Рамазан

Бөленіп шексіз, шетсіз сауаптарға,

Тілейміз дұға-тілек әр ақ таңда!

Бұл айға жеткен де бар, жетпеген де,

Сондықтан тәубә-тәубә, Жаратқанға!

 

Бұл айда құлшылық ет, қарап қалма,

Сол үшін пенделерін жаратты Алла!

Бұл айда кісенделіп жын-шайтандар,

Бұл айдың іші толы ғажаптарға!

 

Бұл айда құран түскен ардақтауға,

Ғайбат-өсек,  болмайды арды аттауға!

Мың айдан да қайырлы, сыры терең,

Бұл айға Қадір түнін таңдапты Алла!

 

Бұл айда ізгіліктен жырақтама,

Кешір бәрін, кешірсең, сыр ақтар ма!

Алла үшін жомараттық танытқанға,

Алла да жолын ашар сынақтарда!

 

Пайғамбардай мәрт болғын, талаптан да,

Талаптыға нұр жауар әр ақ таңда!

Тіл  тиылып, өр мінез кішірмесе,

Аш жүргенің қажет пе, Жаратқанға!

 

Қажет емес аштығың, Жаратқанға,

Нәпсіңді жең, нәпсіңді, қарап қалма!

Садақаны жоқ-жітік, кембағалға,

Сансыз сауап жазылар, таратқанға!

 

Сансыз жауап жазылар жомарт жанға,

(Не жетеді санаңды жаңартқанға!).

Ораза бұл – құлшылық сыры бөлек,

Сауабын Алла берер сондықтанда!

Нағашыбай Қабылбек