Соғды жазуы бар қыш құмыра

VI-VII ғасырлардағы Түркі қағанатының құрамына кіретін орталық және Орта Азияның түркітілдес тайпалары, сондай-ақ Хазар мемлекетін құрған Төменгі Еділ, Подонья және Солтүстік Кавказдың батыс-түркі тайпалары өздерінің жазбаларын пайдаланды.

Түркітілдес тайпалар арасында кең тараған жазудың бірі – соғды жазуы. Талас бойына иелік еткен Батыс Түрік қағанаты, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының халқы арасында да соғдылық жазу пайдаланғандығына Тараз қалашығынан табылған хумдар дәлел бола алады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған 1960 жылы табылған соғды жазуы бар хумның бүйірінде «Присвитер Ильтаг» мәтіні оқылған, сыйымдылығы 100 литр, шарап сақтауға арналған.

Төменгі бөлігінде кішкене ойығы (тесік) бар, бұл ішіндегі шараптың дайын немесе дайын болмағандығын қақпағын ашпай-ақ білу үшін жасалған. Яғни, Ильтаг христиан қоғамындағы пірадардың есімі болғанын ескерсек, Жетісу өңірінде шарап өндірісі христиан қоғамының қолында болғанын айғақтайды. Өйткені шарап христиандардың діни салт жоралғыларында, өмірінде маңызды орынға ие болды. «Мұндай хумдарды көлеміне қарай жерді қазып орналастыратын болған. Қазіргі тілмен айтқанда, хумдар тоңазытқыш қызметін атқарған», – дейді аталған музей директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті