Шығармаға шырай берген Шлыков

Менің қолыма ертеректе облыстық «Еңбек туы» газетінде ( қазіргі «Ақ жол») жұмыс істеген Мұхамедсафа Әбдұллаұлы Шлыков деген жазушының «Шырайлым» атты кітабы түсті. Кітапты жауапты хатшыға тапсырып кетіп жүрген кісі жазушы-драматург Елен Әлімжан. Егер Елен Әлімжан сияқты жазушының назарын аударған болса, бұл еңбектің құнды болғаны деп, оқуға кірісіп кеттім. Екі повесть және бірнеше әңгімесін бас алмай оқыдым. Шығарма алғашқы сөйлемінен-ақ тартып әкетті. Сол жағдайға таңдандым. Бұл әрине, Шлыковтың шеберлігі.

Мәселен, «Шырайлым» повесі «Есіл-дертім арғы жақтағы қызылшырайлы қызда, сестиіп қатып қалыппын. Биік ағаш сөре үстінде орнатылған шыны қалқанның қол сыяр тесігіне ұмтылар адамдар оңды-солды итерсе де орнымнан қозғалар емеспін» деп басталады. Мұндай шығарманы әрі қарай не болады екен деп қызығып оқисың ғой. Әрі сол қызылшырайлы қызға деген шынайы сезімі суреттеледі.

Кейіпкер өзінің ұяңдығынан қызға деген сезімін көп уақытқа дейін айта алмай сарсаңға түседі. Осы кезде ортаға жеңілтек қыздар да араласып, жап-жақсы басталып келе жатқан махаббатты бұзғылары келеді. Бірақ бас кейіпкердің махаббаты биік, берік күйінде қалады. Тіпті анасы «басқа қызға болса да үйлен, мен қартайдым, денсаулығым нашарлап барады» десе де, өз сүйгенін күтіп, ұзақ уақыт жүріп қалады. Қызылшырайлы қыз Самал бұл жігіттің жанының тазалығын, өзіне деген құрметін бағалап, кездесіп жүреді. Жылы сөзін арнайды. Бірақ жеме-жемге келгенде өмірлік жар ретінде басқа азаматты таңдайды.

Дегенмен, жазушы арада ширек ғасыр өтсе де, бас кейіпкердің өз махаббатын ұмытпағанын, іздеп барғанын суреттейді. Бұл шығарманы оқи отырып, махаббат деген ұлы қасиеттің алдында еріксіз бас иесің.

«Үміт жетегінде» атты повесінің айтары мүлдем бөлек. Онда Қалдыгүл атты қыздың арпалысқа толы тағдыры суреттеледі. Тұрмысқа уақтылы шыға алмай қалған ол қалай болғанда да жанына серік іздеп аласұрады. Жазушы осы шығармасы арқылы адам табиғи жаратылысынан, табиғи қажеттілігінен қашып құтыла алмайтынын аңғартады. Шығарманың кейбір тұсынан үзінді келтіре кетсек, мүмкін айтып отырған ойымыз оқырманға түсініктірек бола ма деймін.

Мәселен, повестегі «…Иә, Мәулен Қалдыгүлге анда -санда соғады. Онда да алдын ала уәде байласады. Қалдыгүл де әйел затының еншісіне тиген істермен әбігерлене қызғанышты күдіктерін қуанышқа жеңдіріп, оны шыдамсыздана күтеді. Егер кешіксе ойы әр саққа жүгіреді…» дейді. Сөйткен Мәулені тұрлаусыз болып, мұны жәй ғана үміттендірумен болады. Мұны басқа әйелден туған баласымен бірге аядай бір бөлмелі үйге тұруға көндірмекші болады. Аяғында баласымен бөлек кетіп, мұнымен ара қатынасты мүлдем үзеді.

Жазушы бұл туралы толғана келіп, шығармасын: «Қалдыгүл үй ішіндегі мүліктерін бұрынғыша, Мәуленге дейінгі қалыпқа келтіріп жинады. Мәулен жастанатын жастықты да пайдаланылмайтын төсектер шкафына тықты. Мәулен сыйлаған терезе еңбегіндегі гүлді тұғырымен итеріп жіберіп күл талқанын шығарды да,оның сынықтарын жиыстырып сыртқа лақтырды.

Иә, мұндай қимылдар құлазыған көңілді тыншыта ала ма? Өткеннің өкініштерін еске түсірер ұсақ-түйектер көзден таса болсын дегендік қой…» деп аяқтайды. Осылай жазуы арқылы оқырманын тартады, сендіреді. Шынайы шығарма тудырады. Жазушының «Көңіл», «Айнаш», «Арпалыс» атты әңгімелері де шым-шытырық, сан алуан оқиға, штрихтарға толы. Адам өмірінің сан алуан сәттерін шебер суреттейді.

Жазушы жайлы белгілі қаламгер, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан осы кітаптағы «Абырой-беделі биік еді» атты шағын естелігінде: «Еңбек туы» газетіне 1970 жылы шілде айының соңында келдім. Сонда материал қарап отырып, М.Шлыков дегеннің мақаласына көзім түсті. Бұл кім екен деп ойладым да қойдым. Бір-екі күннен соң Шлыковтың өзі келді.

Екі айдан кейін өнеркәсіп бөліміне ауыстым. Мұхамедсафа сол бөлімде жұмыс істейді екен. Сыйластық, араластық. Байқағаным құрылыс, өнеркәсіп, сауда саласын өзгелерден жақсы біледі екен. Кез келген басшымен батыл, еркін сөйлеседі. «Осы басшылардың тілін қалай табасың?» деп қалжыңдап сұрайтынмын.

Сонда: «Жұмс ақсың, батыл сөйлесу керек» деп айтатын. Содан соң ол теміржол саласының бүкілодақтық «Гудок» газетінің тілшісі болды. Жамбыл теміржол бөлімшесі арқылы өз абырой беделінің арқасында баспана алды. Редакциядан баспана сұрамай, басқа саланың басшыларымен тіл табысты. Мұхамедсафа екінің бірінің қолынан келмейтін қызметтің құлағынан ұстады. ОБСС-тың штаттан тыс тілшісі болды. Сол беделінің арқасында редакцияға қажетті дүниелерді тауып беретін. Шаңырағында бір рет дәмдес болдық. Кейде жеті-сегізіміз жиналып, бір- біріміздің үйімізді аралайтынбыз. Әйтеуір, Мұхамедсафамен жақсы сыйластық» деп жазыпты.

Біз де мақаламызды осы естелікпен түйіндегенді жөн көрдік. «Шырайлым» кітабы осыдан қырық жыл бұрын жарық көрген екен. Жақында қайта басылып шыққан. Қырық жыл құнын жоймаған шығармалардың қай кезде де қалың оқырманның олжасына айнала беретініне күдігіміз жоқ. Жазушы Мұхамедсафа Шлыковтың бақыты да осы болар.

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол