Сен бәрінен де сұлусың анашым

Балабақшадан хабарласты. Қызыңызға ертерек келіңіз деді.
— Не боп қалды? — деймін, түк түсінбей. — Никаға бірдеңе болды ма?
— Жоқ, Никаның жағдайы жақсы. Сізбен сөйлесуіміз қажет. — Тәрбиешінің дауысы қатқыл шықты.
Содан кейін жұмыста отыра алмадым. Мазам кетті. Бәрін тастадым да балабақшаға асықтым. Барсам, тәрбиеші маған бір түрлі суық қарайды. Бірден психологқа жұмсады. Психолог күрсінді. Маған қызымның салған суретін берді.
— Тест өткізіп едік. Бала отбасын салуы тиіс болған. Бәрі бірге тұратын адамдарын салды. Мынау сіздің қызыңыздың суреті.
Суретке қарадым. Сурет деген аты ғана, әрине. Бір қияр, екі сызық — қолы, екі сызық — аяғы. Қызым әлі суретті қатырмайтынын ұқтым. Есесіне әріп таниды. Әке, әже, мен деп суреттерінің астына жазып қойыпты. Болды.
— Түсініп тұрмысыз? — деп сұрады психолог. — Қызыңыздың өмірінде сіз жоқсыз. Мүлде жоқсыз. Сіз жалпы қызыңыздың өміріне атсалысып, араласасыз ба? Қызыңыздың өмірінде әкесі мен әжесі ғана рөл ойнайды екен. Қызға ана қажет! Әрі-беріден соң сіз басқа қалада тұрмайсыз ғой.
Осы тектес ақыл-кеңес естідім. Балаға деген пейілімді өзгертуді талап етті. Балабақшадан шықтық. Үйге бара жатырмыз. Никаның аузы жабылмайды. Бар қызығын айтты. Ал, менің жүрегім орнында емес. Не болды екен? Қызым дүниеге келгелі екеуміз бір күнге де ажыраған емеспіз. Құдайдан сұрап алған қызым. Оны қатты жақсы көрем. Бірге кітап оқимыз. Итті серуендетеміз. Үйде де бар тірлікте қасымда. Жинасақ та, шашсақ та – біргеміз. Қызым мейірімді. Сүйкімді. Сонда не болды екен? Шыдамай сұрадым.
— Никyш, — деймін сабыр сақтағансып. — Бүгін Окcaна Baлepьeвнамен бірге сурет салыпсыңдар ғой.
— Иә, — деп басын изеді ол.
— Суретке әкең мен әжеңді салыпсың да, мені ұмытып кетіпсің ғой.
— Анашым, сен сондай сұлусың! — дейді Ника. — Ал мен әлі сұлу қыздарды салып үйренбедім!
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда