ТҮРКІЛЕР ТӨРІ — ТҮРКІСТАН” КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ОРАЙ

Халқымыз ежелден есігі мен төріне ерекше мән беріп, лайықты қастерлей білген. Түркістанды екі дүниенің есігіне теңеген ақын Мағжанның: «Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат бақытты» деген сөзінде әлемдік үйлесімдікті қадірлген ата дәстүріміз, салтымыз анық көрінеді.
Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен облыс орталығы дәрежесін алып, рухани жаңғырған шаһар мәртебесіне ие болған, сондай-ақ ел Президенті Қ.Тоқаев тыныс-тіршілігіне ерекше мән беріп отырған, облыс басшылығы заманға сай түрлендіріп, гүлдендіріп жатқан Түркістан төрі түркі жұрты үшін әлімсақтан киелі саналады. Оның ауқымы, әлеуеті сабақтастықпен, жасампаздықпен, шығармашылықпен толыға берері сөзсіз. Сондықтан Түркістанның бүгінгі келбетін қызықтаушылар саны да күн сайын артып жатқаны тегін болмаса керек. Ал Жазушылар мен Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы бірігіп ұйымдастырған «Түркілер төрі — Түркістан» онлайн конференциясы және осы аттас кітапты таныстыру рәсімі қасиетті қаланың өткенін бүгінге жалғауды мақсат тұтса, ізгі іске сүбелі үлес қосып атсалысқан ғалымдар, қаламгерлер, саясаткерлер, қоғамға жанашыр азаматтар өздерінің тұщымды ойлары мен мәнді пікірлерін ұлтымыздың асыл мұратын, құндылықтарын қазіргі зәруліктер тұрғысынан ортаға салды. Жиынға интернет арқылы түркітілдес елдерден, алыс-жақыннан қатысқан көрнекті жазушы, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері Мархабат БАЙҒҰТТЫҢ жаңа еңбегіне жоғары баға берді. Оның толайым шығармашылығы туған жердің топырағынан нәр алып, шынайы өмірдің қайнаған ортасымен, адамдардың жан дүниесімен астасып жатады. Терең тарихымыздың куәсіндей жәдігерлі орындар мен киелі мекендер туралы туындысы арқылы қайраткер қаламгер, облыстың құрметті азаматы бауырлас әріптестеріне де үлгі-өнеге көрсетіп, ой салғандай. Ақсақал-абыз жасына дейін кіндік қаны тамған өңірден табан аудармай өмір сүріп, сөз өнерінің кәусарынан қанып ішу бақыты бұйырған жазушы Мархабат БАЙҒҰТТЫ мерейлі жасымен құттықтай отырып, рухани биігіміз бен байлығымызды түгендеудегі, ұлтымызды ұйыстырудағы, өңір мен орталықты ықпалдастырудағы сарабдал қызметіне табыс, деніне саулық, отбасы-әулетіне береке тілейміз.
Қаламгердің жаңа шығармасы ұлт мақтанышына айналған тарихи ескерткіштер мен киелі орындарды дүние жүзіне таныстыруға, жаңғырған Түркістанның саяхат өлкесі ретіндегі тынысын ашуға септігін тигізері сөзсіз. Еңбектің әдеби-парасаттық, ғылыми-танымдық құны жыл өткен сайын арта береді деуге толық негіз бар. Сонымен бірге бұл кітап — тәуелсіздік рухымен түлеген Түркістанның қалың қауымға арналған өлкетану құралы ретінде де жаңа тарихқа енеді деп есептейміз.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
“Nut Otan” фракциясының мүшесі