Тарихи интерактивті карта құрастырылуда

Алматы қаласындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстан халқы» тарихи интерактивті картасын әзірлеуде. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Кеше облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде «Ұлы даланың біртуар тұлғалары және мемлекеттігіміздің мыңжылдық дәстүрлері» атты дөңгелек үстел өтті. Онда аталмыш институт өкілдері карта жобасын павлодарлықтарға таныстырды.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдиновтың сөзінше, аталған тарихи карта бірнеше бөлімнен тұрады. Онда қазақ халқының ең көне тарихи орындары мен жүзге жуық ұлы тұлғалары туралы материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады. Тарихи картаны үш тілде құрастыруымыздың мақсаты – қазақ тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытқан шетелдік зерттеушілер үшін қолжетімді ету. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында берілген тапсырмасын іске асыру барысында жасалуда.

— «Қазақстан халқы» интерактивті картасы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инстиутының ресми сайтында орналастырылады. Яғни, интернет жүйесін қолданатын кез-келген адам ашып қарап, қажетті тарихи мәліметтерін ала алады. Жалпы, Ертіс-Баян өңірі тарихи тұрғыда ең құнарлы мекен. Мұнда өз есімдерін алтын әріппен қашап жазып, руханиятқа үлкен үлес қосқан тұлғалар баршылық. Міне, осы картаға павлодарлықтар қандай жерлестерін ұсынар екен және нендей ұсыныс айтар екен? Осы мәселені талқылау үшін келіп отырмыз. Сонымен қатар, осы күнге дейін зерттелмей жатқан кейбір тұлғаларды таныту үшін бірігіп жұмыс істеуді ұсынамыз, — деді Зиябек Ермұханұлы.

Институт өкілдері қолға алған жобалардың бірі – Қазақстанның тарихи энциклопедиясы. Директордың сөзінше, мұндай құнды кітап біздің елде бұрын-соңды жарық көрмеген. Биялғы жылдың сәуір айында алфавиттің «А» әрпінен «Ж» әрпіне дефінгі аралықты қамтыған бірінші томы жарыққа шыққан. Қазір екінші және үшінші томы әзірленуде. Дөңгелек үстел барысында сол тарихи энциклопедияға Ертіс-Баян жерінен енгізілуге лайықты тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғалар туралы ұсыныстар айтылды.

Шара барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Айман Зейнуллина сөз сөйлеп, Ертіс-Баян өңірінің тарихын аталмыш тарихи институтпен бірігіп кешенді түрде зерттеу қажет деген ұсыныс айтты.

—  Бүгін тамаша жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Яғни, «Қазақстан халқы» интерактивті картасын құрастыру және тарихи энциклопедия әзірлеу – ұлт тарихы үшін үлкен жетістік. Енді осы энциклопедиялық жинаққа біздің өңірден Қазанғап би, Сәбит Дөнентаев сынды қазір көп аталмай жүрген тұлғалар есімін енгізу қажет. Бұған дайындалатын материалдар сол тұлғалардың өздерінің қолымен жазылған тарихи мәлемет негізінде әзірленуі керек. Бұдан бөлек кезінде біздің өңірге басқа елдерден жер аударылып келген азаматтардың қазақтар туралы естеліктері де енгізілсе нұр үстіне нұр, — деді ол.

Сонымен қатар, жергілікті ғалымдар  Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екендіктерін жеткізді. Яғни, енді әзірленетін маңызды тарихи еңбектердің авторлық ұжымына біздің өңірдің де ғалымдарын енгізу және жергілікті жас тарихшыларға сол институттан магистрлік грант бөлу мәселелері ұсынылды.

Тілеуберді САХАБА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *