Тоқаев Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады

Мемлекет басшысы мәдениет майталманын мерейтойымен құттықтап, Әлібек Дінішевтің жарты ғасырға жуық атқарған қызметіне ризашылығын білдірді.

 

Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

– Қазақтың маңдайына біткен ең дарынды тұлғаларымыздың бірісіз. Бәріміз сізді мақтан тұтамыз. Қазақстанда да, шет мемлекеттерде де өзіңізді білмейтін адам жоқ. Әлемдік деңгейде сіздің өнеріңізді бәрі жоғары бағалайды. Педагог ретінде де, қоғамдық жұмыстарда да белсендісіз. Тәуелсіз еліміздің дамуына сіңірген еңбегіңіз орасан. Осы қызметіңізді ескере отырып, Отандық мәдениетті дамыту мен музыка өнерін дәріптеудегі айрықша еңбегіңіз үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды. Мен оны лайықты шешім деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.

 

Әлібек Дінішев Мемлекет басшысына еңбегін бағалап, құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Менің шығармашылығымды бағалап, көрсетіп жатқан құрметіңіз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз айтқандай еліміздің де, шет мемлекеттердің де сахнасында өнер көрсетіп келе жатқаныма 45 жыл болған екен. 70 жас мерейтойыма жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп жатырсыздар. Шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді Әлібек Дінішев.

Тоқаев Әлібек Дінішевті «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады
Фото: Ақорда


akorda.kz