Сарысудағы түзету кабинеті 108 ерекше оқытуды қажет ететін балаларға көмек көрсетуде

Сарысу ауданының әкімі Марат Қырғызәліұлы аудандық білім бөлімінің жанынан ашылған педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің жұмыстарын пысықтау үшін жауапты мамандармен жиын өткізді.

Жалпы түзету кабинеті ауданда 2006 жылдан бері жұмыс істеп, 100 орынға арналып ашылған. Оқу кабинеттер саны – 8, оның ішінде, психолог кабинеті –2, логопед кабинеті –2, дефектолог кабинеті –2, кабинет ЕДШ (емдік дене шынықтыру) нұсқаушысы –1, әлеуметтік педагог кабинеті –1. Соңғы жылдары балалар санында өсім байқалады.

Мәселен, 2021 жылы-122 бала болса, 2022 жылы — 161 бала мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша арнайы мамандар көмегіне жүгінді. Жолдамаға сәйкес балалар саны өзгеріп тұрады.

Қазіргі таңда түзету кабинеті 108 ерекше оқытуды қажет ететін балаларға көмек көрсетуде. Оның ішінде, қаладан–86, ауылдық елді мекендерден–22 бала.

Аудан әкімі педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттерінің жұмыстарын зерделей отырып, бала санының көптігін, қажетті қызмет көрсететін кабинеттерді көбейту, ата-аналарға арналған күту бөлмесінің жоқтығын назарға алып, заманауи талаптарға сай, кабинеттері кең әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беру үшін нақты тапсырмалар берді.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі