ШАРШЫ АЛАҢДА ТОП ЖАРҒАНДАР!

Табиғаттың қайта оянар шағы, көктемнің алғашқы айымен келетін Әз Наурыз мерекесін халқымыз жақсылықтың жаршысына балайды. Күні кеше ғана Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатынан үш бірдей жерлесіміз жүлдемен оралған еді. Еліміздің еңсесін биіктеткен абыройлы жеңіс біздің ауданымыздың да мерейін тасытты.

 

Аудан әкімі Сәкен Арубаев төлебилік қола медаль иегері Мадияр Бексұлтановты қабылдағаннан кейін араға бір күн салып, қос батыр қызымыз белбасарлық алтын медаль иегері Бақыт Сейдіш пен күміс медаль иегері атанған Ақсу ауылынан Нұрсұлу Сүйінәліні қабылдады. Шетел асып, шаршы алаңды бағындырған батыр қыздарымызды жылы жүзбен қарсы алған Сәкен Қаланұлы қос бұрымдымызды биылғы туғанына 100 жыл толып отырған Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловалардай жаужүрек батыр апаларының рухы қолдасын деген тілегін білдірді. Кездесуге Бақыт Сейдіштің ата-анасы Самат Сүндетбаев пен Алмагүл Рысалдиева да арнайы келіп, өз кезегінде жүрекжарды сөздерін айтып, тілектес жандарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

 


Салтанатты қабылдауда аудан басшысы бүгінгі күннің батырларына Алғыс хат пен сыйлықтарын табыстап, естелікке суретке түсті.