Судың да сұрауы бар

Мұхаммед пайғамбар миғражда жүргенде таразы мизамды көреді. Онда періштелер бір момынды сынаққа алып жатыр екен. Момынның сауап ісі көп болса керек, таразысы едәуір басым түседі. Оның жүзі бұлбұл жанып, пейішке анық кірем ғой деп ойлайды. Кенет толқынын тулатып су келеді. Ол таразының екінші басына жайғасады. Басымдық енді мына жағына ауысады. Момын шошып кетіп:
— Уа, Тәңірім, бұл қалай болды? – деп жаны қалмайды.
Сонда құдайдан әуез келіп:
— Ей, құлым, бұл өзіңнің дүниеде ысырап еткен суың. Судың да сұрауы бар, — деп жауап береді.
Пайғамбар миғраждан келген соң, ел-жұртын жинап, суды ысырап етпеу, таза ұстау туралы насихат айтыпты.