Тиын жұтып түйілмесін балаңыз…

Кеңес Одағы тараған соң тек қағаз ақша қолданып келген Белорусь халқы қайта айналымға енген темір ақшалардан қатты қауіптеніпті. Өйткені олар, ең алдымен, қолына тигенді аузына салатын сәбилер үшін қам жеген. Ал, біздің балалар тиын ғана емес, шеге, түйреуіш, майда ойыншықтар, тіпті, сағат батареяларын да жұтып жүр. Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалды. Аймағымызда жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан адамның ойына келмейтін түрлі заттар алынып жатады. Олардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, есту аппараттары бар. «Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ көз жұмуы мүмкін» деген №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы бұл жағдайдың, әсіресе, 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездесетінін айтты.

Былтыр балалардың тыныс алу жолындағы бөгде заттарды алу жағдайы 30 рет болса, биыл осы уақытқа дейін 27 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу жағдайы 160 рет болса, жылдың алғашқы үш айындағы жағдай 50-ден асыпты. Бұл мұндай оқиғалардың жылдан жылға көбеймесе, азаймай отырғанын көрсетеді. Ал дәрігерлер осының адын алу жолында, ең алдымен, ата-аналарға жауапкершілікті түсіндіргісі келеді. Өйткені, шынында да жарақатты болдырмаудың жолы бар. Жауапкершілік дегеннен шығады, кез келген дәрігер мұндай оқиғалардың дені тек жауапсыздықтан орын алатынын айтады.

Статистикаға сенсек, әрбір үшінші минутта әлем бойынша 20 адам түрлі жарақаттардан қаза табады. Оның 5 пайызы балалар болады. Осының дені қауіпсіздік шарасын орындамағаннан, ережені елемегеннен болады. Балалар ауруханасына ауыр жарақатпен келетіндердің қатары сиреген емес.

«Дәрігер ретінде ата-аналарға балаларды үнемі жіті бақылауда ұстаңыз дегім келеді. Себебі, балалар арасындағы жарақаттан болатын өлім-жітім қан айналым жүйесі мен онкологиялық аурулардан кейін үшінші орында тұр. Кішкентай баланың бірнеше магнит жұтып қойған оқиғасы да болды. Кеше ғана бірнеше инені жұтқан баланы аман алып қалдық. Ойнап жүрген баланың жерде жатқан иненің үстіне құлап, ол басына кіріп кеткен оқиға да кездесті. Қаламсаптың басын жабатын затты бала көзіне кіргізіп алып, ол миына қарай өтіп кеткен оқиға да болды. Енді, баланың бөгде затты жұтып қойғанын қалай білуге болады? Ол баланың әрекеттерінен анық байқалады. Баланың тыныс алуы мен жұтуы қиындап, сілекей әдеттен тыс көп ағады, ерін мен мұрын арасындағы үшбұрыш көгере бастайды. Әр қозғалысы ауыруға алып келеді. Бұл жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Бірден жедел жәрдем шақыру керек. Әр ауруханада балалар анестезиологы, эндоскописі болады» дейді хирург дәрігер Эльбрус Салпагаров. Қуаныштысы сол, мұндай оқыс оқиғаларға тап болған балалардың барлығын дәрігерлер аман алып қалған. Оның айтуынша, кез келген бала көзіне көрінген затты қолмен ұстап, аузына салып көруге құмар болады. Сол себепті ұсақ, жылтырақ заттарды баланың көзіне түспейтін, қолы жетпейтін жерлерге қойған дұрыс. «Әсіресе, еңбектеп жүрген, өсіп келе жатқан балаға өте мұқият болу керек. Өз дене мүшелерін «зерттеп» отырған бүлдіршін қыз бірнеше магнитті қуығына кіргізген жағдай да болды. Әр ата-ана, ата мен апа балаларының, немерелерінің өмірі үшін жауапты. Оларды көзден таса қылмай, қауіпті заттарды тығып ұстау керек. Ата-аналар ұсақ тиындарды әр жерге тастайды да, балалар оны тез тауып алып, жұтып қояды. Өйткені ол ыңғайлы әрі тегіс. Олар көбіне 50 теңгеліктерді жұтады» дейді ол. Сөзіміз тұшымды болуы үшін дәрігер кеңесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Керек кеңес

Біріншіден, бала батарея жұтқан болса, ол асқазанды күйдіреді. Бөгде затардың ішіндегі ең қауіптісі де – осы. Ол химиялық күйік тудырады. Өйткені ол – қышқыл зат. Бала ағзасында тотығып, оның сілтісі өңеш пен асқазанды күйдіріп жібереді. Тіпті, өңешті шірітіп те жібере алады. Ал асқазанды эрозияға ұшыратады.

Екіншіден, магниттер қауіпті. Ол ішектерді жабыстырып тастайды. Қаншалықты кішкентай болса, соншалықты зиян. Кейде магниттің әрқайсысы әр ішекке бөлініп түседі. Бірі – аш ішекке, екіншісі тоқ ішекке түсуі мүмкін. Сосын, магниттер бір-біріне тартылып, ішектерді жабыстырып тастайды. Көрдіңіз бе, қауіп қайдан?

Үшіншіден, біздің қалай болса, солай шашылып жататын тиындарымыз қауіпті. Балалар көбіне 50 теңгеліктерді жұтады. 100 теңгеліктер де кездеседі. Ал 1,5,10,20 теңгеліктердің шегі жоқ. Олар кейде өңештен өтіп, ішекке түседі. Ал кей балалардың өңешін бітеп тастайды. Сосын өңештегі ине, шеге, түйреуіш сынды өткір заттарды алу қиын. Өйткені, олар өңешті тесіп жібереді. Түйреуіш, ине, шеге сынды заттар ащы ішек пен мықын ішекке барып, жүрмей тұрып қалады. Өйткені ол ішектер де тым жіңішке. Мұндай жағдайда балаға тек ота жасауға тура келеді.

Төртіншіден, кәмпиттің қағаздары мен түрлі дәнектер зиян. Мысалы, түрлі тәттілердің қағаздары өкпеге ауа өтетін жолды бөгейді. Бөгде зат өкпеге түсті деп күдіктенсек, бірден бронхоскопия деген құрал арқылы кеңірдек пен өкпені тексеруге жібереміз. Сөйтіп, бөгде затты алып шығып, кеңірдек пен өкпені жуып, тазалаймыз. Егер ол өкпенің ең төменгі бөлігіне барып, тұрып қалса, онда ол баланы тек ота ғана құтқарады. Сондай-ақ, жаңғақтың қабығы, түрлі дәндер де бронхты жауып қалады. Пісте қабықтары да тыныс жолдарын бітейді.

Бесіншіден, балаларға ыдыс жууға арналған сұйықтарды ұстатпау керек. Бізге көбіне, осындай сұйықтықтар мен сірке суын байқамай ішіп қойған, өңешін күйдіріп алған балалар түседі. Ауруханаға жеткізілетін балалардың 80 пайызы – сірке су ішіп койғандар. Бұл сұйықтықтар ауыз қуысы мен өңешті, асқазанды күйдіреді. Бензин, марганец ерітіндісін (марганцовка), аккумуляторлық қышқыл ішіп, өңешін күйдіріп алған балалар да кездеседі. Ал оның зияны өте көп. Күйік асқынып, өңеш тарылып қалған жағдайда, бала тамақ іше алмай қалады. Ал оны кеңейтіп емдеу ұзақ уақытқа жалғасады.

Эльбрус САЛПАГАРОВ,
облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері