Тарихымызға өшпес із қалдырған бұл жылдардың көрінісін өткенімізге салауат, бүгінімізге қанағат ету үшін жадымыздан шығармауға тиіспіз!

Мың өліп мың тірілген халқым адамзат көрмеген, зұлмат зобалаңын бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессия, ашөзек қуғын-сүргін, Алаш арыстарын қынадай қырды. Халқымыздың өсімі мен өркен жаюын тежеді, ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін басып-жаншыды. Ұлт қаймақтары өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталды, жазықсыз атылды. Солақай саясат сойқаны, сұм заман қасіреті қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы қаралы таңбадай ел мен ұрпақ жадынан еш өшпек емес.
Елбасының 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр күні – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланған болатын.
Сол құрбандардың арасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақ халқының бетке ұстар перзенттері, интелегенция өкілдері мен алаштың арыстары құрбан болды.
Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында миллиондаған кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. 1936-1938 жылдары Республика бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген.
Сонымен қатар, біз бұл күні 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тек Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық миллиондаған жанның өмірін жалмады. Қазақ ұлтына жасалған геноцид екенін ашық мойындатқан жоқпыз. Саяси баға бермедік. Сол коммунистердің мұрагерлері қазақ халқынан әлем алдында кешірім сұраған жоқ.

ЕЛ АМАН, ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН, ОЛ ЗАМАНДА БОЛАРЫ СӨЗСІЗ!
Ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз бен Көк Туымыздың желбірегені ел үшін тәуекелге басын тіккен ата-бабаларымыздың еңбегінің жемісі мен нәтижесі. Осы азаттықты армандап, Қазақстанның бүгінгідей ел болып қалыптасуына үлес қосқан, тәуелсіздікті аңсаған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтарының азаматтық парызы!
Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу арқылы біз тарихты өскелең ұрпаққа дәріптейміз.
Ұлтқа қызмет етіп, басын бәйгеге тіккен боздақтарды қастерлеп, олардың жүрген жолын болашаққа аманат етіп жеткізу – басты парызымыз. Тарихтан тәлім алып, жаңа заманға нық қадам басқан тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын, бірлігі бекем болсын!
Тарихымызға өшпес із қалдырған бұл жылдардың көрінісін өткенімізге салауат, бүгінімізге қанағат ету үшін жадымыздан шығармауға тиіспіз!
Бірлігі мен берекесі жарасқан Тәуелсіз Қазақстанның болашағы баянды, келешегі кемелді болсын!
Бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!

Осы орайда Мәжіліс депутаты Берік Әбліғалирвтың әлеуметтік желідегі мына жазбасын қоюды жөн көрдік.

 

Әлемнің қай елін, қай ұлтын алып қарасаңыз да, олардың басын біріктіретін қуаныш пен қайғы-қасірет. Қуанышта ел боп қуану, қайғыда халық болып қайғыру. Бізді не қуантады? Тәуелсіздік мерекесі ме? Өкінішке орай олай емес. Наурызда аздап бірлесіп, қуаныштың, мерекенің, ынтымақтың көріністері байқалады. Ресейде қуану үшін не істеді? 9 мамырды ел болып тойлап, қуанышқа айналдырды. «Бессмертный полкты» ойлап тауып, соны қуаныштың негізі қылды. Бұл бүкіл Ресейді біріктіріп, халықтың, ұлттың қуанышын асыруға негіз болады. Ал бізде ұлттық қуанышқа айналатын ештеңе жоқ. Ол бізге қажет. Тәуелсіздік күнін тойламайтын, ал бірінші мамыр, 9 мамыр күндерін мереке емес дейтіндер аз емес. Наурыз бен жаңа жылды ғана мереке деп тойлайтындар бар.
Қайғыда да сондай. Әрине, Құдай сақтасын, жамандық шақырудан аулақпын, бірақ ұлт боп қайғыратындай небір қасіреттерді бастан өткерсек те, соны түсіне алмай жүрміз. Мысалы еврейлер «Холокост» деп бір күні бір сәтте әлемдегі барлық еврей тоқтап, қаралы күнді атап өтеді. Бізде ондай да күн жоқ. 16 желтоқсанда Желтоқсан құрбандарын еске алмай, ал 31 мамырды тек жиындармен өткіземіз. Енді өзің ойлап көр, не қуанышта біріге алмаймыз, не қайғыда біріге алмаймыз, сонда біздің айтып жүргеніміз қандай бірлік?!
Ал әлемдік тарихта, мемлекет құрушы ұлттардың бірлік саясатында сондай күндер бар. Ұлтты біріктіретін бір күн болуы керек, бір оқиға болу керек. Сол себепті де 31 мамыр тек қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні емес, ашаршылық құрбандары мен қаралы күн болып, еске алу күні ретінде жариялануы керектігін қолдаймын. Сол күні Қазақ даласындағы мемлекеттік Тудың бәрі төмен түсіріліп, той-томалақтың бәрі тоқтауы керек. Белгілі бір уақытта әлемдегі бар қазақ бір сәт үнсіздік жасап, келген жерінде тоқтап, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан құрбан болған жандарға тағзым жасауы керек.

 

Дигарбеков Жандаулет