ЖАМБЫЛДЫҚ ШАРУАЛАР ЖҰМЫСЫН ТИЯНАҚТАҒАН

Кеше Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев сала басшыларымен бірге өңірде көктемгі дала жұмыстарының өту барысын бір қарап шықты.

Алдымен асалық шаруа қожалықтардың егістік алқабына табан тіреген аудан басшысы мол табыстан үмітті дихандардың еңбегіне сүйсіне қарады.
Мұнда бірқатар шаруа қожалық қызу қарбаласқа түссе, енді бірі шаруасын бітіріп, тақтайдай тегіс алқабына көз жүгіртіп отыр. Шамасы жұмыртқа санайтын уақыттың қазаны тасыса деген ойы мазалап тұрса керек.
Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшынбетовтың айтуынша, мұнда 120 гектарға пияз, 70 гектарға арпа, 40 гектарға картоп орналастыруда. Шаруа қожалықтар алдағы күндері толықтай аяқтайтын көрінеді. Өңір басшысы Сәкен Қаланұлы олармен емен-жарқын сөйлесіп, қандай қажеттілік, нендей қиыншылықтар алда тұрғанын екшелеп сұрады. Дихандар судан тапшылық көрмесек екен деген тілегін жеткізді. Бұл сауалға аудан басшысы биыл Теріс-Ащыбұлақтағы су қоры өткен жылдан екі есе көп. Қиындық тумауы қажет екенін түсіндірді.

Мұнан соң Сәкен Қаланұлы қаракемерліктердің 90 гектарға жаңбырлатып суару әдісін пайдалана отырып, қант қызылшасын егіп жатқан алқапқа барды.

Аудан әкімінің сапары кезінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, «Фермерлер Одағы» аудандық филиалының төрағасы Аманалы Құрбанов бірге жүрді.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ