СӨЗГЕ ТҰРАР КІМІҢ БАР?……

Қазақ халқы үшін, қай заманда болсын: “Жер мен жесір дауы” аса маңызды болған. Себебі жер нәпәқасын тауып жейтін, отбасын асырайтын, ризығын айыратын жаны.

Ал жесір дауы сүйекке таңба салатын ары. “Малым жанымның, жаным арымның садақасы”- деген қазақ жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпау үшін отбасын сақтауға қатты көңіл бөлген.

“Ажырасу”- деген атымен болмаған заманда, олардың сөзге тоқтайтын, әулетінің бірлігін сақтайтын алтын қазықтай азаматтары болған.

Отанның іргесін отбасының жиынтығы құрайды. Қолыңдағы бір уыс шыбықтың мықтылығы оның санында емес, тұтастығында. Ажырасқан әрбір отбасы, сынған шыбық. Әрбір шыбық сынған сайын қолыңдағы тұтас уыстың мықтылығы жойылады.

Қауіп осыда. Ажырасу алғашында сол жанұяның мәселесі ғана болса, кейін мемлекеттің проблемасына айналғанын көзіміз көріп отыр.

Сондықтан үкімет ойран болған отбасының мәселесінен бұрын, жаңадан қосылған жанұяның тұтастығын сақтауға жанын салып кірісу керек. Көре білген адамға отбасын сақтаудың бір ұшы біздің дәстүрімізде жатқан сияқты.

Қызы бойжеткен, ұлдары ержеткен біздің замандастарымыздың бүгінгі басты арманы жақсы жермен құда болу. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып бақытты өмір сүріп, баянды ғұмыр кешу. Текті ұрпақ өрбіту. Дұрыс делік.

Онда кетем деген қызыңа, келіншек әкелем деген ұлыңа алдымен мына сұрақты қойыңыз.

“Сен күйеуге ұзатылатын немесе қызын алатын отбасының немесе әулеттің сөзге тұратын, сөзге тоқтайтын кімі бар. Сол отбасы немесе әулет кімнің аузына қарап отыр, оларға кімнің айтқаны заң. Текті атасының ба? Асыл әкесінің бе? Әлде айбынды ағасының ба?

Ащысымен тұщысы қатар жүретін мына жалғанда түрлі жағдайлар болады. Әлде қандай жағдай болса мен кімге барам. Сенің арыңа араша түсетін, сенің жанұяңа жанашыр болатын сол әулеттің азулы адамын көрсетші маған.

Егер ондай адам шықпаса ол жерге қыз беріп те, келін алып та береке таппайсың. Кеше бесіктен белі шықпаған баласына атастырып, бесік құда болған қазақ, баласына қарап емес, алдымен сөзге тұратын атасына қарап қызын беріп, қызын алған сиықты.

Өткенде бір танысымыздың қызы алты баласымен қайтіп келді. Дүние талас. Алты баладан обал ғой, жастарды жарастырмайсыз ба десек.

“Ойбуй бауырым әулетінде сөзге тоқтайтын адам болмай тұрғой. Өңкей бөрінің көтіндей шулаған қатын-қалаш. Олар жарастыруға емес, сыныққа сылтау тауып ажырастыруға бар боп тұр ғой.

Бұрын сөзге тоқтайтын ақсақалы бар еді. Көзі кеткесін оның да, орнын сипап қалдық. Кімге барарымызды, арызымызды кімге айтарымызды білмей далмыз қарағым”- деп күрсінді танысымыз.

“Адам іздеп жүрмін”-демекші. Шынында қарап отырсаңыз, біздің әулие қазақ алатын келінімен, қызының баратын жерінен, екі жақа алтын көпір болатындай, алдымен алтын қазық
адамын таңдаған. Дәстүрдің бүгінде тозығы болғанымен, жалғастырар озығы да осы болып тұр ағайын. Сіз не айтасыз?……

МАҚСАТ СҚАҚОВ.