«Серпін-2050» − берері мол бағдарлама  

 

«Серпін-2050» − кең ауқымды әлеуметтік жоба. Жастарды қолдауға арналған жоба біраз жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келеді. Әлеуметтік жоба биыл да жалғасын табуда. Ағымдағы жылы «Серпінмен» оқуға түсуге ниетті талапкерлерге 5 109 грант бөлінген екен. Атап айтқанда, педагогика бағытына – 1279, техникалық мамандықтарға – 1500, ауыл шаруашылығы бағытына – 330, ал инженерлік, өңдеу, құрылысшы мамандықтарына 2000 грант берілген. Грант иеленген студент шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып қайту жолақысымен және жатақханамен, жұмыс орнымен, аталған жеңілдіктерге қосымша 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі, — деп хабарлайды «Elana»  ақпарат агенттігі.

Жобаға қатысушы өңірдің өкілдерінің үгіт-насихат және құжат қабылдау жұмыстарын жүргізу үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Жамбыл политехникалық колледжінен арнайы кабинеттер бөлінген. Онда еліміздің өзге өңірлеріндегі оқу ордаларының өкілдері талапкерлерді қабылдап, сұрақтарына жауап беруде.

– «Серпін» бағдарламасы бойынша 2014 жылы біздің оқу орнына түскен балалар биыл тәмамдап жатыр. Бірі біздің өлкеге тұрақтап қалмақ мақсатында жұмысын ыңғайлап жатса, бірі оқуын жалғастыру үшін магистратураға құжаттарын тапсырып жатыр. Біздің институтқа биыл 60 жыл толып отыр. 16 мамандық бар. Оның 11-і бойынша «Серпін» бағдарламасымен оқуға мүмкіндік қарастырылған. Студенттерге бізде қолайлы жағдай жасалған. Материалдық база жылда өзгеріп, жаңартылады. Биылдан бастап жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Соның бірі қашықтықтан оқыту. Яғни үйінде отырып онлайн түрінде оқуға болады. Біздің Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік комбинаты өте үлкен өндірістік бірлестік. Бізден оқып бітірген балалар сонда жұмыс істей алады– дейді өзі қызмет ететін білім ордасын таныстыра келген Рудный индустриалды институты «Энергетика, жылу энергетикасы» факультетінің меңгерушісі Зәуре Хабибуллина.

Жалпы, әулиеаталық өрендердің бағдарламаға қатысуға талаптары зор. Мәселен, қазіргі таңдағы есеп бойынша өзге өңірде оқуға 567 жамбылдық жас құжат тапсырып үлгерген екен. Грантқа ілінгендерің тізімі осы айда нақты белгілі болмақ.

Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың барып-қайту жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін жатахқанамен қамтамасыз етіледі.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы