ТҮРКІСТАН: «АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

«Адалдық алаңы» жобасы Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жобалық кеңселер қызмет етіп келеді. Түркістан облысының аймақтық кеңсесі де 2 жылға жетпес уақыт ішінде біршама жетістіктерге жетіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды жүзеге асырып, жергілікті билік институттарына қоғамның сенімін арттыруға ықпал жасауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асыл Алдаберген жобалық кеңсенің атқарған жұмыстарына тоқталды.

 

«2018 жылдың 13 желтоқсанында «Түркістан – адалдық алаңы» аймақтық Жобалық кеңсесі ашылған болатын. Басты мақсат — облыс тұрғындарының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою. Кеңсе жанынан әр сала бойынша бірнеше жобалар қолға алынды. Олар: «Адал көмек», «Саналы ұрпақ», «Сапалы жол — адалдық алаңы», «Парасаттылық мектебі», «Safe zone», «Protecting Business and Investments» жобалары. Барлық жобалар әр саладағы ашықтық мен жариялылықты көрсетуге бағытталған», — деді Асыл Берікұлы.

 

Мәселен, кеңсе жанынан билік институттарына қоғамның сенімін арттыруға бағытталған «Адал көмек» жобасы іске қосылған. Жоба аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру үшін еріктілер ретінде тәжірибелі заңгерлер, қала-аудан, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қызмет көрсетуде.
«Билік институттарының ашықтығын қамтамасыз етуге кеңсенің бастамасымен 57 мекеме «Open Space» үлгісінде және 69 Фронт кеңсе мен 4 Халықтық кеңсе тұрғындар үшін жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, облыс аумағында билік институттарының қоғаммен кері байланысын арттыру мақсатында «Safe zone» — қауіпсіз аймақтар жобасы қолданысқа еніп, 83 ауылдық әкімдіктерге ауыл тұрғындарына тегін әрі кез-келген уақытта қол жетімді wi-fi, компьютер, принтер, стационарлы телефон, сенім жәшігі орнатылды», — деді кеңсе жетекшісі.

 

 

Кеңсе жанындағы маңызды жобаның бірі — автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы жолдарды салуға және жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мақсатындағы «Сапалы жол — адалдық алаңы» жобасы. Облыстағы 6 ауданда өткен жұмыс қорытындысы бойынша жалпы 17 кемшілік анықталып, бүгінде әкімдік пен мердігер компанияларға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.
Бұдан бөлек, кеңсе мамандары еліміздегі пандемия салдарынан жарияланған карантин кезеңінде мониторингтік жұмыстар атқарды. Олардың бірі — 13-21 шілде аралығында облыс аумағындағы жалпы саны 648 дәріханаға мониторинг жұмыстарын жүргізілген. Жеті күн бойына жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында 23 дәріхананың дәрі-дәрмекті шектік бағадан асырып сатқандығы және 2 дәріхананың мемлекеттік лицензиясыз жұмыс жасап келгендігі анықталып, тиісті мекемеге шара қолданану үшін құжаттар жолданған.
«Кеңсенің тағы бір маңызды бастамасы — кәсіпкерлер мен инвесторларды мемлекеттік қолдауға арналған «Protecting Business and Investments» жобасы. Мақсаты – өңірде қолайлы инвестициялық ахуал жасау және бизнес пен инвесторларды мемлекеттік сүйемелдеуге алып, олардың инвестицияларын мемлекеттің кепілдігімен қорғау. Қазірге дейін жалпы сомасы 429 млрд теңгеден астам 25 ірі кәсіптік субъектімен келісім-шартқа қол қойылған», — деді кеңсе жетекшісі.

 

Сонымен қатар, жобалық кеңсе жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру және ертеңгі болашақ – қазіргі жастардың қолында екендігін ескере отырып, жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған жобаларды іске асырып отыр. Солардың бірі — Парасаттылық мектебі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде Парасаттылық орталығы және колледждерде 59 Парасаттылық мектептері ашылған. Сондай-ақ, «Саналы ұрпақ» жобасы аясында өңірдегі 61 колледжде «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері ашылып, жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында шаралар өтуде.
Түрістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі