ЖАҢА ТӨРАЙЫМ САЙЛАНДЫ

Өткен аптада аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «АMANAT» партиясы Байзақ аудандық филиалының кезектен тыс XXXIX конференциясы болды. Конференцияға әрбір бастауыш ұйымдарынан сайланған 117 делегаттың 103-і, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаевтар қатысты. Конференция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды.
Күн тәртібіндегі бірнеше мәселе «Партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы» Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудандық «Жол картасы» бойынша 2021-2022 жылдары атқарылған жұмыстар туралы» партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шолпан Байтақова баяндады.
Партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Ақбаев филиал төрайымдығына Түймекент орта мектебінің директоры, партия мүшесі Спаналиева Индира Абилханқызының кандидатурасын ұсынып, делегаттарды оның өмірбаянымен таныстырды. Делегаттар бұл кандидатураны бірауыздан қолдап, дауыс берді. Индира Абилханқызы өзіне көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, партия жұмысын жүйелі атқаратындығын жеткізді.
Конференцияда делегаттар «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігі атынан Сазтерек ауылдық округі әкімі лауазымына партия мүшесі Шайхиев Жұмабек Асанұлының кандидатурасын қолдап, дауыс берді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Ақбаев партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ш.Байтақованың көп жылғы жемісті еңбегіне алғыс айтып, филиалдың жаңадан сайланған төрайымы И.Спаналиеваның жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Конференция жұмысын қорытындылаған партияның облыстық филиалының төрағасы Д. Бейсенқұлов жаңадан сайланған филиал төрайымы Индира Абилханқызын құттықтап, бастауыш ұйымдарда қолға алуға тиісті негізгі міндеттерге тоқталды.
Конференцияда қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ.