ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҰЛТТЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕП ЖҮР МЕ?

Төртінші отырыс несімен есте қалды?

Халық барометрі болу оңай емес!

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» құрылғанына 1 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта кеңес толық қалыптасты деуге негіз бар. Басында қайралмаған балтадай өткірлік көрсете алмағаны рас. Кейін халықтың сыны «жанып-жанып жібергеннен кейін» турап түсетін алдаспанға айналып келе жатыр.

Өйткені сөзден іске көшетін кезең келгенін халық та, билік те сезінгелі қашан! Сондықтан еркіндіктің самалы да тоқтаусыз есіп тұр…

Алғашында бұл кеңесті «халықты алдау, уақытты созу, түлкібұлаң саясат, ештеңе өзгермейді» дегендердің қарасы көп болғаны шындық. Алайда ел ертеңіне алаңдап, халықтың сөзін билікке жеткізе алады деген қоғамдық кеңес азаматтары көп шаруаның басын қайырып тастағанын жоққа шығаруға болмас.

Бұдан түйетін ой: халықтың арасында жүрген адам – сол араның аурасының да, көңіл-күйінің де барометрі! Осы тұрғыдан қарағанда ұлттық кеңестің мәртебесі биіктей түсетіні даусыз.

Ал президент Тоқаевтың өзі бұл кеңеске алғашқы күннен «бүйрегі бұрып», халықтан алыстап бара жатқан билікті «Еститін Үкіметке» айналдыруға күш салғанын айтпасақ обал.

Сөзіміз құр болмасын, «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» құрылғаннан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерімен 24 ( 2019 жылы – 16, 2020 жылы – 8) кездесу өткізгені дәлел. Сонымен қатар Ұлттық кеңес аясында жарияланған саяси реформалар топтамасы толығымен жүзеге асырылып, 7 заң қабылданғанын айтпай кету арға сын!  Министрлермен онлайн форматта 8 кездесу өткізілгені де дәтке қуат.  Бұл тәжірибе алдағы уақытта жалғасын табатынына сенім зор.

Халық үшін ең маңыздысы өз ортасынан дара шығып, «шырқыраған  жанайқай» мен қоғамның «қан қысымын» Президенттің өзіне қасқайып тұрып айта алатын азаматтар «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде» бой көрсетуі десек жарасар.

Сонымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында қандай мәселелер қамтылды?  Елдің көкейінде жүрген сауалдарға орын тиді ме? Ел сенім артқан серкелер ел сенімін ақтай алды ма? Оған жауапты көзі қарақты оқырман өзі – ақ оқып алар мақаладан.

Бұл жолғы сенім кеңесінен не түйдік,  не сездік,  пайым-таразысына салып  тарқатып көрсек, былай өрбиді:  Қоғамда белең алған адам саудасы мен ішкі миграция дер уақытында көтерілді, бұл кезек күттірмес мәселе -тін.  Жанын жалдап, арын бұлдап жүрген еңбек мигранттары шетелде өріп жүр. Көбісі жастар. Олар  жемқорлық жайлаған, тамыр-таныстық белең алған Отанынан көңілі қалғандар. Бұл да қоламтада жатқан қазақтың бір шаласы. Мұны көтеру – елдік мұратқа түрен салу деген емеуірін.

Алдағы Парламент сайлауы төңірегіндегі «азулы ойлар», «жалынан сипатпас адуын пікірлер»  қалғып кеткен жігерді, мүлгіп кеткен халықты оятуға деген талпыныс!

Әкім-қараларға, үлкенді-кішілі шенеуніктерге қарата айтылған сөз-жебелер, демократияға деген құштарлықтың жемісі деп түсінген дұрыс…

Сенім кеңесінде ту етіп көтерілген бұл жайттарды төменде рет-ретімен баяндайтын боламыз.

Айтпақшы, Ұлттық кеңесте көңілге қуаныш ұялатқаны, Президентіміздің бәрін мұқият тыңдағаны. Елдің жағдайынан хабардар болуға деген талпынысы! Кей мәселелерді ақ параққа түртіп алғаны – ұмытып қалмайын деген қорқынышы. Бастырмалатып бара жатқандарға дер кезінде жауап беріп үлгіргені – мәрт мінезі!

Бұрын мұндайға көзі үйренбегендердің көздері жасаурап, шындыққа тура қарайтын Президентті көріп өз-өздерінен масайрап кеткендері де анық…

 

 

ӘКІМДЕРДІ ХАЛЫҚ САЙЛАСА – ЖАУАПКЕРШІЛІК  КҮШЕЙЕ ТҮСПЕК

 

Бұл жолы кеңестің төртінші отырысы онлайн форматта өткені баршаға мәлім.

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біразы жүзеге асқанын  ашық айтты. Оған халық та куә.

Президент көмекшісінің сөзін тәпсірлесек, көлік иелеріне жүргізуші куәлігін талап етпейтін, тек қана жеке куәлікті қолдану мүмкіндіктерін қарастыратын жол жүру нормалары бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына ұсынылған.

Бұдан бөлек, Ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың біраз бөлігі жүзеге асыпты. Соның ішінде педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсуші үміткерлер үшін іріктеу талаптары күшейтілген көрінеді.

«Осы бағытта білім алатын бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 60 пайызға, ал докторанттардың шәкіртақысы 46 пайызға ұлғайды. Жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылық құрамның орташа еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсті», – деді Қарин мырза.

Сондай – ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәртебесі мен құзыреттілігінің кеңеюін қамтитын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданыпты; Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылыпты; «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы дайындалыпты.

Қарап отырсақ, әжептәуір қара нарға жүк болар іс тындырылыпты. Мұның барлығы Ұлттық кеңестің үшінші отырысында жарияланған бастамалар екенін еске саламыз. Демек, «халық қаласа хан түйесін соятыны» шындыққа айналып келе жатыр.

Халық пен биліктің ортасына «алтын көпір» болған кеңес осы бетінен таймаса ұзаққа шабатын түрі бар.  Тіл көзіміз тасқа! Тфә-тфә!

Ауыл әкімдерін сайлау туралы әңгіме қозғалғалы біраз жылдың жүзі болып еді. Талай рет айтылғанымен тыңдар құлақ болмағасын не шара?

Әйтседе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халыққа жолдауында»  ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқаны сеңді қозғағанын мойындауымыз керек. Сол жолы президент «Сауалнама қоғам ауыл әкімдерін сайлауды қолдайтынын көрсетті. Бұл мұқият әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуіміз керек. Дегенмен бұл мәселені кейінге шегеруге де болмайды. Бірқатар ауыл әкімдерінің өкілет мерзімі келесі жылы аяқталады. Менің ойымша, әкімдер сайлауын өткізу керек» деген еді.

«Тоқпағы мықты болса темір қазық жерге кіреді» деген расқа айналды осылайша.  Содан кейін  ауыл әкімдерін сайлау жайлы әңгіме тағы көтерілді.

Қуанарлығы, Ұлттық  қоғамдық сенім кеңесінің саяси реформалар жөніндегі тобы бұл мәселені тағы қаузап өз ұсыныстарын жария еткені оң бастама негізі.

«Біріншіден, біздің ойымызша жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін бес жылға арналған тұжырымдама қажет. Сонымен бірге арнайы заң әзірлеп, қабылдаған дұрыс. Жергілікті деңгейдегі жиындарды өткізудің жаңа тәртібін енгізетін уақыт жетті деп санаймыз. Мсыалы қазір ол үшін аудан әкімінің келісімі қажет. Біз ауыл азаматтарының кемінде 10 пайызы жиын өткізу туралы мәселе көтерсе, оған сол ауыл әкімінің келісімі жектілікті деп есептейміз.

Екіншіден, тұрғындар сондай жиындар арқылы әкімдердің жұмысына қоғамдық бақылау орнатар еді . Бұл жерде де жалпыға тең және төте сайлау өткізу керек. Дауыс беру жасырын түрде болуы тиіс. Келесі жылы кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлау керек. Мысалы егер сайлау оң нәтиже берсе оны кезең-кезеңмен басқа деңгейде де жүзеге асыру дұрыс деп санаймыз» делінген.

Бұл ұсынысты Ұлтық кеңес мүшесі Максим Споткай былай қорытындылады:

«Бұл жерде кез келген азаматтың сайлану құқығын шектемеу керек деп есептейміз. Ауыл әкімі лауазымына үміткерлерге қойылатын талап та жеңіл болуы керек. Ол үшін үміткердің 25 жасқа толуы, тиісті елдімекен аумағында соңғы үш жылда тұрақты тұруы, жоғары немесе орта арнаулы білімі болуы шарт» деді.

Бұған біздің қосарымыз қазір аудан, ауылдық округ, ауыл әкімдерін жергілікті органдар таңдайды. Ал өзін ұсыну заңда қарастырылмаған. Кандидаттарды Президент тағайындайтын облыс әкімдері ұсынады. Бұл – демократияға емес керітартпалыққа апаратын жол ғой.

 

ЖЕРГІЛІКТІ КЕҢЕСТЕР МЕН КОМИССИЯЛАРҒА ХАЛЫҚ ӨКІЛДЕРІ МҮШЕ БОЛМАСА БӘРІ БЕКЕР…

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері жергілікті әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссияларға енгізілуі керек. Бұл да сенім кеңесімен бірге келген «жыл құсындай» жаңалық. Өйткені тек әкімдерге ғана бас шұлғуға үйренген шенеуніктерді дер кезінде «оятып» жіберетін халық өкілі отырса ол «ортаның да» ұйқысы қашары һақ.

Қоғам белсендісі, ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбек ханым президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай ұсыныс айтты. «Өкінішке қарай, біздің Оңтүстікте халықтың үнін тыңдайтын, жергілікті жұрттың мәселелерін  жақсы білетін қоғам белсенділерінің пікірі ескерілмейді. Сенсеңіз, атқарушы орган сол айтылған мәселелерді жоюдың орнына, керісінше, бұл мәселені көтерген, халыққа жанашырлық танытқандарға қысым көрсетуде. Иә, сол мәселені көтерген өзіңмен алысып, актуалды мәселе жайында қалады. Мойындау керек, өңірімізде шешімін таппай жатқан әлеуметтік мәселелер жетіп артылады.  Ал мен білген мәселені жергілікті атқарушы билік өкілдерінің білмеуі мүмкін емес. Ендігі жерде көзбояушылықты доғару керек деп ойлаймын. Немесе қызметтік құрылымдарды, ондағы басшылық құрамды қайта жасақтау қажет», – деген қоғам белсендісі «тағы бір шындықтың» бетін ашты. «Тағы бір шындық, «бармақ басты, көз қысты» өңірлерде кеңінен етек жайған. Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметі  көңілімнен шықпайды. Не істеп жатқандары беймәлім. Жаттанды жиналысты ғана көреміз. Ақиқатты айтудың орнына жағымпазданып, сол шенеуніктердің шашбауын көтеріп жатыр-ау деген ойға қаласың. Бұл мәселені  шешу үшін осы «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» мүшелерін сол  жергілікті комиссиялар құрамына  қосуды ұсынамын. Сонда сіз бен біз  атқарушы билік органдарында орын алған олқылықтардан хабардар  болар едік», – деді көптің айызын қандырып.

Әсіресе Президентке қасқайып қарап тұрып: «Біздің өңір ауызсу, көгілдір отыны жоқ елді мекендер бойынша көш бастап тұр. Мәселен, ішер суының 1 литрін 2 теңгеге сатып алып отырған аудандар да бар. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, Бәрі жақсы, бәрі керемет! Өмір ғажап! Ал бұл көзбояушылықтың зардабын тартатын әдеттегідей халық» деді тайсалмай.

«Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметтің де сөзі ауылдағы қарапайым ағайынның көңілінен шыққаны анық:

– Ауылдық тұрғындарға берілетін 6 пайыздық несие бар. Бірақ өкінішке қарай, осы «ҚазАгро» холдингіне қарасты акционерлік қоғамда ауылдағы мүліктерді өте төмен бағалайды. Мысалы, ауылдағы үйдің бір шаршы метрін 6 мың теңгеге бағалайды. 6 миллиондық кредитті алу үшін бірнеше баспанаң болуы керек, не болмаса, үлкен жайылымдық жерің болуы керек. Яғни ауылдағы тұрғындарға 6 пайыздық кредитті беру шарттарын жеңілдетіп, бағалайтын мүлік құнын жоғарылатуды сұраймыз» деді президентке тура қарап.

Бұған дейін мұндай оқиғаларды шетел жаңалықтарынан көретіндер, Президенттің де ет пен сүйектен жаратылғанына көзі жеткендер  «бұл серпілісті»  енді көпке дейін естерінен шығармасы анық.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» мүшесі Айдос Сарым: – Біздің Қазақстан шетелге мигранттарын жіберетін елге айналғаны мойындалып отыр. Бұл да үлкен жаңалық деп ойлаймын. Солардың мәселесін қарап, оны заңдастыру қажет, оларға ортақ база керек, олардың құқықтарын қай жерде болса да қорғау керек ,– деді сөз кезегі тигенде.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Дәурен Қуат: – Кейбір компаниялар, тіпті мемлекеттік мекемелердің өздері домендерін басқа тілде алған. Содан кейін мемлекеттік тілде ақпарат бермейді. Ең керекті халыққа кәсіптік, заңдық мәселелер ресми тілде болады. Орыс тілінде болады да, қазақ тілінде жоқ. Бұл біздің мемлекеттік тілдің аясын кеңейте түсуге тиіс ұсыныс деп есептеймін» деді ашынып.

Экономикалық блок бойынша сөз алған Арман Қашқынбек ел азаматтарына зейнетақы жинақтарын жоғары білім алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл да көптің қалауы.

Сонымен экономика жөніндегі жұмыс тобымының ұсыныстары мынаған сайды:

«Бірінші, экожүйе, тұйық экономика сияқты жаңа механизмдер мен терминдерді енгізе отырып, ұлттық деңгейде масштабтау мақсатында 2030 жылға дейінгі он жылдық кезеңге арналған орнықты дамудың ұлттық бағдарламасын әзірлеу;

Екінші, соңғы уақыттары ірі қалаларда ауа сапасы мәселесі талқылануда. Мұнда біз экология министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы және «Талап» орталығы арасында қалалардағы ауа сапасының нақты мәртебесін айқындау, таза ауа мен инфрақұрылымға экономикалық ынталандыру мен инвестициялар әзірлеу үшін бірлескен жоба ұсындық» делінген.

Президент барлық ұсынысты мұқият тыңдады. Қанша дегенмен шетел көрген, БҰҰ-да  қызмет жасаған, дамыған елдердің президенттерінің тірлігінен хабары  мол азамат қой, ешкімнің сөзін бөлмеді. Тек  сөз кезегі тигенде: «Айтқандарыңыз орынды» деп кеңес мүшелерін қолдай сөйледі. Бұл да  бір жақсылық нышаны емес пе?

– Менің ойымша, бүгінгі айтылған ұсыныстар өте тиімді және өзекті. Осы ұсыныстардың басым көпшілігін жаңа жылдың барысында жүзеге асырамыз деп ойлаймын, – деді ол.

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ АСҚАҚ ОЙЛАРЫНАН ҚУАТ АЛҒАН КҮН

 

Мемлекет басшысы қорытынды сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті.

Кеңесте пандемияға қарамастан елімізді дамытудың өзекті мәселелері тұрақты түрде талқыланатынын, бірнеше маңызды бастама жүзеге асырылғанын, сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың түрлі салаларын реформалауға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп жатқанына тоқталды.  – Азаматтарымыз жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың игілігін келешекте емес, қазірден бастап көріп, сезінуі керек. Халықаралық рейтингтер маңызды болғанымен, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалына оның айтарлықтай әсері жоқ екенін түсінген жөн, – деді Президент.

Президент отандастарымыздың еңбек миграциясына қатысты мәселені де көтерді. Оның пікірінше, азаматтарымыз тіркелу кезінде, күнделікті тұрмыста және басқа да мәселелер бойынша әртүрлі қиындықтарға жиі ұшырайды.

– Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерттеп, ұсыныс енгізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты ахуалды жақсартудың, көшіп келушілерге барынша қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына назар аудартты. Мысал ретінде, Солтүстік Қазақстан облысын атап өтті. – Мұнда көшіп келушілер үшін жаңа тұрғын үйлер салынуда, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есе,  яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деді ол.

Ал  «Серпін» және «Дипломмен – ауылға» жобаларын  саралау қажеттігіне тоқталды. Бұл бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде солтүстік өңір жастар үшін мейлінше тартымды аймаққа айналарына сенім білдірді. Бұл үлкен саясат негізі. Өйткені солтүстігіміз қаңырап бос жатыр. Бос жатқан жердің жау шақыратыны бәрімізге белгілі.

Қазақстан Президенті білім беру жүйесіндегі мәселелерге арнайы тоқталды. Ол жоғары оқу орындарының ұйымдық құрылымын өзгерту жұмыстары бойынша тапсырма бергенін айтты.

– Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейін жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда, – деді нық сеніммен.

Президент мектептердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, оқушыларды пандемия кезінде компьютермен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, мектептерде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың біртіндеп қабылданып жатқанын айтты.

Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев мектепте білім берудің мазмұнына ерекше көңіл бөлді.

– Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы, отандық кітапханалар  өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы тиістігін ескертті. Бұл да болса кітапханаларға қарсы сөз айтқан шенеунікке соққы болғаны анық. .

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау мәселелеріне де назар аударды.  Президент 2022 жылдан бастап ұлттық мониторинг жүргізу механизмін – Балалардың амандығы индексін әзірлеп, енгізу қажеттігін айтты. Индексті енгізу өңірлер бойынша түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Президент ерекше мұқтаж жандарды қолдау мәселесінде ұмыт қалдырмады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет осындай адамдар үшін инклюзивті білім беруге, кедергісіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ, қолжетімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтуге баса мән беріп отыр. Дегенмен, аталған шаралар ерекше мұқтаждығы бар адамдардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әлі де жеткіліксіз.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, алдағы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында өтуі керек екенін айтты. Бұл ретте, Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Тәуелсіздіктің мәні мен құндылығын сезінуге зор мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

 

Нағашыбай Қабылбек