар тазаланып, ағын су жеткенін, осынау ізгі тірлікке ұйытқы болып отырған аудан әкімі Мәден Мұсаев пен әрбір бастамасына қолдау білдіріп жатқан аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке алғыстары шексіз екеніндерін жеткізгені жан жадыратқанын айтты.
Басқосу барысында сала мамандары болса, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналын әрдайым оқитындықтарын айтып, басылымға барынша қолдау білдіруге уәде етті. Бұл күні аудан әкімі Мәден Мұсаев ауыл шаруашылығы саласында қордаланған бірқатар мәселерге қатысты бізге ашық сұхбат та берді. Аудан басшысымен болған бүкпесіз әңгімеміздің толық нұсқасын газетіміздің алдағы нөмірлерінде арнайы беретін боламыз.

Тілші түйіні   Жалпы Жамбыл облысындағы жұмыс жоспары барысында экспедиция мүшелері Жамбыл ауданына да аялдап, ауданның бұрынғы әкімі Бақыт Қазанбасовпен кездесті. Екі тарап бір-біріне ойларын ашық жеткізіп, алдағы уақытта берік байланыста жұмыс жасауға уағдаласты.
Негізі екі жетіге созылған Жамбылдағы «Ауыл – ел бесігі» экспедициясына жан-жақты қолдау білдірген облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Ынтықбаевтың, оның орынбасары Берік Бегалиевтың, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың, оның орынбасары Ерлан Құлкеевтың, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаевтың және партияның Шу аудандық филиалдары төрағасының орынбасары Найман Сұлтанбаевтың ерен еңбектерін айрықша атап өткен жөн. Сондай-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен бастап, барлық аудандардың әкімдеріне де ақпараттық қолдау білдіргендері үшін айтар алғысымыз шексіз. Басылым мен билік арасындағы берік байланыс деген осы.
Әрине, Жамбыл облысындағы жан жадыратар жағымды жаңалықтардан оқырманды хабардар етуде мұнымен тоқмейілсімейміз. Алда Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы келе жатыр. Аталған шарада да «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы әулиеаталықтармен бірге болмақ. Ендеше жазар жақсылық, берекемен атар таңымыз көп болғай!
Жасай берсін, дамудың жаңғыл жолына түсіп, жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылған Жамбыл өңірі

Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы