ЖАНБОЛАТ, БАЛАМ-АУ, ХАЛЫҚТЫ БОСҚА ДӘМЕЛЕНДІРМЕ!

Борышкерді қарыз «бұғауынан» түгелдей құтқару мүмкін емес!

 

 Оймақтай ой

Алматыда өткен бейбіт шеру барысында елдің несиесін кешіру сөз болды. Бұл сыныққа сылтау, тисе терекке, тимесе бұтаққа деген жанкешті әрекет қана. Негізі несиені түгел кешіреді дегенге сену қиын.   Өйткені біреудің алған қарызын,  мемлекеттің жауып тастауы ақылға сыймайды. Мұның арты теңсіздікке апарып соғады. Әділетсіздікке итермелейді. Сосын бүгін несиесі жабылған адамның қайта қарызға белшесінен батпасына кім кепіл! Жә, осымен бұл әңгіме тәмәм.

Иә, митинг сәтті өтті. Халық көп жиналмаса да,  әр жерден жалынды сөздерді құлағымыз шалып қалды. Ең бастысы  ешкімді сүйреп көлікке тықпады. Бұл кешегі заңға енген баптың “қуаты”. Дамыған елдерге тән құбылыс! Және биліктің халықпен санасқаны.

Технология заманы болғандықтан халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Оны бүгінгі билік те біліп отыр. Әсіресе Президент Тоқаевтың демократияға деген көзқарасы түзу.  Мұны мойындауымыз керек. Бүгінгідей қиын шақта шерулетіп “шер” тарқату да жеңіске бастар жол емес. Билікке нақты ұсыныспен шықпаса бәрі бекер. Оның жолы көп. Соның біреуі мынау:

Мысалы, борышкер азамат  әйелі екеуі 130 мың теңге айлық алады дейік. Азаматтың айлығы  бар болғаны 70-80 мың, әйелінікі  40-50  мың теңге. Төлейтін несиелері 80 мың. Оны банк корточкадан бірден ұстап қалады. Әлгілердің пәтерге  төлейтіні орта есеппен ең төменгісі 40 мың теңге.  Астана мен Алматы түгілі шалғай өңірлерде 80 мың теңге ақша ма? Қазіргі қымбатшылық мұны жайындай жұтып қояды. Байғұстардың  тамағы, комтөлемдері,  балаларға киімі, т.б. кәкір-шүкір нәрселер көп.  Дәл осылай шықпа жаным, шықпа деп отырған жанұялар қаншама? Оларды билік түсінуге тиіс. Зерттеп, зерделеуге тиіс. Әйтпесе ел игілігіне жұмыс істемейтін бағдарламалар кімге керек?!

 


 

Тойымсыз банктер борышкерлердің айлығы түссе болды, ашкөзденіп бас-аяғына қарамай ұстап қалады. Олардың тіршілігі, келешегі үшін бас қатырмайды. Жаны алқымға тірелген борышкердің есі кетеді. Осыдан барып  отбасының берекесі қашады. Күйзелістен бірі ішіп кетеді, бірінің жүйкесі тозып, амалсыздан суицидке барады, ақырында шаңырақ шайқалады. Қаншама отбасы тап осылай күй кешіп жатыр.  Несиені алу оңай,  төлеу азап. Ал несиені қандай адам алады? Әрине қиналған жандар ғана. Олар тіпті ұшып тұрған пайызға да қарамайды. Әйтеуір бір жыртығын жамауы керек, басқа мақсат оларда болмайды да.

Міне, бұларға жаны ашып жатқан банк пен Үкімет жоқ. Егер жаны ашыса, қиналған жұртын тығырықтан шығарар жолды қарастырар еді ғой. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» деген осы. Біздегі шенеуніктердің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.  Өйткені есептері түгел.  Оларда айлық та мол, табыс та зор. Байлық та көл-көсір. Ешкімге қарыз емес, ештеңеге мұқтаж емес. Сондықтан біреуді  ойлап басын ауыртып қайтсін,  ә!

Иә,  Жанболат Мамайдың ниеті түзу, көңілі ақ болар. Бірақ үкіметке халықтың бүкіл несиесін кешір деуі орынсыз.  Одан да, Үкіметке:  «борышкерлерге жағдай жаса,  олармен санас,  тұрмысына қара, пайызын жеңілдет,  көмектес, қиындықтан шығар, жылы шырай таныт» десе әңгіме басқа.  Өйткені қиналған халық бұлай жалғаса берсе,  ешқандай «Көсемге» табынбай-ақ өз қалауымен көшеге шығып кетуі ықтимал.  Соны болдырмау үшін борышкерлерге қарасу билікке міндет! Мұны қазақ қауіптін алдын алу дейді.  Әсірелеп айтсақ,  жыланның аузына да ақ құйып шығарумен тең пәлсапа ғой.

 

 

Жанболат балам-ау, елдің қарызын кешіре сал дейтіндей банктің бәрі биліктің қолында емес қой!  Жекенің қолында. Дәулердің қолында… Нақты  ұсыныс бер деп отырғаным содан ғой.

Осы кредиттің кесірінен небір жоғары білімді кәсіби мықты мамандардың, ғалымдардың шарасыз күйге түсіп сенделіп жүргендері аз ба қоғам да?!   Ата заңда мемлекеттің басты құндылығы адам деп тұрған жоқ па? Егер заң адамды қорғаса,  несиемен “алысқандар” осындай пұшайман күйге түсер ме еді?!

ОНЫ АЙТАСЫЗ, ШЕТЕЛДЕН АЗ ПАЙЫЗБЕН ҚАРЫЗ АЛЫП, ӨЗ ХАЛҚЫН ӨЗІ ҚАНАП ЖАТҚАН БАНКТЕРДІ ҮКІМЕТТІҢ ҚОЛДАУЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?!

Сөз соңында менің айтарым, несиенің үстемесін түсіруге билік күш салуы керек. Айтсақ осыны айтайық, құр басқа көшені шаңдатпай…. Қарызға «маталған» халық сонда ғана «бұғаудан» босайды. Әйтпесе,  бәрі бекер.

Халық пен Банк қолайына дұрыс келетін ұсыныстар көп, соны іске асыратын кезең келді. Халықты босқа дәмелендірмей, болмайтын ұсынысқа емексітпей, болатын нақты ұсыныспен шығу уақыт талабы.

  1. 10-20 жыл болған қарыздарды төлеуді жеңілдету керек. Ол үшін төлемді азайтуға тиіс. Табыстың көлеміне қарай… Әйтпесе олар төлей алмайды.  Көпшілігі қарыз болғандықтан  жұмысқа тұра алмай жүр. Кейбірінің берекесі кеткендіктен  үйлерін алып та қойған. Тұрмысы  әбден нашарлаған отбасылар жетерлік. Жүрегің ауырады. Үйі жоқтың күй жоқ қой…
  2. Көп балалы мүгедек борышкерлер бар. Олар қайтпек? Жалпы баланың санын есептемеу керек, жағдайына қарап, ата-ана бағып отырғандарға кешірім жасалса құба-құп…
  3. Асыраушысынан айрылғандар, ажырасқандар не істейді? Олар аштан қырылуы керек пе?
  4. Қарыздың кесірінен әр жерде жұмыс істеп отбасын асырап жүргендер бар, мықты мамандар бар, алайда барлық жерде оларды бұғаттап тастаған,  көп балалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасылар  жылап жүр,  егер жұмысқа тұрақты тұрса айлықтарын банк  ұстап қалады. Амалдың жоғынан салықтан жалтаруға мәжбүр.  Зейнетақыдан қағылуға мәжбүр…

 

 

Неге осыны ретке келтірмеске? Банк «Жаудан түк тартсаң да пайда» дегенге неге жүгінбеске? Түк алмағаннан гөрі, аз да болса суыртпақтап отырса, тиыннан теңге құралады емес пе? Осыны  банк неге жолға қоймайды? Оларға ақша ғана керек-ау, адам емес!

Мысалы, айлығынан үстемесін төмен ұстаса үлкен көмек қой. Егер айлығынан  әрі кетсе 10-15% ұстаса реттелер еді бұл мәселе. Өкінішке орай  оны ойлап отырған ешкім жоқ қой. Қазірдің өзінде шырылдаған борышкер халықтың кейбірінің үйін тартып алып жатыр. Атқа «мініп алған» сот орындаушылары  індетіңе, дағдарысыңа қарап жатқан жоқ.

Шынын айтайық, Жанболатқа сенбегеннен емес, Банкке сенбегенннен жылап еңіреп жүргендер қарасы көп. Жанболат Мамайдың қолындағы тізім жартысының жартысы ғана. Құр несиені кешірлсін деп шапқылағаннан ештеңе шықпайды.

ХАЛЫҚТЫ БОСҚА ДӘМЕЛЕНДІРМЕ, ЖАНБОЛАТ БАЛАМ.! Егер билік халқын шын ойласа бүгінгі жағдайды ескеріп, банктерге ұсыныспен шығуы керек.  ХАЛЫҚТЫ ҚАРЫЗ ЕҢСЕСІН БАСЫП ТАСТАДЫ, ІНДЕТ ПЕН ДАҒДАРЫС ЕКІ ЖАҚТАН ТАРТҚЫЛАП ЖАТЫР.

Олай болса  Билік халықты көшеге шығуға емес,  несиесін өшіруге күш салсын. Банктермен күрес жүргізсін! Өйткені халық мемлекеттің тірегі.  Тірек босаса,  жүрекке қауіпті.  Демек жүрек бізді басқарып отырған билік!  Олай болса халықтың қажығаны мен банктердің қаржы қуғаны сол жүректі неге селт еткізбейді осы, ә?

 

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері