ТОРҒАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ЗАРЫНА ҚҰЛАҚ ТҮРЕР КІМ БАР. Мәжілістен қолдау тапқан заң жобасын Сенат қайтер екен

Бүгінгі қазақ қоғамы ұйқыдан шошып оянған бала секілді. Маңайына алақ-жұлақ қарап қояды. «Не болып кетті? Не болып жатыр?» деген сұрақты көзінен оқисыз. Себебі саясаты түскір күнде өзгереді, күнде құбылады. Оның бірін аңғал халық түсінсе, бірін түсінбейді. Содан да болар шошып оянып, шоршып түсетіні.

Әлемге «құшақ жайған» әлеуметтік желі – қазақты да жатырқамай бауырына басты. Оған тіркеліп алған қазекең бос жата ма?! Ағылған ақпараттар легіне ілесіп, ғаламды шарлап кетті. Би де, шешен де, батыр да сол жақта. Сынап-мінеуге де сол жер ыңғайлы. Әлеуметтік желіге шығып алып, «жонын күдірейтіп», «тісін сақылдатып», билікті шықпыртудан артық не бар? Көшеге шығып шерулетіп шаршағанша, әлеуметтік желінің ішін «паршалаған» көш артық емес пе?!

Сонымен айтайын дегеніміз, күні кеше әлеуметтік желілерде «елді көтеруге ұмтылған» бір жазба пайда болды. Онда: «10.06.2021 күні Парламент мәжілісі «Торғай сынақ алаңын (полигонын) ашу» жөнінде депутаттар бірауыздан мақұлдап, жоғарғы палата Сенатқа жіберді. Енді қыркүйекте Сенат мақұлдаса, президент заң шығарады да Торғайдың алдымен табиғаты мен малы қырылады, содан халқы жаппай көшуге мәжбүр болады. Осы полигонды ашуға оншақты елдің шалдары халықтың атынан қол қойып жіберген. Қандай қақысы бар жауыздардың? Ендігі шаруа кім осы «Торғай сынақ алаңы (полигоны) ашылуына» қарсы адамдар хабарласыңыздар, 2017-де де қол жинап тоқтатқан сияқты болып едік, қайта жанданды. Киелі топырақ Торғай жерінен полигон ашуына қарсымын! Менің нөмерім: 87011158530», – депті ақпарат таратқан Ысқақ Асанхан Шаменұлы.

Осы жазбаға қаны «қызып», қазақ екені есіне түсіп, ер-тоқымын бауырына алып, «тулап жатқан» ағайын көп. Кейбір жазылған пікірлерге бей-жай қарау мүмкін емес. Кіжінген, ашуланған, «түйдек-түйдек» сөйлемдерден «аяқ алып» жүре алмайсыз.

«Күні бойы түрлі ватсап топтарынан Торғай жерінде полигон ашу туралы ақпарат келіп жатыр, бұл не деген полигон десем, құлаған зымырандардың қалдықтарын көму екен, бұл үшін қыруар қаражат бөлінеді деп жатыр білетін жұрт, мен Қазақстан Республикасының азаматы, Торғайдың тумасы ретінде бұған қарсымын!

Келесі жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Бұл полигон сол Аханның ауылының қасында. Сонда қалай болғаны? Полигон үкіметтің Ахмет Байтұрсынұлына жасаған сыйлығы ма?

Кезінде Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп жырлағандай, бізге оянатын кез келді, Торғай даласына полигонды ашу туралы шешім Сенатта жатыр екен. Құрметті Ел қалаулылары, Мәжіліс пен Сенат депутаттары ағаларым бұған жол бермейік, еліміздің даласын, табиғатын уламайық! Торғай полигонына қарсымын!» – деп жазыпты Марат есімді желі қолданушысы.

Серік Тулекбаев деген азаматтың мына пікірі өте зілді. «Торғайдан полигон ашамыз деген жемқор билікке ескертемін. Бұл киелі дархан Торғай топырағында талай ұлт көсемдері мен талай батырлар шыққан мекен. Алаштың ардақтысы, Ахмет пен Міржақып, «Кел, балалар, оқылық!» деген Ыбырайды туған топырақ бұл. Ақ патшаның озбырлығына қарсы тұрған Аманкелді мен Кейкінің мекені бұл жақ. Қазақтың зиялылары, Ғафу мен Сырбайдың, Кеңшілік пен Сейіттің шыққан жері. Кешегі «жемқорды жемқор» деп ұлт үшін жанын қиған Дулат Ақәділдің өскен жері. Осыны естен шығармаңдар. Торғайдың тарландары тарпынса, жемқор биліктің тас-талқан боларын ескертемін. Торғай толқып кетсе, толқыны Ақордаға бірақ жететін болады, бұған мен толық сенемін», – деп кіжінеді.

Істің ақ-қарасын білмек болып Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалимен ұялы телефон арқылы байланысқа шықтық.

Сұхбатымыз да өте қысқа болды.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали мырзаның «Екі ел үкіметі келісіп қойған, баяғыда» деуі бекер емес екен. Интернетті қотарып отырып оған көзіміз жетті. «Бақсам бақа екен» демекші, бақсақ Ресеймен бір құдықтан су ішетін «бірліктің» қауғасы тереңде жатыр екен-ау.

2014 жылы желтоқсанда Қазақстан мен Ресей «Солтүстік траектория» деп аталатын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымыран бөліктерінің құлау ауданы ретінде жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы үкіметаралық келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес Қазақстан Ресейге жалпы ауданы 63,2 мың га болатын N120 ауданын бөлген (оның ішінде 22,52 мың га Ақтөбе облысында және 40,68 мың га Қостанай облысында). Аталған аудандарды пайдаланғаны үшін төлем жылына $460 мың мөлшерінде. «Союз» үлгісіндегі тасымалдағыш зымырандар санына байланысты Ақтөбе мен Қостанай облыстары арасындағы төлем тиісінше $103 мың және $357 мың мөлшерінде. «Солтүстік» траекториясы бойынша белгіленген қажетті аудан 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шартында көзделмеген. Сондықтан да Қазақстан арнайы тәртіппен жыл сайын бірнеше осындай сынақтардың жүргізілуіне рұқсат берген. Көрдіңіздер ме, мәселе қайда жатыр?!

460 МЫҢ ДОЛЛАР ТӨЛЕМАҚЫ ЖЫРТЫҚҚА ЖАМАУ БОЛА МА?

Айта кетер бір жайт, Ресейдің Байқоңырдан ұшырылатын «Протон М» зымыраны Кеңестер одағы кезін есептемегенде Қазақстан аумағына 1999 жылдан бері құлап келеді. Соңғы рет «Протон М» зымыраны ел аумағына 2015 жылы 16 мамыр күні құлаған болатын. Ал 2018 жылы 11 қазанда сағат 14:40-та Байқоңыр ғарыш айлағының бортында «Союз МС-10» кемесі бар «Союз ФГ» зымыраны ұшырылған болатын. Бірақ зымыран әуеге көтерілген бетте апатқа ұшырап, экипаж мүшелері жерге қонуға мәжбүр болған. Ресей тарапы Қазақстан халқының қарсылығына қарамастан апатқа жиі ұшырайтын «Протон» зымырандарын ұшыруды тоқтатқан жоқ.

«Сұрай-сұрай Меккеге барасың» демекші, сұрай-сұрай Қазақстан мен Ресей Федерациясының Үкіметі поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойғанын білдік. Олай болса «Жау кеткесін қылышты тезекке шапқандай» белсенділердің айқайы не айқай?

Мәжілістен «уралап» кеткен заң жобасын, Парламент Сенаты да «құрметпен» қарсы алғанын есімізге түсірдік. «Союз-2» зымырандарын ұшыру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қазір Сенаттың қарауында жатыр.

«Осы келісім бүкіл әлемді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған OneWeb халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру негізінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапынан пайдалану тәртібін реттейді. Құлау ауданын пайдалану үшін Қостанай облысының Жангелді ауданы әкімдігіне жылына 3 рет ұшыру үшін 460 мың доллар көлемінде төлемақы анықталған», – деп сенат отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің баяндама жасағанын халық ұмытпаған болар. Айтпақшы, министрдің айтуынша, қосымша ұшыру болған жағдайда әрбір ұшыру үшін 50 мың доллар көлемінде төлемақы төленетін болыпты.

«Құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартына сай қолданылып отырады. 3-6 тәулікті құрайтын бұл кезеңдерде адамдар мен үй малының қаупсіздігін қамтамасыз ету үшін құлау ауданына кіру жабық болады. Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерлерде тұруы қауіпсіз болады. Сонымен қатар тасымалдағыш зымырандарды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіліп, сынамалары алынатын болады», – дейді Бағдат Мусин.

Тағы бір ескерткені, киік төлдейтін уақытта Байқоңырдан зымырандардың ұшуына шектеу қойылады. «Құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізу көзделуде. Табиғат қорғау ұйымдарының киіктердің төлдеу және құстардың ұя салу кезеңінде құлау ауданын пайдалануды шектеу туралы талаптары орындалады. Яғни сәуір мен маусым айлары аралығында тасымалдағыш зымырандар ұшырылмайды», – деді министр.

Осыдан-ақ елді елеңдеткен мәселенің «болары болып, бояуы сіңгенін» аңғару қиын ба?

Торғай жері Ресейдің сынақ алаңына айналатыны 2019 жылы белгілі болған. Демек Ресей зымырандары «қазақ жеріне құлауға» екі жыл бұрын кезекті мәрте рұқсат алды. Ресейлік зымырандарды сынақтан өткізу үшін Қостанай облысы Жангелдин ауданында алты мың гектар жер бөлінеді. Қазақстан Үкіметі осы мақсаттағы келісімнің жобасын мақұлдады.

2019 жылы 23 мамырда Үкімет қаулысымен мақұлданған келісімде Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған. Келісім жобасында: «Байқоңыр» ғарыш айлағынан солтүстік бағыттағы жаңа трассамен «Союз-2» типті зымыран тасығыштарды ұшыру, осы сынды ғарыш аппараттарын поляр маңындағы орбиталарға ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде тараптар мен құқық қатынастарына басқа да қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу үшін ұйымдастыру, құқықтық негізді белгілеу – осы келісімнің мәні болып саналады», – делінген.

Құжат жобасына сәйкес, Қазақстан Ресейге Қостанай облысының Жангелдин ауданында эллипс нысанды, ауданы 5,8 мың га болатын (N120а) жер телімін бөледі. Бұл ретте аймақты үш рет пайдаланғаны үшін жылына $460 мың төлем Жангелдин ауданының әкімдігіне жіберілетін болады. Қосымша іске қосу жүзеге асырылған жағдайда төлем әрқайсысы үшін $50 мың мөлшерінде келісілген.

..Қазақтың ұлы даласынан ежелден еншісі ешқашан бөлінбеген Торғай жері – еліміз үшін Түркістан мен Ұлытау сынды қасиетті де киелі мекен болып саналады. Осы қасиетті мекенде қазақтың һас батырларының бірі емес бірегейі саналатын Шақшақ Жәнібек бабамыз бен Алаш асылдары – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов аталарымыз дүниеге келген. Мұндай атақ-даңқтары жер бетіне жайылған жандар, санамалай бастасаң, бұл өңірде жетіп артылады. Жер көлемі жағынан Еуропаның кез келген мемлекетіне пара-пар Торғай жері (Жангелді ауданы деп аталады – авт.) соңғы кездері кең байтақ жерімізге сұқ көздерін қадаған ресейліктердің тікелей нысанына айналды.

Бір кезде халықты шулатып әрең басылған Торғай даласына зымыран тасығыштардың қалдығы құлайтын сынақ алаңы жайлы мәселе тағы көтеріліп отыр. Себебі заң жобасы сенатта. Егер сенат заңды қабылдаса, онда соңғы нүктені ел Президенті қояды.

Әлеуметтік желі арқылы қарсылық көрсетіп жатқан халықтың сөзіне қарасақ, олар мәселе дәл осылай ушығады деп ойламаса керек. Әрі кетсе, Торғай даласы екі-үш жыл сынақ алаңы болып, Ресей өз жөніне кетер деп үміттенген тәрізді.

ХАЛЫҚ АТЫНАН СӨЙЛЕУГЕ ЕШКІМНІҢ ҚАҚЫСЫ ЖОҚ!

Егер заң арқылы бекісе, Ресейге қарата сөз айту қиынға соқпақ. Сондықтан белсенді қауым жыланды үш кессе де, кесірткелік қауқары барын көрсетіп жатқан тәрізді. Бұл жайттың анық-қанығын толық білу үшін, Торғай халқының жанайқайын түсіну үшін, әсіресе ел атынан сөйлеген қариялардың уәждерін білу үшін, 2017 жылы 17 қарашада «abai.kz» сайтында журналист-жазушы Асқарбек Бектемісовтың «Атамқұловтың қай сөзіне сенеміз?» деген мақаласынан үзінді бере кеткенді жөн көрдік.

«…Ағымдағы жылдың 6 қазанында Жангелді ауданының орталығы Торғай селосында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алдағы уақытта Ресейдің «Союз-2» зымыранын ғарышқа ұшыруына байланысты, оның қоршаған ортаға қандай әсері болатыны жайлы қоғамдық талқылау болып өтті. Сол қоғамдық талқылауға облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамедов, ғарышкер Айдын Айымбетов, республикалық және облыстық қоршаған ортаны қорғау (экология) комитетінің басқа да мекемелердің қызметкерлері қатынасып, зымыранның зиянды еместігіне түсінік берді. «Өтірікшінің куәгері қасында» дегендей Қорғаныс және аэроғарыш министрі Атамқұловтың ертіп келген адамдары, оның аузынан шыққан сөздеріне бастарын шұлғумен болыпты. Аспаннан зымырандардың қалдықтары жауатын Ақкөл аумағынан сынамалар алынып, лабораториялық тексерістен өткенін растапты. Олай болатын болса, олар осы мақаланың соңында айтылатын оқыс оқиғаны немен түсіндіреді?! Жергілікті тұрғындардың: «Соңғы кездері тұрғындардың арасында түрлі белгісіз аурудың белең алып, бара жатқанын айтып, қандай көмек болар екен? деген сұрағына, қатар орналасқан екі ауылға (Ақкөл, Южный) екі «жедел жәрдем автокөлігін береміз» деп алдаусыратыпты».

Айта кетейік, Атамқұлов мырза сол жиынға үлкен дайындықпен келіпті. Жиын барысында бір емес бірнеше рет сөз алып, ұшырылуы жоспарланып отырған зымырандардан жергілікті халыққа тиер еш залалы болмайтынын қайта-қайта айтып, «ағынан» жарылыпты. Сол зымырандарды Қазақстанның бос жатқан жерлеріне неге жібермейсіздер, сонда неге құлатпайсыздар?» деген жергілікті жұрттың сұрағына: «Ғарышқа ұшырылатын зымырандардың кеңістікте өз траекториясы, өз жолы болады. Оны өзгертуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, аспан асты қаншама кең болса да, онда бос орын жоқ», – деп жауап қайырыпты. Қайырлы болсын! Ол қызды-қыздымен «Роскосмостың» өкілі ретінде жауап бергені несі?! «Қызды-қыздыдан» шығады, осы мәселе алғаш қозғалғанда, Торғай жұрты Үкімет басшысына, оның мүшесі Атамқұлов мырзаға ашынып, Ашық хат жазған болатын. Сонда екіншісі бүкіл еліміздің алдында телеарналардан: «Бұл мәселе бойынша Торғай жұртына өзім барып түсінік беремін», – деп уәде берген еді. Бірақ «сан-сапалақ» жұмыстан қолы босамай, Торғайлықтарға тек 6 қазан күні төбесін көрсетті.

Ол бір сөзінде: «Біздер басында ғарышқа ұшырылатын зымырандардың қалдықтарын Қостанайдың төңірегіне құлайтындай етіп жоспарлаған едік, бірақ ол маңда елді-мекендердің бір-біріне тығыз орналасқанын ескеріп, ол райымыздан тез қайттық» деп қалды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», – деген. Кезінде қараңғылықтан қалың ұйқыға кеткен қазақты, жерлес Ахмет, Міржақып аталарымыз бірі маса болып ызыңдап, екіншісі «Оян, қазақ!» деп оята алмаса, ол заман қазір артта қалған. Қазіргі қазақтың «Ойлан, қазақ!» деп рухани жаңғыру жайлы ой ойлап жүргенінен Атамқұлов мырзаның хабары болмағаны ма?!

Сонда сол жиынға қатынасып отырған Рахым Рыскелдин ағамыз: «Сол себептен Торғайды құрбандыққа шалып отырмыз» десейші депті. Сол кезде Атамқұлов мырза: «Сіздер қанша жерден бұл іске қарсы болсаңыздар да, бұл мәселе бойынша 2014 жылы екі ел басшылары келісіп қойған шаруа. Бұрынғы облыс әкімі Садуақасов пен аудан әкімі А. Кенжеғариндердің: «Ресейдің зымырандарын Торғай жеріне құлатуына жергілікті халық қарсы емес»,– деген қолдары қойылған қағаз да бар екенін алға тартыпты. Әйтеуір қандай деңгейдегі басшы болмасын, қара халықты қалқан қылып, алдарына тартуларын әдеттеріне айналдырып алды ғой! Бұл мәселеге әкімдердің қандай қатысы бар?! «Жер туралы заңымызда» әкімдердің оған билігі жүрмейтіні анық жазылған ғой. Одан министр мырзаның хабары болмағаны ма?! Жұрт оның аузынан шыққан сөзін «Суға кеткен тал қармайдыға» жатқызыпты. Сонда да осы мәселе жөнінде ауданның бұрынғы әкімі аттас інім Кенжеғаринмен телефон арқылы сөйлескенімде: «Асеке, болған істің қай басшы аражігін ашып айтсын?! Мен «Роскосмосқа» жер бөлу жөнінде ешқандай қағазға қол қойған жоқпын. Оған құқым да жоқ. Оны айтып жүрген адамның білімі жетпегені ме?!» – деген болатын. Торғайда болған осы қоғамдық талқылаудың бел ортасында болған, жасы 80-нің сеңгіріне шыққан Н.Молдабеков ақсақалмен тілдескенімде, ол кісі маған: «Қалқам, Асқаржан, мұндай маңызды мәселені шешу кезінде қызу пікір талас болатыны белгілі. Менің байқағаным, осы жиынды басқарып отырған облыс әкімі А.Мұхамедов қызбалыққа салынбай, үлкен сабырлылық танытқаны болды. Оның жергілікті халықтың мұң-мұқтажын жүрегімен терең түсініп отырғанын көкірегімнің көзімен көрдім. Қазақта: «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деген сөз бар екенін білесің, соның кебі келді» деген еді. Жиын барысында Атамқұлов мырза: «Сіздердің аудандарыңызға қарасты Ақкөл мен Қарасу ауылдарының маңындағы Шөптікөл елді мекеніне тиесілі 76 мың гектар жерге зымыран қалдықтары құлайды. Ол қалдықтарды жинап алуға Ресей тарапынан жылына 152 млн теңге бөлінеді. Оны үш жылға көбейтсеңіз 456 млн теңге болады. Екі елдің басшыларының келісімшарты осындай» дегенде Кәкімжан Карбозов дейтін ақсақал: «Онда екі елдің басшылары келісіп шешкен шаруаға біз араласпайық, қайта оған қолдау көрсетейік», – деп сылқ ете түсіпті.

Үнемі әкім-қаралардың қасында жүретін ақсақалдың бұл сөзін, жиынға қатынасушылар «осы кісі бірденені біліп, жөн сөз айтып отырдыға» жорып, бастарын шұлғыпты. Одан арғысы айтпаса да белгілі ғой. Облыс әкімінің: «Осы қоғамдық талқылаудан кейін комиссия мүшелері нақты шешім қабылдап, олардың шешімдері орталықтағы құзырлы органдарға жіберіліп, тиісті сараптама жасалады», – деген сөзі жайына қалып, жоғарғы жаққа: «Қоғамдық талқылау сәтті өтіп, жергілікті жұрттың басым бөлігінің қолдауына ие болды» деген баянхат жолданса керек. Осы ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандардың зиянды жағын жыр қылып айтуға болады. Бірақ, ол жайында сөз бола қалса, тілімізді тістеп шыға келетінімізді түсінбеймін. Өткен 80-жылдардың басында Торғай өңірінің Аққұм, Айырқұм атты ауылдарында ақбөкен деп атайтын киіктердің топ-топ болып, мыңдап қырылып қалғанын куәгер керек етпейтін көзімізбен көрдік. Сол кезде аудан басшылары: «Бұл радиациядан болған», – деп қанша жерден дабыл қақса да, Мәскеуден, Алматыдан арнайы шақыртылған профессорлар олардың сөздерін бос болжамға балап, киіктердің қырылуына пастеролиоз ауруы себеп болды деп диагноз қойған болатын. Сол диагноз 40 жылға жуық уақыт өтсе де бір өзгермей келеді.

«Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, Атамқұлов мырза да ғарышқа ұшыратын зымырандарды экологиялық таза өнімге балап, оларға шаң жуытпауда. Ол Торғайда болған қоғамдық талқылаудан кейін, 31 телеарнаның жүргізушілеріне осындай сұхбат берген болатын. Осы телеарнаның операторлары сол кездері Ақкөл ауылына (Ахмет Байтұрсынов атамыздың туған ауылы – авт.) арнайы барып, көрген жанның жаны түршігетін түсірілім түсіріп, оны көзі қарақты көрермендерге көрсеткен болатын. Сол көрсетілімді көрген жандардың төбе шаштары тік тұрған-ақ шығар! Бір ауыл тұрғынының сойып жатқан сиырының ішінен екі басты бұзау шығыпты. Бұл табиғи ауытқудың алғашқы белгісі ма деп қаласың. Адамның аузы барып айта бермейтін жаман ауруды айтпағанда, соңғы кезде өмірге келіп жатқан кейбір балалардың Даун синдромымен дүние есігін ашатынын немен түсіндіреміз?! Қай ата-ана: «Баламыз, кемтар болып туды!», – деп кімнен «сүйінші» сұрасын?! Осы табиғи ауытқулар жайлы айтар сөзім соңғы уақытта аузыма сыймайтын болды. Біреулердің айтқанын өтірікке жатқызайын десең, көзбен көрген құбыжық көріністерім сенбесіме қоймай, оңаша ойдың отауына жетелейді…» деп жазды.

МАҚАЛАҒА ТҰЗДЫҚ

Әлеуметтік желінің қуаты мен қарымы жайлы сөз басында айтқан едік. Кез келген пікірің мен сыныңды көзі ашық, көкірегі ояу үкімет мүшесі «сиясы кеппей» жатып оқи алады. Желіге тіркеліп, желдің «қай жақтан» соққанын біліп отыру үшін. Әрине ерік-жігері болса ғана.

Соңғы уақытта ел арасында Парламент депутаттарына қатысты да өткір ойлар, адуынды көзқарастар айтылып қалуда. Бұл да болса демократияға жасалып жатқан қадамдардың жемісі болар деген ойдамыз.

Facebook әлеуметтік желісінде Ерболат Мұхамеджан атты азаматтың «Мәжіліс депутаттары жоқ сияқты» деген жазбасы бүгінгі біздің мақаламыздың тұздығы болмақ. Өйткені Парламент – заң қабылдайтын орган. Олай болса депутаттар халықтың тірегі болып, өзекті дүниелерді халықтың талқысына салып, олармен тілдесіп барып, заңдық тұрғыда шешім қабылдаса – нұр үстіне нұр. Егер депутаттар белсенді және халықтың жанашыры болмаса, олардың креслода шалқайып отырғаны кімге керек!?

«Қоғам тарапынан маңызды мәселелер талқыланып, елдің болашағына алаңдаушылық білдірген кезде біздің мәжіліс депутаттары көп жағдайда сондай бір сыпайы екендерін көрсетіп, үнсіз қалады. Тіпті олар байқамай қалған шығар деп ойласаң, керісінше Сберді қолдаған посттарға лайк басып кетеді. Кейбіреулері бейтарап позицияны ұстанғысы келеді, бірақ ұмытпаңыздар бейтараптық ол болып жатқан ситуациямен келісемін дегенді білдіреді. Жеме-жемге келгенде бейтараптық танытуға дәл сіздердің құқықтарыңыз жоқ деп есептеймін. Сбер туралы әңгіме басталған кезден күн сайын үкіметтің мүшелерін сұрақтың астына алу керек еді. Бірақ олай істеудің орнына, депутаттық орын маңыздырақ сияқты көрінеді. Депутаттыққа Олжас Ордабаев, Болат Башеевтер барғанда біраз өзгерістер болар ма еді.

P.S. Айтпақшы, IT мамандарынан депутат болып барғандар бар ма? Мысалы, сол жерде кезінде IT мәселелері бойынша эфиріме талай қатысқан Тілектес Адамбеков бауырымның депутат болып барғанына іштей қуанғанның бірі едік, дәл осы мәселе бойынша өткір сұрақ көтерген сәтті байқамадым. Ал Ерлан Сайров ағамыз керісінше Сберді қолдап жазған постты қолдайтынын көрсеткен. Эксперт болып жүрген кезінде Ресей бойынша кез келген мәселеде өзінің ашық пікірін білдіретін Айдос Сарым мырзаның да үнсіз отыруы кәдімгідей күмәнді».

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Халықпен санасып жатқан ешкім жоқ. Жердің асты мен үстінің байлығы қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Әйтеуір есепсіз шашылып жатқан бір дүние. Сонау жылы елдің айқай-шуының арқасында Торғайға полигон салу жайлы әңгіме сиырқұйымшақтанып барып басылған. Міне, енді қайта күш ала бастады. Осыдан-ақ халықпен санаспай отырған биліктің құйтырқы әрекетін біле бер! Біз қайда бара жатырмыз, ағайын! Депутаттарымыз да тым дәрменсіз. Бас шұлғи беруге даяр. «Торғайға полигон салуға (Зымырандардан бөлінетін қалдықтарды құлатуға сынақ алаңын салуға) мен қарсымын. Халық жағындамын. Егер заң арқылы бекір болса, қазір мандатымды тастап кетемін», – дейтін біреуі бар ма? Бәрі де күні үшін жүргендей жалтақ. Қазақ аналары атынан айтарым, біз сынақтың неше атасын көрген елміз. Оның зардабын әлі тартып келе жатырмыз. Торғай – киелі мекен. Киелі жердің киесінен билік қорықпаса да, біз қорқамыз. Сондықтан Сенат депутаттары заң жобасын кері қайтарады деген ойдамын».

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК