Жан әлемі…

Жан мен тән Алланың аманаты. Аманатқа қиянат адамдықтың жаманаты. Жаратылыста нәпсі ғана адамдікі. Нәпсі — тән азығы. Ілім — жан азығы. Тән өледі, жан өлмейді.

Маңдай көзі өлген тәнді ғана көрсе, көкірек көзі өлмейтін жанды да көрсете алады. Тән мүмкіндігі шектеулі. «Шектеулі мен шектеусізді өлшеуге бола ма» (Абай). Шектеулі өмірде шектеусіз мүмкіндігі бар жан әлеміне шектеу қою, шектен шыққан қателік.

Тән ауыртқан жарақат жатып тұрса жазылар,
Жан ауыртқан жарақат жарты жасқа созылар.
Жан әлемі — өте нәзік жаратылыс. Ол күтім мен қадағалауды, емдеп, елеп-екшеуді қажет етеді.

Жанның мәңгі иесі — Алла, тәндегі иесі жүрек. Жүректің тазалығы — жанның тазалығы.
Нәресте жүрегі таза жүректі періште,
Нәпсі қауып, Жолын тауып, салмақ оған қара дақ.

Әуел бастан күресіп бақ, беріспе.
Жан болмысы ақ-қара. Қаранікі қанағатсыз тақ болса, ал ақтікі тәубесі бар бақ қана.
Таза ұстап қаныңды, тәрбиеле жаныңды. Адал тауып асыңды, ақыретте аман сақта басыңды. Кісі ақысын жемегін, сұрау болмас демегін.

Өмір – өзен, жылжып ағып барады, көз ұшында кеме күн. Соңғы нүкте, соңғы дем секунд санап соғады. Жақсылықты жиып ал, жамандықты тиып сал.

Жан әлемін нұрландыр. Үзіп тастап үмітін жау нәпсіні құр қалдыр. Кек торлаған көңілге кешірімнің күшін бер, қиындыққа тап болса, жомарт қолдың ұшын бер. Әділдікті жақтай біл, адамдықты сақтай біл.

Қиянаттан қашып жүр, ғайбат сөзден қашық жүр. Көзің жетпей көңілге күдікті ойды кіргізбе. Өсек сөзді өргізбе. Адамдарды айналып жақсы жағын тауып ал, жаман әдет сөз болса құлағыңды жауып ал.

Өзіңді іздеп, кемдігіңді мойында. Жақсыменен салысып, соған жетер жол ізде. Жігеріңді жасытпай, дегеніңе жетіп тын. Әр ісіңді сұраққа ал, жақсылықта тұрақтал.

Тұрып қалма, одан биік асуды бағындырып ала бер. Көпшілікке жол ашып, үлгі болып қала бер. Жан әлемін жаңғыртар жаңа жолды үздіксіз іздеп алға бара бер.

Жан әлемін арала, не керегін сарала. Сен адамсың ерексің, жанға пана керексің. Жүре берме қу басыңды қаңғыртып, жан әлемін нұрландыр жаңа ілімді жаңғыртып.

Жанның емі тәрбие, алар демі еңбек қой. Ал еңбектің жеңісі тәртіппен өсер жемісі. Тәрбиелі, еңбекқор, елден ерек тәртіпті, жанның бағын Жаратқан жағасынан жұлыпты деген сөзді ешқашан естімепті жан тіпті.

Бұл айтқаным құр сөз емес. Құран, хадис, хакім Абай шын сөзі. Ары таза арыстың алты Алашқа ақ сөзі. Бағаласаң, сен іздеген бақ сөзі.
Құлақ түбін қышытар сөз емес қой ойы тар. Көкіректе көз болса, сөз ғой шіркін жан әлемін оятар.

ӘДІЛ ЕРЖАН.
Мақсат Сқақтың фб папақшасынан