Таразда ерекше нөмір таққан көлік жол ережесін өрескел бұзды

Таразда екі жол талғамайтын көлік жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған сәт видеоға түсіп қалды. Олардың біреуінің мемлекеттік нөмерінде KNB әріптері бар.
Оқиға биыл ақпанның аяғында DavMir сауда орталығына қарама-қарсы жолда болған. Жүргізушілердің дөрекі әрекеті басқа көлік камерасына түсіп қалған, оның иесі редакцияның WhatsApp-нөміріне видеоны жолдады. Ер адам 28 ақпанда кешкі сағат 18:00 шамасында Тәуке хан көшесімен шығыс бағытта кетіп бара жатқан.
«Бауыржан Момышұлы көшесінен өтер алдында жасыл бағдаршам жыпылықтай бастады. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес мен және басқалар қиылыс алдында жылдамдықты азайта бастадық. Алайда қара түсті Lexus LX 570 және ақ Toyota Land Cruiser 200 жүргізушілері бұған назар аудармады. Олар бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетті», — деп жазады автор.
Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін Жамбыл облысының Полиция департаментіне жүгінді. Сәлден соң департаменттің баспасөз қызметі тәртіпбұзушыларды іздеуге кіріскенін хабарлады.
«Дерек бойынша Жамбыл облысының Полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Тиісті шаралар қолданылады», — деді ПД өкілдері.

Tengrinews.kz