Таразда ойын алаңшасы бой көтерді

Көне шаһарымыз күн санап көркейіп келеді. Оған облыс орталығында салынып жатқан сан түрлі бағыттағы сәулеті келіскен нысандар септігін тигізуде. Бұл іске сүйікті қаласына сый жасап, көркіне көрік қосып жатқан кәсіпкерлердің де үлесі аз емес.

Осындай атымтай жомарт кәсіпкердің демеушілігімен бой көтерген нысанның бірі бүгін пайдалануға берілді. Атап айтсақ, бүгін Абай даңғылы №123 мекенжайында бой көтерген балалар мен ересектерге арналған демалыс және ойын алаңшасының ашылуына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, «Таразстрой-2004» ЖШС директорының орынбасары Мәди Изенбаев пен облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов қатысты.

Салтанатты шарада Оңласын Қарабайұлы тарихы терең Тараздың жыл өткен сайын жасара түсуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, заманауи талапқа сай алаңшаны сыйға тартқан «Таразстрой-2004» серіктестігіне алғысын жеткізді.Бұдан кейін сөз алған шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков балалар бар жақсылыққа лайық екенін айтып, сүйікті қаламызға сый жасаған кәсіпкердің ілкімді ісін көпке үлгі етті.

– Өздеріңіз куә болып отырғандай, «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балаларымызға арнап спорттық және ойын алаңшасын тарту етіп отыр. Бұл біздің сүйікті қаламызға үлкен сый болды. Қала әкімдігінің ұсынысына қолдау білдіріп, алғашқы болып іске кіріскен «Таразстрой-2004» компаниясына үлкен алғысымды айтамын. Осы орайда қаладағы бизнес өкілдерін, атымтай жомарт жандарды сүйікті қаламызға сый жасауға шақырамын. Қаламыздың көркейіп, дамуы тікелей Сіз бен бізге байланысты. Сол себепті көне шаһар-Таразды одан әрі көркейте берейік! – деді Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде.

Келесі кезекте «Таразстрой-2004» ЖШС басшысының орынбасары Мәди Изенбаев бүлдіршіндерге шаттық сыйлағанына қуанышты екенін жеткізді.

– Мәңгі жасыл Тараз шаһарымызды шын жүрегімізбен жақсы көреміз, шаһардың жаңара түскенін қалаймыз. Осы орайда әкімдік тарапынан түскен ұсынысты үлкен құлшыныспен, шын ықыласпен қуана қабыл алдық. Жалпы алаңның құрылысына компания есебінен 23 миллион теңге жұмсалды. Осы ретте облыс орталығының көркеюіне қосқан үлесіміз мұнымен бітпейтінін, алдағы уақытта да жаңашыл жобаларға атсалысатынымызды жеткізгім келеді, – деді компанияның өкілі.

Су жаңа алаңшада балаларға арналған спорттық және ойын құрылыстары, шағын аттракциондар, карусельдер, әткеншектер және тағы да басқа керекті жабдықтармен орнатылған. Сонымен қатар алаң аумағы толықтай балаларды жарақаттан сақтайтын арнайы жұмсақ материал төселген.